9 сәуір күні таңертең Жетісу облыстық ауданаралық қылмыстық сотында жабық өтіп жатқан сот процесінде айып тағылған 19 адам соттағы соңғы сөзін айтты.
Бұл күні Талдықорғандағы сот отырысына адам аз келді, сыртта сотқа кіре алмаған үш адам: сотталушылардың екі туысқаны және сот процесін бақылауға келген азамат қалды.
Ғимарат ішінде полицияның арнаулы жасағы, сыртта полиция автобусы, медициналық жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі көліктері тұрды.
"Атажұрт" белсенділерінің ісі бойынша жауапқа тартылып жатқан Тұрсынбек Қабидің әйелі Оралхан Әбен сот отырысына қатысып шыққан соң бүгін айыпталушылар соңғы сөзін айтып, судья оларға үкім 14 сәуірде таңертеңгі сағат 10-да шығатынын жариялағанын айтумен шектелді.
– Судья процесске қатысушыларға ондағы жайттарды жария етуге тыйым салғандықтан бұдан өзге ештеңе айта алмаймын. Күйеуіме тағылып отырған айыпқа келіспеймін, – деді жұбайының қоғамдық қорғаушысы болып жүрген Оралхан Әбен.
Бұдан бір күн бұрынғы сот отырысында прокурор судьядан 18 адамға 5 жыл бас бостандығынан айыру не сол мерзімге шартты жаза сұрағанын айып тағылған бірнеше азаматтың адвокаты Шынқуат Байжанов Азаттыққа айтқан еді. Оның сөзінше, прокурор айыпкерлердің "жартысына" түрме жазасын сұраған.
Жетісу облысының орталығында "ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен айыпталған 19 адамның ісін сотта қарау, айыпталушылардың бірінің өтініші бойынша, қоғам өкілдері мен журналистерден жабық өтіп жатыр.
Тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының белсенділері, оларды қолдаушылар және басқа да адамдардың үстінен 2025 жылдың аяғында "ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Бұл сот ісіне былтыр 13 қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында өткен наразылық акциясы түрткі болған. Наразылық акциясына қатысушылар Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Олар Шыңжаңда қамалған қазақтарды босатуды және Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимді жоюды талап еткен. Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Қытайдан талап еткен.
Сол акциядан кейін оған қатысқан белсенділер әуелі әкімшілік жауапқа тартылды, кейін оларға қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Қазір олардың 13-і – қамауда, алтауы үйқамақта отыр.
Азаттық бұл азаматтардың сот материалдарын зерделеп, қылмыстық істі қозғауға Қытайдың Астанаға жіберген дипломатиялық нотасы негіз болғанын анықтаған. Сот материалдарында Қазақстанның тергеу органдары "Ұлттық, этностық не өзге де әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабымен қылмыстық іс қозғауға Пекиннің дипломатиялық нотасы негіз болған деп жазылған.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі өкілі Қытай елшісіне бұл оқиға туралы ақпарат бергенін ғана айтты.
Amnesty International, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары және АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн "Атажұрт" белсенділерін босатуға шақырған.
Сот процесі басталардың алдында және процесс барысында "Атажұрттың" өзге белсенділері қысым көргенін айтып шағынған.