Ресей Киевке соққыны үдететінін айтып, ондағы шетел дипломаттары мен өзге де азаматтар "басын қауіп-қатерге тікпей" елден кетуі керек деп ескертті. Ал Украина басшысы Кремльдің әуе шабуылына жауап беретінін мәлімдеді.
"Ресей сыртқы істер министрлігі шетел азаматтарына, оның ішінде дипломатиялық өкілдік қызметкерлеріне Украинада болмау немесе оның аумағына сапар шекпеу қажеттігін ескертеді" деп мәлімдеді ведомство 3 қазанда.
Министрлік өкілдері "бұл ескертуді ескермеген адам бірдеңеге ұшыраса, өзі кінәлі болады" деді. Дегенмен мұндай ескертуді барлығы ескереді деп айту қиын деді ведомство өкілдері.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский украин арнайы қызметіне Ресей басшысы Владимир Путиннің қыс қарсаңында көп азаматтық нысанға әскери соққыны үдетуді қарастыратын "жаңа доктринаны" бекіткенін айғақтайтын құжат түскенін айтты.
"Біз құжаттарды көрдік және олар инфрақұрылым мен логистика, әсіресе, қалалар мен ауылдар, жол, мектеп, ауруханаларға соққы жасауға мүмкіндік береді. Адамдарды астанадан кетіру үшін, басқа қалалардан тықсыру үшін қысым жасап жатыр. Операцияның көздегені де сол" деді Зеленский Reuters ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Зеленский украин күштері азаматтық инфрақұрылымды нысанаға алмайды деді.
"Біз қолымыздан келгенше кез келген жолмен жауап қайтаруымыз керек. Олар біздің энергетикалық нысандарға шабуыл жасағандықтан, біз де олардың энергетикалық нысандарына соққы беруіміз қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауыттары және сол сияқты нысандар — яғни осы соғысты қаржыландыруға мүмкіндік беретін салалар" деді Зеленский.
"Бірақ біз олар жасап жатқандай азаматтық нысандарды соққыламаймыз" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей зауыттарына шабуыл, Киевтегі дабыл, Путиннің сесі – Соғыс жаңалықтары
Мәскеу әуе шабуылын үдетті
Қыс жақындаған тұста Ресей Украина астанасы мен өзге елдердің инфрақұрылымына соққыны үдетті. 3 қазан күнгі шабуылда Кремль күштері Днепр өзеніндегі көпірге соққы жасады.
Киевке жасалған соңғы шабуылдардың салдарынан ондаған адам қаза болды және жарақаттанды, көп ғимарат қирады.
Путин Украина Ресейге жасаған соққыларына жауап береді деді.
Украина да Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттары мен соған қатысы бар нысандарға соққыны үдетті. Киевтің тұжырымдауынша, олар мұндай нысандарды соғысқа пайдаланады.
Көп ел өз азаматтарына Украинаға бармауға кеңес берді, алайда көбі соғыстан қираған Украинадағы дипломатиялық өкілдіктерін жапқан жоқ.
Ресей Одесса портындағы жүк кемесіне соққы жасағанын хабарлады. Украинаның теңіз порты әкімшілігі Ресей әскері Либерия туын ілген жүк кемесіне шабуыл жасап, соның салдарынан осы аумақта бір адам қаза болып, үш адам жараланғанын айтты.
Молдова Ресейдің әрекетін айыптады
Ал Молдова елдің әуе кеңістігіне тағы да дрон мен ракеталардың енуіне байланысты Ресейдің елшісін шақырды.
Батысшыл президент Майя Санду бұл оқиға және алдыңғы болған жайт Ресейдің Украинадағы соғысы "Молдоваға да жеткенін көрсетеді" деді.
"Мәскеу тұтас Еуропада халқына қатер төндіріп отыр және бұл тоқтатылуы керек" деп жазды президент X желісінде.
"Ресейдің Украинаға жасаған таңертеңгі шабуылын айыптаймын. Соғыс Молдоваға да жетті. 5 ресейлік әуе шабуыл құралы, ракета мен дроны да бар, әуе кеңістімізді бұзып, біздің аумақта жарылды" деді Молдова басшысы.