Путинге әскери басшылық "Сармат" зымыраны сынақтан сәтті өткенін баяндады

"Сармат" құрлықаралық баллистикалық зымыранын ұшыру. 21 сәуір, 2022 жыл.

Ресейдің стратегиялық зымыран күштері қолбасшысы Сергей Каракаев президент Владимир Путинге "Сармат" зымыран жүйесі сынақтан сәтті өткенін баяндаған. Мұндай ақпаратты ресейлік ТАСС агенттігі таратты.

"Сармат" – ядролық бомбаны нысанаға жеткізетін құрлықаралық баллистикалық зымыран. Ол қазіргі Ресей қарулы күштерінің Совет одағы кезінде жасалған ескі зымырандарын алмастырмақ.

12 мамырда Кремль жариялаған репортажда Каракаев зымыран "бүгін сағат 11:15-те" ұшырылғанын баяндаған. "Ұшыру миссиясы орындалды", дейді Каракаев. Әйткенмен сынақ нақты қашан өткені түсініксіз. Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі 6-10 мамыр аралығында "Кура" зымыран полигоны орналасқан Усть-Камчатка округі аумағына адамдар мен техниканың кіруіне тыйым салған. Әдетте, құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізгенде Архангельск облысындағы Плесецк полигонынан Камчаткадағы "Кура" зымыран полигонындағы нысанаға бағыттап ұшырады.

Сынақ жайлы пікірінде Путин "Сармат" бойынша жұмыс 2011 жылы басталғанын айтып, оны әлемдегі ең қуатты стратегиялық зымыран жүйесі деп сипаттады. Оның сөзінше, зымыран нысанаға тигізетін бомбаның қуаты Батыстағы кез келген баламасынан төрт есе жоғары. Ол 35 000 шақырымнан асатын қашыққа жете алады (Жер экваторының ұзындығы шамамен 40 000 шақырым). Путин бұл жүйе биылғы жылдың аяғында "жауынгерлік кезекшілікке қойылады" деді.

Ал Ресей шенеуніктері "Сармат" жауынгерлік кезекшілікке қойылады деп осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан – 2023 жылы "Роскосмос" басшысы Юрий Борисов осылай деп мәлімдеген. Сарапшылар бұған күмән келтірген, себебі сол уақытқа дейін зымыран сынағы тек бір-ақ рет сәтті өткен. Бірнеше сынақ сәтсіз аяқталғаны жайлы хабарлар тараған, соның ішінде бір жолы – 2024 жылы Плесецк сынақ полигонында зымыран шахтада тұрған жерінде жарылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Орынбор маңындағы әскери базаға жақын жерде жарылыс болдыТрамп пен Путин атом бомбасымен қорқыта бастады. Ядролық қақтығыс жақындағаны ма?Путин Ресейдің жаңарған ядролық доктринасын бекіттіПутин "Сармат" баллистикалық зымыраны дайын деп мәлімдедіРесей "ядролық қарумен жаппай соққы жасауды" сынап көрді