Қарағандылық белсенді тіркелмеген "Атажұрт" ұйымына қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды

Қарағандылық белсенді Бекзат Сүлейменов. Фото оның Facebook-парағынан алынды.

8 сәуір күні Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық полициясы жергілікті тұрғын Бекзат Сүлейменовке тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының жұмысына қатысқаны үшін айыппұл салған.

Михайлов полиция бөлімінің қызметкері Ерасыл Сейілхан толтырған хаттамада Бекзат Сүлейменов биыл 15 наурызда Facebook-парақшасында "Трамп мырза, Қазақстанға назар аударыңыз!" деп көпшілікке үндеу жасап, жариялағаны жазылған.

51 жастағы Сүлейменов Қазақстанда Конституцияға түзетулер мен өзгертулер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткен күні әлеуметтік желіде пікірін білдіріп видео жариялағанын жоққа шығармайды.

Полиция өкілі тұрғынның осы іс-әрекетін заң бұзу деп бағалаған.

"Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және де тыйым салынған Ата жұрт атты қоғамдық бірлестіктің қызметін қолдаған. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген ст.489 ч.10 әкімшілік құқық бұзушылық жасады", деп жазылған учаскелік полиция қызметкері Ерасыл Сейілхан толтырған хаттамада (мәтіннің орфографиясы мен пунктуациясы қаз қалпында берілді – ред.).

Бейсенбі күні Азаттық тілшісі телефон шалып сөйлескен Бекзат Сүлейменов өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін, сотқа шағым түсіретінін айтты. Ол "Атажұрт" белсендісі болғаным үшін қудаланып жатырмын деп біледі.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 10-тармағында "белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу" іс-әрекеті үшін елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Полиция Сүлейменовке дәл осы мөлшерде, яғни 216 500 теңге (шамамен 460 доллар) айыппұл салған. 8 сәуірде толтырылған хаттамаға қоса тіркелген айыппұл төлеу туралы түбіртекте әкімшілік жауапқа тартылған азамат 17 сәуірге дейінгі мерзім ішінде айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлей алатыны жазылған.

"Полиция былтыр да мені "Атажұртпен" байланысты әкімшілік жауапқа тартып, тура осы 489-баптың 10-тармағымен 50 АЕК мөлшерінде, яғни 196 600 мың теңге айыппұл салған, сол кезде 50 пайыз жеңілдікпен 98 300 теңге төлегем", деді Бекзат Сүлейменов.

Полиция хаттамасында "тыйым салынған" деп көрсетілгенмен, Қазақстанда сот шешімімен қызметіне тыйым салынған қоғамдық ұйымдар мен қозғалыс, бірлестіктер тізімінде "Атажұрт" атауы кездеспейді. Есесіне, елде бірнеше жылдан бері ресми тіркеуден өте алмай, әділет министрлігінен үнемі меселі қайтып жүргендер арасында "Атажұрт" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ та бар.

Ол топтың құрамына Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қазақтар мен шетелден ата-баба мекені Қазақстанға оралған қандастардың құқықтарын қорғаумен айналысатын белсенді азаматтар енген. "Атажұрт" белсенділері түрлі наразылық шараларын өткізгені үшін талай рет ұсталып, айыппұл арқалап, әкімшілік қамауға алынып, кейде қылмыстық жауапқа да тартылған.

Сондай қылмыстық істердің бірі қазір Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы облыстық қылмыстық істер сотында қаралып жатыр. "Ұлтаралық араздық қоздыру" айыбы тағылған 19 адамға үкім келесі аптада шығуы тиіс. Қарағандылық белсенді Бекзат Сүлейменов бұл істі бақылап отырғанын, сотталып жатқан азаматтарға қолдау білдіретінін әлеуметтік желіде ашық жазып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Атажұрт" белсенділері сотында айыпталушылардың соңғы сөзінен соң судья үкім 14 сәуірде шығатынын айтты

Кемінде 238 адамның өліміне себеп болған Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстанда адал әрі еркін саяси бәсеке болатынын" жариялап, партия тіркеу рәсімі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген. Осыдан кейін елде заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, партия құру жөніндегі бастамашыл топқа қажет адам саны 1000-нан 700-ге, мүшелікке қажет адам саны 20 мыңнан 7 мыңға төмендетілген.

Алайда оппозициялық партиялар бәз баяғыдай тіркеуден өте алмай жүргені Қазақстанда шынайы саяси бәсекеге биліктің өзі дайын емесін көрсетеді дейді сарапшылар.

"Атажұрт" партиясын құру туралы бастамашыл топ өкілдерінің сөзінше, саяси ұйымды ресми тіркетуге тапсырған құжаттарын әділет министрлігі "тізімдегі 700 адамның арасында 18 жасқа толмағандар, қайтыс болмағандар бар" деп кері қайтарған, бірақ ол адамдарды нақтылап көрсетпеген. Олар биліктің партияны тіркемей отыруының саяси астары бар деп санайды.

Ресми Астана ешкімді алаламай тіркеп жатқанын, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың тіркеле алмауының астарында саясат жоғын, ол тек заң талап ететін процедуралық мәселеге байланысты екенін айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Түркістан облысындағы "Атажұрт" белсендісі бес күнге қамалдыШыңжаңдағы қазақтардың мәселесін қозғап жүрген "Атажұрт" партияға айнала ма?"Тізімде өлі адамдар бар, кім екенін айтпаймыз". Қазақстанда партия тіркеудің машақаты"174-бап бойынша күдікті". Тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымы белсенділері 10 күнге қамалдыБилікті сынайтын "Атажұрт" партия ретінде тіркелуге тағы бір талпыныс жасады