НАТО мен АҚШ-тың экс-қолбасшысы: Украинадағы соғыс Ресейді ұлт ретінде әлсіретті

Ресей президенті Владимир Путин халықаралық саясат сахнасына енді сыйлы көшбасшы ретінде орала алмайды дейді Отставкадағы генерал Кертис Майкл Скапарротти .

АҚШ пен НАТО әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы екі айға созылған Украинадағы соғыстан соң Ресейдің жағдайы жақсы емес дейді. Ол соғыстағы қазіргі амалдарға және президент Владимир Путиннің неліктен ядролық қарумен қорқытатынына тоқталып, Ресейдің зұлымдығы еленбей қалмауы керек екенін айтады.

АҚШ пен НАТО әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы екі айға созылған Украинадағы соғыстан соң Ресейдің жағдайы жақсы емес екенін, бірақ елдің шығысына басымдық беру соғысты "басқа шайқасқа" айналдыратынын айтады.

Отставкадағы генерал Кертис Майкл Скапарротти Ресей президенті Владимир Путин халықаралық саясат сахнасына енді сыйлы көшбасшы ретінде орала алмайтынын, ал орыс халқына санкциялар мен басқа да жазалау шараларының зардабына көнуіне тура келетінін айтады.

"Қазір Ресей ұлт ретінде әлсіреді деп ойлаймын" деді Скапарротти Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында. "Санкциялар елдің ұлттық ресурсына, экономикасына және басқа да салаларына әсер еткені сөзсіз".

66 жастағы Скапарротти Ирак, Ауғанстан, Африка, Босния және Герцеговинада болған әскерге қолбасшылық еткен, АҚШ-тағы штаб басшыларының бірлескен комитетін басқарған.

Ол Киев бейбіт келісім жасауда асығыс шешім қабылдамауы керек дейді.

"Украина өзіне тиімді жағдайға тап болмайынша, келіссөзді өздері қалаған соғыс нәтижесіне жете алатынына деген сеніммен бастауға мүмкіндік беретіндей жағдайға жетпейінше бұған көнбеуі керек" деді Скапарротти.

Осы аптада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуін ұйымдастырмақ болды деген хабарлама тарады. 27 сәуірде Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк мұндай келісім болмағанын айтты.

Reuters агенттігі Подоляктің "екі ел президенттерінің кездесу уақыты мен мазмұны әлі анықталмады" деген сөзін келтірді.

Скапарротти "ауыр және қанды шайқасты" болжағанын, бірақ Ресейдің соғыс алаңындағы сәтсіздіктері мен халықаралық реакция оның көршісіне қарағанда жылдам әлсірейтінін болжауға мүмкіндік беретінін айтады.

"Әдетте сіз [басымдық] көп ресурсы бар елдің, яғни, Ресейдің жағында деп айтар едіңіз деп ойлаймын. Бірақ Ресей бұл науқанға құрлық әскерінің біршама бөлігін жұмылдырды және олар жетістікке жете алмады" деді Скапарротти. Ол Украина ассиметриялы жүйеге жүгінеді дейді.

Ол Ресей Киевтен кері шегінген күштерін қалпына келтіруге, материалдық-техникалық базасын арттыруға тырысып жатқанын, бұған Украинадағы операцияларға жетекшілік ететін қолбасшы болып тағайындалған генерал Александр Дворников жетекшілік ететінін айтады.

Ресей генералы Александр Дворников.

Ресей шығыс Украинадағы және сегіз жыл бойы Ресей қолдап отырған сепаратистер қолында болған аудандардағы шайқастарға дайындалу үшін атыс қуатын шектеп қолданып жатқаны соғыстың ендігі кезеңі жайлы сұрақ туғызады дейді ол.

"БАСҚА ШАЙҚАС"

Ол соғысып жатқан әскерилер, жасақтар мен қорғаныс күштерінің еріктілері Украинаның тәуелсіздігі мен өзінің тірі қалуы үшін шайқасып жатқандықтан, Украинаға соғыстағы позициясын нығайтуды жалғастыруға тура келеді дейді. Соғыс басталғаны 11 миллионнан астам адам елдің ішіне немесе шетелге босып кетті.

"Бұл аздап басқаша шайқас болады. Олар Донбасс жерінде жылдар бойы [шайқасып] жатқанын айтып отырмын. Ресей солтүстікті Изюм маңында, оңтүстікті Донецкте жетістікке жетіп, осы жерлерді алуға тырысатын шығар" деді Скапарротти.

Украина әскері мүмкіндіктерін күшейтіп, қорғанысты арттырып Ресей әскеріне қарсы тұруы керек дейді ол.

Ол екі жақ та жылдам шабуыл жасамайтынын, "асығыссыз, тұрақты және қатыгез" шайқас болатынын болжайды.

"Украина әскерінің біршама бөлігін қоршауға алуға мүмкіндік беретін қапталды алу жетістік болар еді. Олар қарсы тұруды жалғастырады деп ойлаймын. Мұның бәрі тағы біршама аптаға созылады" деді Скапарротти.

Ол "орыстардың соғыс жүргізу амалы" көбіне бейбіт тұрғындар шоғырланған орталықтарға бағытталғанын, бұл соғысушы елдердің көбіне ұнамсыз әдіс екенін айтты.

"Олар маневр мен күштерінің арқасында жеңіске жете алмаса, атыс қуатын пайдаланып, қирату арқылы тізе бүктіру үшін тұрғындар шоғырланған аудандарға шабуылдайды. Мұндайға Сирия мен басқа да жерлерде куә болған едік" деді Скапарротти. "Бұл соғыс табиғатының және қарқынды шайқастың бір бөлігі. Ғасырлар бойы солай болған. Ресей осы амалға жүгінуге әлі де дайын елдердің бірі".

Ол Путин тағайындаған жаңа қолбасшы Дворниковтің кезінде жағдай бұған дейін бұл міндетті өзара бөліскен үш әскери қолбасшы кезіндегіден қауіптірек бола түсетінін айтады.

"Оны басшылыққа қою Ресейге тиімді. Бірақ орыс күштерінің бірінші кезеңде сәтсіздікке ұшырағанын ескерсек, бұл міндетті түрде ойын ережесін өзгертеді деп ойламаймын. Олардың логистикасы мен байланысында проблема бары көрсетілді. Оған соларды қалпына келтіруге тырысып, әлсіреген күштермен шайқасуына тура келеді".

Ол Ресей күштері әлсіреп жатқандықтан шарасыздыққа ұшыраған Путин мен басқа шенеуніктер "Сармат" баллистикалық зымыраны секілді ядролық қару жайлы мәлімдемелер жасап жатыр дейді.

"Қазір Путин ядролық қару туралы жиі айтады және сонысын жалғастырып келеді. Шынымды айтсам, ол 24 ақпандағы басымдықтарының бәсеңдеп жатқанын біледі деп ойлаймын" деді Скапарротти. "Мұндайды күтуге болады деп ойлаймын, бірақ қол қусырып отырмауымыз керек".

Ол Батыс басында баяу әрекет етіп, Украинаға қару-жарақ пен басқа да әскери көмекті кеш жібергенін, бірақ "жылдам өзгеріп, күш алғанын" айтады.

"БАТЫЛ ХАЛЫҚ"

Ол Украинаға шабуылға немесе қорғанысқа арналған қарудың қайсысын жіберу керек және қандай жүйелер беру қажет деген мәселенің талқыланғанын қолдайды. "Әскери санада шабуыл мен қорғанысқа арналған қарудың айтарлықтай айырмашылығы жоқ" дейді ол.

"Ресей расымен Батысқа қарсы шығып, соғысты кеңейте алмайды. Сондықтан біз алға шығып, Украина жетістікке жетіп, келіссөздер жүргізе алатындай жағдайға жеткенше оған көмектесіп, қажетін беруіміз керек" деді Скапарротти.

"Оларға құрал-жабдық жіберуді, жаңа қабілеттерді меңгеруді үйрете берсек, бұған шамамыз жетеді. Бұл әңгімеміздің тағы бір бөлігі. Олар ержүрек, батыл адамдар. Оларға қажетін жіберуіміз керек".

Ол Украинадағы соғыс трансатлантикалық әлемге тұтастай қарауымыз керек екенін көрсеткенін, әр мемлекет "бүкіл әлем тіпті, Ресей Украинаны шектеу үшін жүргізіп жатқан соғыс та өзара байланысты екенін" түсінуі керек дейді.

"Олар мұны соғыс емес, "арнайы операция" дейді. Бұған біздің де қатысымыз барын, жаһандық байланысын, мұның бәрімізге әсер ететінін көріп отырмыз" деді Скапарротти.

АҚШ пен НАТО әскерінің бұрынғы бас қолбасшысы, генерал Кертис Майкл Скапарротти.

"Бұған осылай қарауымыз керек деп ойлаймын. Стратегиялық ойлауымыз керек. Ұзақ мерзімде қарастыруымыз қажет".

Путин мен оның айналасындағылар "қолында бар" артықшылықты пайдаланып отыр дейді ол. Скапарротти "Путиннің алдағы мақсаттарының" арасында "НАТО-ны бөлу" бар екенін айтады.

"[Путинге] мұны істеуге мүмкіндік бермеуге тырысуымыз керек" дейді Скапарротти. "Бұл жағдайда НАТО-ға мүше әр елдің тәуелсіз шешімі бар. Уақыт өте келе Еуропадағы ең дамыған елдердің бірі Германия ұзақ мерзімде ірі ойыншыға айналып, халыққа кесірін тигізбейтіндей жағдайға жетіп, энергетика жағынан өзінің жағдайын дұрыстап алады деп үміттенемін. Олардың бүгінгі қамы осы болып отыр".

Ресейдің ядролық қарумен қорқытуы сенім проблемасын көрсетеді дейді Скапарротти. Ол президент Борис Елициннің орнына келген КГБ-ның бұрынғы полковнигі Путин бұл проблеманы жиырма жыл бойы жинақтаған дейді.

"Путиннің әлемдік лидер ретіндегі беделі мәңгілікке ғайып болды. Ол әлемдік аренада сыйлы адам болу мүмкіндігінен де айырылды" деді ол. "Меніңше, Ресей ұлтқа келген шығынды түсінуі керек. Бұрынғы статус-квоны іздей алмаймыз".

Ол Путин "шығыстағы ықпалын кеңейту [және] ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті тұрақсыздандыру мақсатына жету үшін әлі де табанды болады дейді.

"Ол мұны ұзақ жылдар бойы айтып келді. Егер ол қазіргі сәтте оны қанағаттандыратын қандай да бір келісімді позицияға жетсе, бұл оның құлшынысын әлсіретеді деп ойламаймын".

Скапарротти Ресей келтірген шығын мен зұлымдық қысқа мерзімде бейбітшіліктің соңынан қуамыз деп жүріп еленбей қалмауы керек дейді.

"Олай істесек, онда болашақта Ресей мен оның агрессиясына тағы да қарсы тұруымызға тура келеді деп ойлаймын" деді ол.

Материал Азаттықтың Грузин қызметінің тілшісі Важа Тавберидзе алған сұхбат бойынша жазылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Украинадағы соғыста кадр тапшылығы мәселесін шеше ала ма?