Қазақстанда есірткі контрабандасына қатысы бар деген күдікпен ұсталған ресейлік рэпер Navai-ға (Наваи Бахманоғлы Бакиров) қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, музыкант елден шығарылды. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйеніп ҚазТАГ хабарлады.
Полиция мәліметінше, рэпер "алғаш рет құқық бұзғанын және кінәсін мойындап, шынайы өкінгенін ескере отырып, іс ақталмайтын негіз бойынша тоқтатылған". Бұл процестік шешімді прокуратура бекіткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қордайда есірткі контрабандасы күдігімен ресейлік рэпер Navai ұсталдыБакиров 13 қазанда Жамбыл облысындағы "Қордай" шекарасы маңындағы бақылау-өткізу пункті арқылы Қазақстанға кірмек болған кезде ұсталды. Полиция рэпер мініп келген көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленгенін хабарлаған. Құқық қорғау органы есірткінің қай түрі және қандай көлемде табылғанын айтпады.
Осы жайт бойынша, қылмыстық іс қозғалып, 15 қазанда сот рэперді екі айға қамауға алуға санкция берген. Бакиров Тараз қаласындағы тергеу изоляторына қамалған. Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы Қазақстанның сырткы істер министрлігіне жағдайды түсіндіруді сұрап нота жолдаған.
Navai ұсталғаны себепті, оның 14 қазанға Астанада өтеді деп жоспарланған концерті болмай қалды.
Қырғызстанда музыканттың шекарадағы бақылаудан қалай өткеніне байланысты тексеру басталғаны жайлы ақпарат тараған.