Санжар Боқаевтың адвокаттары сот отырысына қатысудан бас тартты

Санжар Боқаев, Астана, 23 наурыз, 2022 жыл.
Санжар Боқаев, Астана, 23 наурыз, 2022 жыл.

23 қарашада белсенді Санжар Боқаевтың адвокаттары оның ісі бойынша сот отырысына қатысудан бас тартып, сот залынан шығып кетті. Судья олардың сотқа сенімсіздік білдіру өтінішін кезекті рет қанағаттандырмай тастағаннан кейін олар осындай шешім қабылдаған. Бұл жөнінде «Власть» басылымы хабарлады.

Тыңдау басталғанда прокурор куәгер Ахлиддин Хамракуловтың жауаптарын іс материалдарынан алып тастау және одан әрі жауап алудан бас тарту туралы өтініш білдірген. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, куәгердің туыстары мен Боқаевты қорғаушы тарап оны полициядан жасырып отыр. Осыған байланысты прокурор Хамракуловты бұдан былай айыптаушы тараптан да, қорғаушы тараптан да тәуелсіз әрі бейтарап куәгер ретінде қарастыруға болмайды деп есептеді.

Боқаевтың ісі бойынша сот процесінің бірінші күні сот ғимаратының алдында күштік құрылым қызметкерлері қорғаушы тарап негізгі куәгер деп атаған Хамракуловты ұстаған. Полицейлер оны көлікке күштеп отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен. Қорғаушы тарап пен құқық қорғаушылар мұны куәгерге қысым көрсету және әділ сот құқығын шектеу деп бағалады. Полиция бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ. Азаттықтың қалалық департаменттің баспасөз қызметіне жолдаған сауалдарына жауап келмеді.

Белсенді Санжар Боқаев 2026 жылғы наурызда ұсталғаннан кейін желіде Хамракуловтың полиция ғимаратында көзіне жас алып «Санжарға жала жабуға мәжбүрледі» деген видеосы тараған еді. Бірнеше күннен кейін Хамракуловтың өз сөзін жоққа шығарған тағы бір видеосы жарияланды.

Адвокаттар Хамракуловтың жауаптарын алып тастау туралы өтінішке қарсы шығып, судьяға наразылық білдірді. Өтініші орындамалғаннан соң олар судьяны істен шеттетуді қайта талап етті, алайда судья өтінішті тағы да қанағаттандырмады.

Осыдан кейін қорғаушылар әрі қарай отырысқа қатысудан бас тартатынын мәлімдеп, сот залынан шығып кетті. Боқаевтың өзі судьяны істен шеттету туралы өтінішті қабылдауды талап етті.

Судья адвокаттардың кетіп қалуын сотты сыйламау деп бағалап, жеке қаулы шығарды. Содан кейін ол процеске әрі қарай қатысу үшін Боқаевқа Алматы қалалық адвокаттар алқасынан қорғаушылар тағайындау туралы қаулы етті.

Қорғаушы тарап бұдан бұрын бірнеше рет судьяға наразылық білдіру туралы өтініштер берген, бірақ олардың ешқайсысы қанағаттандырылмаған.

  • 44 жастағы саясаттанушы және бұрынғы мемлекеттік қызметкер Санжар Боқаев 2026 жылдың наурыз айынан бері қамауда отыр. Онымен бірге видеографы Ұлан Нүсіпқожа мен жиені Мадияр Қалменов те айыпталып жатыр. Сот 16 қазанда Алмалы аудандық сотында басталған.
  • Боқаевқа аса ірі көлемде алаяқтық жасады, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырды, ұрлық жасады, ағаштарды заңсыз кесті және көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылған. Қалменовке алаяқтық және ақша жылыстату, ал Нүсіпқожаға ұрлық, ағаш кесу және жалған ақпарат тарату айыптары тағылған. 10 қарашадағы отырыста Нүсіпқожа "гранит тастарды ұрлауға көмектестім" деп Боқаевқа қарсы куәлік берген.
  • Боқаевтың өзі айыптарды жоққа шығарады. Жақтастары оған қарсы іс ойдан құрастырылған деп санайды және мұны оның саяси белсенділігімен байланыстырады.
  • Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утилалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерді жөндеу жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы жөндеу жұмыстары мен құрылыс саласындағы мәселелер жайлы видеолары әлеуметтік желіде көп көрілген. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Боқаев Namys саяси партиясын тіркеуге тырысқан. Алайда ұйымды тіркей алмады.
  • Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.
​
XS
SM
MD
LG