Accessibility links

QazTehna автобустары Қазақстандікі ме, Қытайдікі ме?

Кәсіпкер Андрей Лаврентьев (сол жақта) пен белсенді Санжар Боқаев суреттерінен коллаж
Кәсіпкер Андрей Лаврентьев (сол жақта) пен белсенді Санжар Боқаев суреттерінен коллаж

Түйін

  • Қазақстан–Қытай шекарасында "QazTehna" деген жазуы бар дайын автобустардың видеосы былтыр тарады. Министр бұл автобустар зауытта құрастырылатын өнімдерге қатысы жоқ дейді.
  • Белсенді Санжар Боқаевтың айтуынша, олар Қытайда жиналған көлікті толық қайта бөлшектеп, Қазақстанға әкеліп "қайта жинайды". Осыдан кейін мемлекеттен жеңілдік алып, "отандық өнім" құрастыратын зауыт не шығарады деген сұрақ туды.
  • Министр бұл автобустар зауытта құрастырылатын өнімдерге қатысы жоқ дейді. Import Genius дерек базасы жинақтаған кеден декларациясына сәйкес, QazTehna былтыр Қытайдан 1300 автобусқа "жинақталған шанақ" импорттаған.
  • Азаттық QazTehna-ның елге нақты нені импорттап, қандай өнім өндіретінін анықтауға талпынды.

Қарағандының Саран қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан QazTehna зауыты мемлекеттен бірқатар жеңілдік алады. Жылына 1500 көлік құрастыратын зауыт көлік бөлшектерін толық Қытайдан импорттайды. Сонымен бұл автобустар қазақстандық өнім деуге келе ме?

Алматы тұрғындары Yutong және QazTehna деген жазулары бар автобустарды жақсы білуі керек. Бұл автобустар - Қытайдың Youtong брендінің Қазақстанда жиналған нұсқасы, яғни отандық өнім саналады.

QazTehna компаниясы олардың бөлшектерін Қытайдан әкеліп, құрастырып жатқанын айтады. Компания басшысы былтырғы сұхбатында автобустың 8 мың бөлшегін Қытайдан алдыратынын, қазақстандық металды қолдануға енді көшіп жатқанын мәлімдеген.

Алматыдағы №24 бағытпен жүретін қоғамдық автобус. Алматы қалалық әкімдігінің фотосы. Шілде, 2024 жыл.
Алматыдағы №24 бағытпен жүретін қоғамдық автобус. Алматы қалалық әкімдігінің фотосы. Шілде, 2024 жыл.

Республикалық телеарналар зауыттан таратқан хабарға сәйкес, QazTehna автобустарды құрастырудың толық циклін іске қосқан, яғни бастан-аяқ өздері жасайды.

Компанияның ресми мәліметіне сәйкес, QazTehna зауыты 2020 жылы құрылған. Автобус және құрылыс техникасын құрастырады. Қазір онда 900 маман жұмыс істейді. "Курсив" басылымының жазуынша, зауыт қуаты жылына 1200 автобус пен 500 құрылыс техникасын шығаруға жетеді.

Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, өндіріс зауытында 4 цех бар. Атап айтқанда, көлік корпусын дәнекерлеу және бояу цехтары мен ірі тораптық және ұсақ тораптық құрастыру цехтары жұмыс істейді.

Азаттық QazTehna ресми поштасына сауал жолдап, зауытта жылына неше автобус ұсақ тораптық, ал нешеуі ірі тораптық цехта құрастырылатынын сұрады. Былтыр қарашада жолданған хатқа әлі жауап келмеді, компания өкілдері телефон қоңырауына да жауап қайырмады.

ШӘУЕШЕКТЕГІ АВТОБУСТАР

Әйтсе де, QazTehna өкілдері журналистерге әр кез тур ұйымдастырып, зауыт ішіндегі жұмыс барысын көрсетіп келеді. Бірақ бір қызығы, зауыттың баспасөз қызметі қоғам белсендісі Санжар Боқаев өндірісті сынаған кезде жанданады. Мысалы, 2021 жылы Боқаев Қытайдағы зауыт автобустарды Қарағандыға дайын күйде жеткізіп жатыр деп, сол кездегі премьер-министрге үндеу жолдаған. Дәлел ретінде Қытаймен шекарадағы Достық бекетінде түсірілген автобустардың фотосын желіге жариялаған. Боқаевтың мәлімдемесінен бір апта өткенде мемлекеттік арналардың бір топ журналисі QazTehna зауытына барып, репортаж дайындайды.

Пресс-тур кезінде Боқаевтың фото дәлеліне қатысты зауыттың сол кездегі бас директоры Арғұлан Майконов "Бұлар – қызметкерлерді оқытуға арналған арнайы автобустар. Біз оларды бірнеше данадан сатып алғанбыз" деген.

Былтыр маусым айында Санжар Боқаев тағы да Қытаймен шекаралас аймаққа барып, Алматы қаласы мен QazTehna зауытының логотиптері жапсырылған, толық құрастырылған, қозғалатын автобустарды көрсетті.

"Мұнда 150-ден астам автобус тұр. Мыналарға әлі нөмір алмаған, бәрі жаңа. "Алматы" деген жазуы бар, ана жерде Алматы қаласының гербі де тұр. Яғни, мұнда қазақстандық ештеңе жоқ" деді қоғам белсендісі Санжар Боқаев.

Қытай-Қазақстан шекарасындағы автобустарды көрсетіп тұрған белсенді Санжар Боқаев. Боқаевтың Youtube арнасындағы (SanzharBokayev) видеодан скриншот. Маусым, 2025 жыл.
Қытай-Қазақстан шекарасындағы автобустарды көрсетіп тұрған белсенді Санжар Боқаев. Боқаевтың Youtube арнасындағы (SanzharBokayev) видеодан скриншот. Маусым, 2025 жыл.

Боқаевтың осы видео мәлімдемесін журналист Вадим Борейко өз YouTube-арнасында былтыр 23 маусымда жариялаған. Ал QazTehna 4 шілде күні журналистерге тағы тур ұйымдастырып, автобустар қалай құрастырылып жатқанын көрсеткен. Тур кезінде зауыттың қазіргі бас директоры Александр Цой журналистерге автобус бөлшектері толық Қытайдан келетінін айтқан.

"Иә, әзірге барлық бөлшек Қытай Халық Республикасынан келеді. Бізге (бір автобусқа қажет) 8 мыңнан аса бөлшек келеді. Құрастыруды өздеріңіз зауытта көрдіңіздер, мұнда қандай өндірістік процесс жүріп жатқанын да көрдіңіздер. Биыл біз қазақстандық Qarmet металын қолдана бастаймыз. Бұл – қазақстандық бөлшектерді автобус өндірісінде пайдалануға көшу үшін алғашқы қадам. Келесі кезеңде пластикті Қазақстанның өзінде өндіре бастаймыз: яғни орындықтары, құралдар панелі [өзімізден] болады" деді Цой "Курсив" журналисіне.

МИЛЛИАРДЕР ЛАВРЕНТЬЕВ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛДІКТЕР

QazTehna зауытының үш акционері бар. Оның 52 пайыз акциясын Genco International компаниясы арқылы кәсіпкер Андрей Лаврентьев иемденіп отыр.

46 жастағы Андрей Лаврентьев – Қазақстандағы ең ауқатты азаматтардың бірі. Ол – көпке белгілі Allur Group, "Агромашхолдинг KZ" және Qarmet өндірістік компанияларының жетекші акционері. Qarmet-тен өзгесі көлік құрастыру және оны дистрибуциялаумен айналысады. Бақылау тетігі өзінде QazTehna зауыты да кейінгі бес жылда елдегі ең ірі өндірістік компаниялардың біріне айналды. Forbes Kazakhstan басылымының есебінше, 2024 жылы зауыттың кірісі 133 миллиард, ал таза табысы 18 миллиард теңгеге жеткен.

Кәсіпкер Андрей Лаврентьев. (Қазақстан автобизнес қауымдастығының сайтынан алынған фото)
Кәсіпкер Андрей Лаврентьев. (Қазақстан автобизнес қауымдастығының сайтынан алынған фото)

Қарағандының Саран қаласындағы индустриялық аймақта орналасқандықтан, QazTehna әкімшілік, инфрақұрылымдық және салық міндеттемелері бойынша жеңілдік алған. Одан бөлек, шетелден өнеркәсіп құралдарын, шикізат және өзге де материалдарды импорттау кезінде артықшылықтарға ие болады. Бірақ нақты қандай артықшылықтар екені ашық айтылмайды.

Азаттық өнеркәсіп министрлігінен "Автоөндірушілердің мемлекеттен алған салықтық жеңілдіктері, кедендік преференциялары, субсидиялары мен жеңілдетілген несиелері туралы толық әрі ашық реестр бар ма?" деп сұрады. Ведомство Азаттықтың өзге сұрақтарына жауап беріп, дәл сол біреуін жауапсыз қалдырған. Ал "Зауыт мемлекеттен қанша субсидия не қаржылық қолдау алды?" деген сауалға да нақты жауап бермей, импорт кезіндегі салық пен қосылған құн салығын төлеуден босатылғанын ғана айтқан.

"Көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім мен арнайы инвестициялық келісімшарт жасасқан көлік құралдарын өндірушілерде мынадай қолдау шаралары болады: дайын өнімді өткізу кезінде кедендік баждарды, шикізат, материалдар мен компоненттер импортының қосылған құн салығын төлеуден босату. Оның орнына өндірушілер технологиялық операцияларды тереңдету және өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер шеңберінде отандық компоненттерді пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер алды" деп жазды өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Азаттыққа.

"ЖИНАҚТАЛҒАН ШАНАҚ" ДЕГЕН НЕ?

Америкалық Import Genius деректер қорындағы мәліметке сәйкес, QazTehna былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында 1297 дана тауар импорттаған. Оны жіберген қытайлық Yutong – QazTehna-ның негізгі серіктесі. Тауар жиынтығы "жинақталған шанақ" (орысша "кузов в сборе") деп түсіндіріледі. Оған не кіретіні анық жазылмаған. Азаттық QazTehna компаниясының өзіне хат жолдап, бұған автобустың нақты қай бөлшектері кіретінін сұрады. Хатқа жауап келмеді.

Қытайдың Қазақстанмен шекарасындағы Шәуешек қаласында түсірілген видеода белсенді Санжар Боқаев автобус бөлшектері сол жерде ажыратылып, елге импортталатынын айтады.

"Видеоға қайтып оралайық. Онда әр автобус өзі қозғалып, кіріп бара жатты. Барлық қозғалтқыш майлары құйылған. Енді солардың бәрін ағызып тастайды. Қозғалтқышты, дөңгелек механизмін, алдыңғы ості, артқы өсті, бәрін шешіп алады да, жүк етіп тиеп, [Саранға] алып барады. Сол жерде қайта құрастырады да, "қазақстандық өндіріс" етіп көрсетеді" деді ол.

Айта кеткен жөн, Import Genuis деректер базасында QazTehna импорттаған тауарлар ішінде автобус қозғалтқышы сияқты жеке-дара үлкен бөлшектері жоқ. Азаттық импорт декларацияларын ұйымдастырып, салықты реттейтін Қаржы министрлігіне де хат жолдап, кеден құжаттарында "жинақталған шанақ" құрамына не кіретінін анықтап беруді сұрады. Ведомство анығын жазбады. Министрліктің басты уәжі – бұл деректерді жария етуге болмайды. Үкімет "Кедендік реттеу туралы" заңның 19-бабына сілтеп, мемлекеттік кіріс органдарының қолындағы ақпарат қызметтік міндеттерді орындау үшін ғана қолданылатынын жазған.

Қазір Қазақстанда 11 көлік өндіруші компания бар. Кей сарапшы мемлекет өз нарығын қорғап, ел ішінде өндірістің дамуына қолдау білдіруі қажет дейді. Мысалы, қаржыгер Расул Рысмамбетов алдағы 7 жылда елдегі көлік өндірісін толық отандық етуге мүмкіндік бар деп есептейді.

Десе де, мұны көлік құрастыру саласындағы ауқатты азаматтардың лоббиі дейтіндер де бар. Және оларға берілген жеңілдік көлік импорттағысы келетін өзге азаматтарға берілмеуі әділетсіз екенін де айтады.


XS
SM
MD
LG