АҚШ-тың Венесуэла басшысы Николас Мадуроны ұстаумен аяқталған әскери операциясы кейінгі бірнеше күнде әлем талқылап жатқан негізгі оқиғалардың бірі болды. Сарапшылардың кейбірі мұны "қарулы дипломатияның" оралуы ретінде сипаттаса, бірі мұның экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстанға да кері әсері бар деп санайды.
Сәл шегініс. Қысқаша не болды?
- 3 қаңтарда Америка әскері Венесуэланың астанасы Каракастағы әскери нысандарға соққы жасап, ел президенті Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флоресті ұстап, елден әкетті. Қазір Нью-Йорктегі қамау орталығында отырған Мадуро мен әйеліне "есірткі терроризмі" бойынша айып тағылған. Жақын арада сот өтетіні хабарланды.
- 3 қаңтарда баспасөз жиыны кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада "билік тиісті түрде ауысқанға дейін" оны АҚШ "басқаратынын" айтты. Ол өз сөзінде Мадуроның заңды мұрагері, вице-президент Делси Родригестің "америкалықтармен әріптестікке дайын" екенін атап өтті. Бірақ мұны әзірге Венесуэла билігі растаған жоқ.
- Венесуэла вице-президенті Делси Родригестің өзі халыққа мәлімдеме жасап, Николас Мадуроны "елдің жалғыз заңды президенті" деп атап, АҚШ-тан оны дереу босатуды талап етті. Венесуэла Жоғарғы соты оны президенттің міндетін уақытша атқарушы ретінде тағайындады.
- АҚШ билігі Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп санамайды және оны мен әйелін "АҚШ-қа қарсы қолдану үшін" "есірткі терроризмімен" айналысты, "қару-жарақ сақтады" деп айыптап жатыр. Бұған дейін оппозиция елдегі сайлау нәтижелерінің бұрмаланғанын да айтқан. 2013 жылы Уго Чавестен кейін президент қызметіне келген Николас Мадуро осыған дейін "Вашингтон әлемдегі ең ірі мұнай қорына бақылау орнатқысы келеді" деп мәлімдеген еді.
- Венесуэладағы BBC тілшісінің хабарлауынша, елде Мадуро режимін қолдайтындар бар, бірақ олардың саны өте аз. Биліктің "ғұмырын" ұзақ жылдар бойғы қорқыныш пен қудалаулар ғана "ұзартып келген". Дегенмен елде қазір халықты маңына топтастыратын көшбасшы да жоқ. Азаматтық соғыс қаупі бар, қылмыстық топтардың да әсерін ұмытпау керектігін сарапшылар еске салады.
"ҚАРУЛЫ ДИПЛОМАТИЯ" немесе "МОНРО ДОКТРИНАСЫ"
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев әлемге "қарулы дипломатия" оралып, турбуленттілік артқанын айтады. Оның сөзінше, Мадуро мен Трамп арасында қайшылық АҚШ президентінің бірінші мерзімі тұсында да болған, жанжал келе-келе өрістеген.
Саясаттанушының пікірінше, АҚШ екі мақсатты көздеп отыр. Мәселе тек "америкалық мұнай-газ компанияларын Венесуэланың кеніштеріне қайтару" ғана емес – сонымен бірге геосаяси да мақсатта да болып отыр.
"Трамптың басты мақсаты – Мадуроны жуырда қабылданған АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясының іс жүзіндегі нәтижесі тәрізді – көпке көрсететін трофейге айналдыру. Бұл іс жүзінде 19 ғасырдың алғашқы жартысында АҚШ президенті Джеймс Монро жариялаған Монро доктринасының қайта жаңғыруы. Ол АҚШ-ты Латын Америкадағы негізгі күш ретінде жариялап, осылайша АҚШ-қа құрлықтағы елдердің ішкі ісіне араласу құқығын берді" деп жазды Досым Сәтпаев Facebook парақшасында.
Саясаттанушы АҚШ-тың жаңа стратегиясында АҚШ аймақта "өзінің принциптерімен келісетін үкіметтер мен саяси ұйымдарды ғана қолдайтыны" жазылғанын еске салып, Трамптың бұған дейін Куба мен Колумбияға да қоқан-лоқы жасағанын тілге тиек етеді.
"Қалай болған жағдайда тағы бір Пандора жәшігі ашылды. Қазір қауіптісі – бір елдің мүддесі екінші бір елдің егемендігінен жоғары қойылып отырғандығында. Бұл геосаяси шындыққа айналды. Бірақ Мадуроны көптің көзінше биліктен құлату - бұл сонымен бірге Қытайға да берілген айқын белгі. [Пекин] кейінгі жылдары Латын Американың көптеген елінде экономикалық және саяси ықпалын күшейтті. Венесуэла үшін де Қытай оның мұнайын сатып алушылардың бірі. Бірақ Трамп Мадуро өзінің дәстүрлі одақтастарының қолдауына сүйене алмайтын сәтті таңдады... Қалай болғанда да турбуленттілік артып жатыр" деп жазды Сәтпаев.
"МҰНАЙ ӨНДІРУШІ ЕЛДЕРГЕ СОҚҚЫ"
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев АҚШ-тың Венесуэладағы қимылын "әлемдік мұнай өндірісін бақылау" талпынысы ретінде бағалап, бұдан Қазақстан да зардап шегуі мүмкін деді.
"Егер ол мұны жасай алса, онда мұнай нарығын бақылап, өздері қалаған бағаны белгілейді. Егер мұнайдың бір баррелі шамамен 50 доллар болса да, бұл мұнай өндіруші елдерге қатты соққы болмақ. Бұл бірінші кезекте Ресейге тиеді. Ал бізге одан да қаттырақ соққы болады" деді ол.
Ол алдыңғы жазбасында халықаралық құқықтың күшпен алмастырылғанын қауіпті прецедент деп атаған.
"Халықаралық құқық күш қолданумен толық алмастырылып жатыр. Президентті адам ұрлау арқылы күштеп ауыстыру прецеденті қалыптасты. Әлемдегі жағдай алаңдатарлық қана емес, сонымен қатар өте қауіпті болып барады" деп жазды Бейсебаев.
Бұрынғы шенеунік, белсенді қолданушы Марат Толыбаев Мадуро режимін ұнатпайтындардың бірі болса да, оны қазіргідей әдіспен құлату халықаралық құқыққа қайшы деп санайды.
"Диктаторды АҚШ сияқты құлату дұрыс емес деп ойлаймын. Диктаторды сол елдің азаматтары құлата алады деп санаймын. Тек солардың солай істеуге құқығы бар. Ал сырттан араласу және президентті осылайша ұрлап әкету бұл халықаралық құқыққа қайшы сорақы факт" деді Толыбаев.
Қазақстан билігі әзірге Венесуэладағы жағдайға реакция білдірмеді. Жалпы Орталық Азия елдері билігінің ешқайсысы әзірге оқиғаға реакция білдірмегенге ұқсайды.
Орталық Азия бойынша сарапшы, саясаттанушы Аркадий Дубнов:
"Американың Венесуэладағы арнайы әскери операциясын айыптаған Ресей сыртқы істер министрлігі 2022 жылы ақпанда Украинада арнайы әскери операция бастаған кезде Ресейдің әрекетін сынаған Батыс елдерінің реакциясын өте қызықты түрде қайталап жатыр" деп Мәскеудің мәлімдемесінен үзінді келтіреді.
"Иә, сол арнайы әскери операциялардың айырмашылықтары да аса көп емес, бірі – бірнеше сағатқа созылып, аяқталды, екіншісі төрт жылға кетіп барады" деп жазды Дубнов.
АМЕРИКАДАҒЫ ҚОЛДАУ МЕН АЙЫПТАУЛАР
Республикашыл конгрессмендердің басым бөлігі президентті қолдады, ал өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон "қылмыстық режимге" қарсы әскери қимылды "ақтауға тұрарлық" әрекет ретінде сипаттады.
Дегенмен республикашыл конгрессмен Дон Бэкон Трамптың әрекетінен туындайтын сигналға алаңдаушылық білдірді.
"Мені алаңдатып тұрған басты нәрсе – Ресей Украинаға қарсы өзінің заңсыз әрі жабайы әскери қимылын, Қытай – Тайванға басып кіруін ақтап алу үшін жағдайды пайдалана ма деген қауіп" дейді ол.
Демократтар Ақ үйдің әрекетін қатаң айыптады.
"АҚШ қандай желеумен болмасын – басқа елдерді басқармауы керек. Біз шексіз соғыс өртін тұтандырмауға үйренуіміз керек, режимді ауыстыру миссиясын атқарудан аулақ болуымыз керек. Оның америкалықтар үшін орасан салдары бар" деді сенаттағы халықаралық қатынас комитетінің мүшесі Брайан Шац.
Бұған дейін Вашингтонның кейбір одақтатары да оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, кейбірі қолдаған.