Путин жоғары оқу орындарында жеке орыс тілі факультеттерін ашуға шақырды

Ресей президенті Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин 2 маусым күні Ресейдің орыс тілі мен халықтарын қолдау аясында мемлекеттік саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестің отырысында федералды университеттерді жеке орыс тілі факультеттерін ашуға шақырды.

Бұл жиын Ресейде орыс ақыны Александр Пушкиннің туған күні – 6 маусымда атап өтілетін орыс тілі күніне орайластырылды.

"Біздің көптеген жоғарғы оқу орындарымызда орыс тілі мен әдебиеті бойынша бөлек факультет жоқ. Ал орыс, неміс және ағылшын филологиясы бірыңғай филология факультетіне біріктірілген. Бұл орыс тілі қазіргі Ресейдің негізгі құндылықтарының бірі деген ұғымға қайшы келетіні анық", - деді Ресей президенті.

Путин жақын арада жоғары оқу орындарына арналған "Орыс тілі мемлекеттік тіл ретінде" оқу бағдарламасы модулін әзірлеу басталатынын айтты. Зерттеу тақырыбына орыс тілінің конституциялық мәртебесі және Ресейдің тіл саясатының мәселелері де кіретіні атап өтілді.

Былтыр жазда Путин Ресейдің тіл саясатының қағидаттарын бекіткен, оған сәйкес, орыс тілі Ресей мемлекеттігінің негіздерінің бірі және дәстүрлі рухани және адамгершілік құндылықтардың ажырамас бөлігі саналады. Сонымен қатар, баламасы бар шетел сөздерін қолдануды азайтуға тырысу қажеттігі айтылған, деп жазды ресейлік РБК.

Ресей бұрын Совет одағы құрамында бірге болған Орталық Азия елдеріне де орыс тілін насихаттап, мектептер мен білім беру орталықтарын салуға ауқымды қаржы бөліп келеді. Сарапшылар мұны Мәскеудің Украинаға басып кіргеннен кейін әлсіреген ықпалын сақтап қалуға және аймаққа назар бұра бастаған өзге державалардың мүддесіне қарсы әрекет етуге талпынысы ретінде бағалайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жұмсақ күш". Орталық Азия елдеріне ықпалын сақтағысы келген Ресейдің білім экспорты