Қазақстан халқы 30 миллионға жете ме? Демографияның қазіргі күйі қандай?

БҰҰ болжамында 2100 жылы Қазақстан халқы 30 миллионнан асатыны айтылған. Бірақ елде коронавирус жылдарындағы "бумнан" кейін бала туу да, некелесу де азайып келеді. Кей демографтар мұның "демографиялық шұңқыр" екенін, өсу жалғасатынын айтады. Ал әлеуметтанушылар құндылықтар өзгеріп жатыр, баяулау жалғасады дейді.

Ширек ғасыр бұрын Қазақстан халқы 15 миллионға жетер-жетпес болса, қазір 20 миллионның үстінде. Бұл өсімге бала туу көрсеткіші әсер етіп отыр. Елде кейінгі 20 жылдық кезеңде жыл сайын 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Ал коронавирус індеті кезінде бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелді. 2021 жылы 446 мыңға жуық сәби дүние есігін ашып, бала туу бойынша Қазақстан рекорды жаңарған.

Ресейлік демограф Алексей Ракша Қазақстан мен Израильді ерекшелеп, бұл екі елдегі жағдайдың парадокс екенін айтып жүр. Оның сөзінше, бұл екі елге экономикалық көрсеткіштері ұқсас өзге мемлекеттерде бала туу қарқыны әлдеқашан баяулай бастаған. Бірақ Қазақстан мен Израиль жалпы трендтен ерекшеленіп, ондағы туу көрсеткіші әлі де жоғары деңгейде қалып отыр дейді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

Бала туу неге азайды? Қазақстан демографиясының қазіргі күйі

Статистика агенттігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда жалпыұлттық өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткіші 15 мың доллардан асқан. Халықаралық валюта қоры Қазақстанда биыл бұл көрсеткіш 17 мың долларға жетеді деп болжап отыр. Бұл бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында да, Орталық Азия өңірінде де алда тұр.

Дегенмен кейінгі төрт жылда туу көрсеткіші біртіндеп баяулап келе жатқанын көруге болады.

2022 жылы 404 мыңға жуық бала туса, 2023 жылы 388 мың, 2024 жылы 366 мың, 2025 жылы 335 мың сәби өмірге келген. Кейінгісі бала туу күрт артқан коронавирус індеті кезеңіне дейінгі көрсеткіштерден де төмен. Бұл уақытша тренд пе, әлде Қазақстан бала туу тұрақты азаятын жолға түсті ме?

Қазақстанда дүниеге келген бала саны. 2018-2025 жылдар аралығы.

"ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ШҰҢҚЫРДЫҢ" ӘСЕРІ МЕ?

Қазақстан мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін демографтар дабыл қағуға негіз жоқ дейді. Олар кейінгі жылдардағы статистикалық баялауды "демографиялық шұңқыр" факторымен түсіндіреді.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, PhD демограф Сәуле Дюсупова.

– Қазақстан бойынша туу көрсеткіштері жалпы өте жақсы. Бірақ кейінгі жылдарда демографиялық шұңқырға түсіп жатырмыз, – дейді Қазақстандық қоғамдық даму институнының сарапшысы, Ph.D демограф Сәуле Дюсупова.

Қазақстанда 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында жыл сайын шамамен 200-250 мың бала дүниеге келген. Бұл оған дейінгі және одан кейінгі кезеңдермен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Сол жылдары дүниеге келген балалар қазір репродукциялық жасқа, яғни үйленіп, балалы-шағалы болатын шаққа жетіп отыр. Сол кезде аз бала дүниеге келсе, олар ұрпақ жалғастыратын жылдары да туу деңгейі төмен болады. "Демографиялық шұңқыр" дегеніміз осы.

Қазақстанда 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың аяғында аз бала дүниеге келген. Олар репродукция жасына жеткенде бала туу саны азаяды. Ғылымда мұны "демографиялық шұңқыр" дейді.

"Демографиялық шұңқыр" туу санының азаюның себебі болуы мүмкін. Бірақ ол бір ғана себеп. Қазақстанда тағы бір көрсеткіш төмендеп жатқаны байқалады.

Статистика ғылымында туудың жиынтық коэффициенті немесе қысқартып айтқанда ТЖК деген ұғым бар. Бұл – әйелдердің репродукциялық кезеңде дүниеге әкелетін балаларының орташа саны. Миграция айырымы елеулі болмаса, халық саны бір орнында тұруы үшін бір әйелге орташа есеппен 2.1 баладан келуі керек. Бір бала әкенің, бір бала шешенің орнын басады. Ал 0.1 деген көрсеткіш шетінеген, қайтыс болған балалардың орнына жүреді.

Қазақстанда туу коэффициенті 2.1-ден біршама жоғары болғанымен, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш те төмендеп келеді.

Қазақстанда кейінгі жылдары туудың жиынтық коэффициенті де азайып келеді.

Яғни "демографиялық шұңқыр" бойынша, қазір бала туа бастайтын әйелдер саны аз болса, сол аз әйелдің өзі аз бала таба бастаған деген сөз. Демографтар мен әлеуметтанушылар мұның артында бірнеше фактор тұрғанын айтады.

– Бұл ұзақ мерзімді тренд деп айтсақ болады. Біріншіден, демографиялық шұңқырға түскен ұрпақтық тренд бар. Екіншіден, жаһандану әсер етіп отыр. Яғни өмір салты өзгеріп, үйлену мен бала табуды кейінге қалдыру процесі жүріп жатыр, – дейді Сәуле Дюсупова.

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев демографияға қоғамдағы құндылықтардың өзгеріп жатқаны әсер ететінін айтады.

PaperLab зерттеу ұйымының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

– Қазақстан кейінгі 15-20 жылда модернизациялық өзгерісті бастан кешірді. Экономикалық өсімінің арқасында, халықтың тұрмыс деңгейінің артуының арқасында, урбанизацияның нәтижесінде қоғамдық құндылықтар өзгерді. Құндылықтар өзгерген кезде адамдар бұрынғыдай отбасы құру, бала табудан гөрі өзінің жеке басымдықтарына назар аудара бастайды. Оның ішінде білім алу, мансап қуу бар, – дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан әйелдерінің жоғары білімге басымдық беріп, экономикалық өмірге белсене араласып жатқаны да демографияға ықпал етіп отыр.

– 70-80-жылдары [әйелдер] магистратураны (жоғары білімді жалғастыру деген мағынада, бакалавриат-магистратура-докторантура жүйесі кейінірек енгізілген – ред.) аңсаған емес. Ал қазіргі жастар бакалавриатты аяқтағаннан кейін міндетті түрде магистратураға түсемін дейді. Одан кейін шетелге барып оқып келемін деушілер көп. Сондықтан, 2005 жылдан бері туған жастар отбасы құруға, тууға асыға қоймайды, – дейді демограф Сәуле Дюсупова.

Қазақстанда жоғары білім алатындар ішінде әйелдер үлесі басым. 2025 жылы жоғары оқу орындарында бакалавриат бөлімінде 678 мың студент оқыса, оның 356 мыңы, яғни 52,5 пайызы әйел болған. Магистратура бөлімінде 42 613 адам оқыса, оның 23 328-і, яғни 55 пайызы әйел. Ал докторантурада оқушылардың арасында әйелдердің үлесі одан көп, 61 пайыз.

Қазақстанда жоғары білім алушылар арасындағы әйелдер үлесі.

– Экономикаға араласқан әйел, жоғары білімді әйел. Бұл – дәстүрлі қоғамнан индустриалды қоғамға өткен қоғамдардың белгісі және Қазақстанда бұл тұрғыдан Орталық Азия елдеріне қарағанда да көп өзгеріс бар. Мысалы, әйелдердің бірінші баланың дүниеге әкелуі Қазақстанда 29 жас болса, көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда әлі де сол 23 жас. Ал 20 жыл бұрын бұл коэффициент шамамен бірдей болатын. Яғни 20 жылдың ішінде құндылық өзгерісінің нәтижесінде әйелдердің бала тууға қатысты ұстанымы әжептәуір өзгерді, – дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

КЕШ ҮЙЛЕНУ ЖӘНЕ БЕДЕУЛІК

Кейінгі жылдары елде некеге тұрушылар саны да азайып барады. 2011-2013 жылдары 160 мыңнан астам неке тіркелсе, кейін бұл сан біртіндеп азайып, 2025 жылы 116 мыңға дейін төмендеген. Статистика агенттігінің дерегінше, Қазақстанда алғашқы некеге тұрудың орта жасы ерлер арасында 27.9, ал әйелдер арасында 25.3.

Кеш үйлену, экологияның нашарлауы, өмір салтының өзгеруі секілді факторлар бедеулік мәселесін де алға шығарады.

– Көбінде қазір некелесіп жатқанымен де, бала туудағы жаңағы репродуктивтік денсаулықтарының, репродуктивтік денсаулықтарының мүмкін қабілетсіз болу, сондай отбасылардың да саны көбейіп келе жатыр деп айтып жатыр негізі, – дейді Дюсупова.

Қазақстандағы тіркелген неке саны. 2011-2025 жылдар аралығы.

Қазақстан қоғамдық даму институты былтыр қаңтарда жарияланған баяндамасында 2019-2024 жылдары диспансерлік есепте бедеулік диагнозы қойылған әйелдер мен ерлер үш есе көбейгенін жазған. Оның едәуір бөлігін әйелдер құраған. 2019 жылы есепте 9959 әйел болса, 2024 жылы 29 122 болған. Есепке алынғандардың көбі Астана, Алматы сияқты қалаларда тұрған. Сарапшылар соған қарап, көрсеткіштің артуы диагностиканың күшеюімен де байланысты болуы мүмкін екенін айтады. Бірақ диагностикаға бармай жүрген адамдар да көп болуы ықтимал деген пікір бар.

Бедеулік динамикасы. Дереккөз: Қазақстандық қоғамдық даму институтының "Қазақстан отбасылары ұлттық баяндамасы" (2024 жыл).

Қазақстанда бедеулікке ұшыраған отбасыларды қолдайтын “Аңсаған сәби” бағдарламасы жұмыс істейді. Үкімет бұл бағдарламасы ЭКО ұрықтандыруға квота бөледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдары аралығында жыл сайын бөлінетін квота 7 мыңға көбейтіліп, сол жылдары барлығы сырттай ұрықтандыру көмегімен 11 мың бала дүниеге келген.

УРБАНИЗАЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

Бала тууға әсер етіп отырған тағы бір негізгі фактор – ол урбанизация. 2009 жылы Қазақстан халқының 56 пайызы қалада тұрса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 64 пайызға жетіп отыр.

– Бізде туу көрсеткіші жоғары аймақтар – негізінен аграрлы аймақтар. Ол жердегі халық көбінесе ауылды жерлерде тұрады. Онда дәстүрлі құндылықтар басым және бұл аймақтардағы бала саны ол ауыртпашылық емес, керісінше ресурс. Яғни отбасының мал шаруашылығымен айналысуына, егін егуіне мүмкіндік береді. Дәстүрлі құндылықтар басым мұндай аймақтарда қоғамның, әлеуметтің қысымы көбірек. Яғни әйел үшін "жоқ, мен бала санын шектеймін, немесе баламды жоспарлаймын" деуге мүмкіндік азырақ, – дейді Бейсембаев.

Қала және ауыл халқының үлесі.

Әлеуметтанушының сөзінше, қалалық жерде адамдардың өмір сүру стратегиясы өзгеше. Онда баланы өсіріп-жеткізуге көбірек қаражат керек, оның үстіне көбі шағын пәтерде тұрады, көп балаға табуға қолайсыз.

ТАБИҒИ ӨСІМ ЖӘНЕ АЙМАҚТАР АРАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ

Қазақстан демографиясындағы үлкен мәселе – ол аймақтар арасындағы алшақтық. Оңтүстік, оңтүстік-батыс аймақтарда туу көрсеткіші де, табиғи өсім де республикалық межеден жоғары. Ал солтүстік облыстарда бала туу саны әлдеқайда аз, оның үстіне ол өңірлерден шетелге біржола көшетіндер көп. Салдарынан кей облыстарда депопуляция байқалады.

2025 жылы Қазақстандағы әрбір әйелге 2.57 баладан келсе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында туудың жиынтық коэффициенті 3-тен асқан. Түркістан облыстарында тіпті 4-ке жақындаған. Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарында әрбір әйелге келетін бала саны 2-ден төмен болған. Солтүстегі облыстар табиғи өсім бойынша да, көші-қон айырымы бойынша да артта келеді.

Туудың жиынтық көрсеткіші оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда 3-тен жоғары. Түркістан облысында тіпті 4-ке жуықтайды. Ал солтүстік және шығыс аймақтарда коэффициент 2-ден төмен.

– Территориямыз үлкен болғанымен де, көршілес елдермен мәдени алмасу, интеграция процесі бар. Мысалы, солтүстік, шығыс өңірлері депопуляцияға ұшырап жатыр, себебі олар жаһандану процесіне тым жақын. Екіншіден Қазақстанда өндірістік ерекшеліктер бар. Павлодарды мысал етсек, онда өндіріс орындары, экология мәселесі бар. Экологиялық жағдай адамдарды Астана, Алматы сияқты қалаларға көшуге ынталандырып жатыр, – дейді демограф Сәуле Дюсупова.

Бір жылда туған балалар санынан сол жылы қайтыс болғандар санын алып тастап, оған көші-қон айырмасын қосса, табиғи өсім деген статистика шығады.

2025 жылы Қазақстанда табиғи өсім 200 270 адам болған. Ең көп өсім Түркістан облысында тіркелген. Облыс халқы бір жылда 37,4 мың адамға артқан. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы – 22,4 мың адам, Астана қаласы – 21,3 мың адам және Алматы облысы – 18,8 мың адам. Ал Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында халық саны керісінше, азайған.

Табиғи өсім статистикасы – 2025 жыл.

ДЕМОГРАФИЯДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

Демографиялық статистикада оң нәтижелер де бар. Мәселен нәресте өлімі коэффициенті азайып келеді. 2000-2025 жылдары дүниеге келген 1000 балаға 15-20 өлімнен келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5.85 болған. Бұдан бөлек, 1 жасқа дейінгі балалардың да, 5 жасқа дейінгі балалардың да өлімі азайған.

Ал туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа дейін ұзарған. Бірақ бұл жерде ерлер мен әйелдер арасында алшақтық бар. Ерлер жасы 72 де, әйелдер жасы 80-ге таяйды.

Туған кездегі күтелітен өмір сүру жасы.

– Жалпы Орталық Азия елдері ішінде Қазақстанның жедел медициналық көмек көрсету деңгейі жақсы. Бала туудағы ең біріншісі – ананың және нәрестенің денсаулығы. Сондықтан бала туу кезіндегі өлім-жітімнің аз болуы және аналар өлімінің аз болуы – мақтануға тұрарлық көрсеткіш. Бірақ жедел жәрдемді әлі де дамыту керек, – дейді Дюсупова.

Қазақстанда босанған әйелдерге біржолғы мемлекеттік жәрдемақы мен жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жарым жасқа толғанша берілетін жәрдемақы қарастырылған. Оның көлемі баланың туу ретінен байланысты. Сондай-ақ кәмелетке толмаған төрт баласы бар отбасыларға көмек қарастырылған. Алты бала тапқан әйелге "Күміс алқа", жеті бала тапқан әйелге "Алтын алқа" марапаты беріліп, онымен бірқатар әлеуметтік жеңілдік (кей салық түрлерінен босатылады, тұрғын үй алуда артықшылық алады) қатар жүреді. Ал декреттік демалысқа шыққан адамның жұмыс орны үш жылға дейін сақталады.

Бала 1,5 жасқа толғанша жұмыссыз әйелге берілетін жәрдемақы.

БҰҰ 2024 жылы әлем елдері бойынша демографиялық болжам жариялады.

Ол бойынша, Қазақстан халқы 2100 жылы 33 млн 638 мыңға жетпек. Ол кезде бір әйелге келетін орташа бал саны 1.94 болады деп болжанған. Медиан жас 41 болмақ. Қазір медиан жас 32 шамасында. Яғни халықтың жартысы 32-ден үлкен, жартысы кіші. Бұл болжам қаншалық іске асатынын уақыт көрсетеді. Алайда әлеуметтанушы Серік Бейсембаев санмен бірге сапаға да назар аударған жөн дейді.

– Халқымыз 50 миллион болғанда ғана экономикалық өсім болады, сол кезде ғана дамимыз деген стереотип көзқарас бар. Бірақ басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, экономикалық және саяси тұрғыда қуатты, дамыған ел болу үшін халық санынан гөрі халық сапасы маңызды. Яғни біз 30 миллион болайық, 40 миллион болайық, ол бізді автоматты түрде дамуға жетелемеуі мүмкін. Қазақстанның 20 миллион халықпен-ақ экономикалық тұрғыда алға қадам жасауға мүмкіндігі бар, – дейді әлеуметтанушы.