Прокурор соттан белсенді Санжар Боқаевты 12 жылға қамауды сұрады

Санжар Боқаев

Алматының Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде бейсенбі күні тараптардың жарыссөзі басталды. Бұл туралы Vlast.kz басылымы хабарлады.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Боқаевты 12 жылға бостандығынан айыруды, оның туысы Мадияр Қалменовті жеті жылға қамауды сұраған. Ал қазан айында сот отырысында "Алматыдағы гранит тастарды ұрлауға көмектестім" кінәсін мойындағаннан кейін тергеу абақтысынан үйқамаққа шығарылған мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығы екі жарым жылға шектелсін деген прокурор.

Бұған дейін, 23 қарашада Боқаевтың адвокаттары сотқа сенімсіздік білдіру туралы өтінішін судья кезекті рет қанағаттандырмай тастағаннан кейін сот отырысына қатысудан бас тартып, залдан шығып кеткен еді. Боқаевтың өзі судьяны істен шеттету туралы өтінішті қабылдауды талап етті. Адвокаттардың бұл әрекетін сотты сыйламау деп бағалаған судья жеке қаулы шығарған. Кейін адвокаттар сот залына қайтып оралды.

Биылғы көктемнен бері қамауда отырған Санжар Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша алаяқтық, ақша жымқыру, ұрлық, жалған ақпарат тарату айыптары тағылған.тағылған.

  • Сот процесі 16 қазанда басталған. Белсенді тағылған айыптарды мойындамайды. Жақтастары оған қарсы іс ойдан құрастырылған деп санайды және мұны оның саяси белсенділігімен байланыстырады.
  • Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утилалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерді жөндеу жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы жөндеу жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы видеолары әлеуметтік желіде көп көрілген. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Боқаев Namys саяси партиясын тіркеуге тырысқан. Алайда ұйымды тіркей алмады.
  • Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Көп ұзамай елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.