Қазақстан мұнай алпауыттарынан 160 миллиард долларды неге даулап отыр?

Каспий теңізіндегі Қашаған кеніші мен Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев суретінен коллаж.

Қазақстан Каспийдегі Қашаған кен орнын игеріп жатқан әлемдік мұнай компанияларынан ондаған миллиард доллар ақша талап етіп отыр. Бұл халықаралық арбитраж тарихындағы ең ірі талаптардың бірі. Астана ондаған жыл бұрын жасалған келісімдерді неге қазір қайта қарап жатыр? Сотта жеңуге мүмкіндігі бар ма?

Астананың Shell, ExxonMobil, Eni, TotalEnergies пен басқа де компаниялар кіретін консорциумнан 160 миллиард доллар талап етіп отыр. Бұл — елдің биылғы жалпы ішкі өнімінің жартысы. Қазақстан 2000 жылдары жасалған бірқатар келісімнің құны негізсіз көтерілген, мердігерлер арасында мүдделер қақтығысы болған немесе кей келісімдер пара арқылы алынған болуы мүмкін деп есептейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Мұнай алпауыттарын сотқа берген Қазақстан. $160 миллиардтың жыры

ҚАШАҒАН ЖОБАСЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1993 жыл. Қазақстан — екі жыл бұрын ғана тәуелсіздік алған жас мемлекет. Ел экономикасы тәлтіректеп тұрған тұста билік мұнайға сенім артып, Каспий теңізіне шетелдік капитал мен технология тартуға кірісті. Үкімет "ҚазақстанКаспийШельф" мемлекеттік компаниясын құрып, әлемнің ірі мұнай компанияларымен келіссөз бастады. Сөйтіп Agip, British Gas, BP, Statoil, Mobil, Shell мен Total қатысқан халықаралық консорциум құрылды. Оның міндеті — Каспийдің қазақстандық бөлігін зерттеп, мұнай мен газ қоры қай жерде жатқанын анықтау еді.

Ал 1997 жылы Қазақстан шетелдік инвесторлармен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қол қойды. Бұл құжат инвесторларға Каспийде мұнай барлауға, ал кен орны табылса, оны игеруге мүмкіндік берді.

Үш жылдан кейін, 2000 жылы Қашаған кен орны ашылды. Кейін ол әлемдегі ең қымбат әрі техникалық жағынан ең күрделі мұнай жобаларының біріне айналды. Жоба басталғалы оған қатысатын компаниялардың құрамы мен үлесі бірнеше рет өзгерді.

Қазір Қашағанды North Caspian Operating Company, қысқаша NCOC деп аталатын консорциум басқарады. "ҚазМұнайГаз", Eni, Shell, ExxonMobil мен TotalEnergies компанияларының әрқайсысында шамамен 16,9 пайыздан үлес бар. Қытайдың CNPC компаниясына 8,3 пайыз, ал жапондық Inpex компаниясына 7,6 пайыз тиесілі.

ҚАШАҒАНДЫ ИГЕРУ НЕГЕ ҚЫМБАТҚА ТҮСТІ?

Қашаған әлемдегі ең қымбат әрі техникалық жағынан ең күрделі мұнай жобаларының біріне айналды. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумының дерегінше, кен орнын игеруге кемінде $60 миллиард жұмсалған, ал нақты шығын бұдан да көп болуы мүмкін.

Оның қымбат болуына бірінші себеп — кен орнының табиғи жағдайы өте күрделі. Қашаған Каспий теңізінің солтүстігіндегі таяз суда орналасқан, ал қыста теңіздің бұл бөлігі қатады. Мұнай жер астында өте жоғары қысымда жатыр және оның құрамында улы күкірт сутегі көп. Сондықтан мұнай өндіру үшін теңізде жасанды аралдар салып, арнайы құбырлар тартып, құрлықта өңдеу нысандарын тұрғызуға тура келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан Назарбаев заманындағы келісімдерді неге қайта қарағысы келеді?

Қашағаннан алғашқы мұнай бастапқы жоспардан сегіз жыл кеш, 2013 жылдың қыркүйегінде ғана алынды. Бірақ көп ұзамай газ құбырынан ақау табылып, өндіріс тоқтады. Қазанда өндіріс қайта басталғанымен, бірнеше күннен кейін тағы газ шығып жатқаны анықталды. Соның салдарынан құбырларды толығымен ауыстыруға тура келді. Осылайша Қашағанда тұрақты коммерциялық өндіріс тек 2016 жылы басталды.

Бірақ Қазақстан үкіметі Қашағанның жоба ретінде қымбаттап, мұнай өндірісі кешіккеніне тек табиғи жағдай себеп дегенге келіспейді. Астананың халықаралық инвесторларға қарсы соттағы уәжіне сәйкес, кей келісімшарт құны негізсіз көтерілген, ал оларды жасау кезінде жемқорлыққа жол берілген болуы мүмкін. Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Қазақстан дәл осы жағдайлар жобаның кешігуіне және шығынның өсуіне әсер етті деп санайды.

МҰНАЙ ТАБЫСЫ ҚАЛАЙ БӨЛІНЕДІ?

Қашаған жобасы Өнімді бөлу туралы келісім бойынша, яғни Production Sharing Agreement құжатына сай іске асады. Бұл келісім 1997 жылы жасалған. Оның негізгі қағидасы: инвесторлар кен орнын игеруге өз қаражатын салады. Мұнай өндіріле бастағаннан кейін компаниялар алдымен келісім бойынша рұқсат етілген шығындарын мұнай сатудан түскен қаражат есебінен өтейді. Содан кейін ғана пайда мемлекет пен инвесторлар арасында белгіленген тәртіппен бөлінеді.

Сондықтан қандай шығынның "өтелетін шығын" ретінде есепке алынатыны өте маңызды. Егер мұндай шығын көбейсе, инвестор оны өтеуге көбірек қаражат жұмсайды, ал бөліске түсетін пайда азаяды.

Қазақстан үкіметінің негізгі уәжінің бірі де — осы. Үкімет консорциум мәлімдеген шығындардың бір бөлігі негізсіз көбейтілген болуы мүмкін деп есептейді.

ҚАЗАҚСТАН НЕГЕ НАРАЗЫ?

Былтыр Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы құпия арбитраж құжатына сүйеніп, Қазақстанның Қашаған табысын бөлуге қатысты наразылығы неден туындағанын жазды. Қазақстан тарапының есебінше, міндетті төлемдер жасалғаннан кейін қалған мұнай кірісінің 98 пайызы шетелдік инвесторларға, шамамен 2 пайызы Қазақстанға тиіп отырған. Астана мұндай бөлініске наразы және 1997 жылы жасалған келісім инвесторларға шектен тыс тиімді болды деп есептейді.

Бірақ бұл Қазақстан Қашағаннан түскен бүкіл ақшаның тек 2 пайызын алды деген сөз емес. Мемлекет бұдан бөлек салық, роялти, мұнай сату мен басқа төлемдерден де табыс алады. Журналистер сілтеме жасаған Energy Insight & Analytics есебінше, 2016–2023 жылдары Қазақстан Қашағаннан жалпы 5,4 миллиард доллар алған, оның $1,1 миллиарды ғана пайда бөлу тетігі арқылы түскен. Ал осы кезеңде инвесторлардан құралған консорциум шамамен 55 миллиард доллардың мұнайын сатқан.

ЖЕМҚОРЛЫҚ АЙЫБЫ

Қазақстанның Қашаған бойынша NCOC консорциумына қойған жалпы талабы қазір $160 миллиардтан асады. Қазақстан бұл мәселе бойынша арбитражды 2023 жылы бастаған. Іс Гаагадағы Тұрақты төрелік сотында тіркелген, ал дауды Женевада отырған халықаралық арбитраж трибуналы қарайды.

Алғашында билік Қашағанды игеруге кеткен 13 миллиард доллардан астам шығынды даулаған. Кейін талап көлемі күрт өсті. Reuters агенттігінің жазуынша, Қазақстан оған тағы 138 миллиард долларға дейінгі талап қосқан. Бұл — Қашаған кеш іске қосылғандықтан өндірілмей қалды деп есептелетін мұнайдың құны.

Қазақстан тарапының негізгі уәжі мынадай: Қашағанды игеруге кеткен кей шығындар негізсіз көбейтілген, соның салдарынан жоба қымбаттап, мұнай өндіру бірнеше жылға кешіккен. Үкімет осы кешігуден Қазақстан миллиардтаған доллар табыстан қағылды деп есептейді. Бұған қоса, Қазақстан Қашағандағы шығындар көбейген сайын инвесторлардың өтейтін ақшасы да көбейіп, мемлекетке тиетін пайда азайғанын алға тартып отыр.

Істің детальдары мұнымен бітпейді. 2026 жылғы 14 тамызда Халықаралық зерттеуші журналистер консорциумы Қашаған туралы жаңа зерттеу жариялады. Ұйымның дерегінше, Қазақстан 2000 жылдары жасалған жалпы құны 10,7 миллиард доллар болатын он шақты ірі келісімге күмән келтіріп отыр. Бұл келісімдер Қашағандағы негізгі нысандарды салған халықаралық құрылыс және инженерлік компаниялармен жасалған. Қазақстан тарапы кей келісімдердің бағасы негізсіз көтерілген, мердігерлер арасында мүдделер қақтығысы болған, келісім алу үшін пара берілген болуы мүмкін деп санайды. Үкіметтің пайымынша, мұндай әрекеттер Қашағанның құнын өсіріп қана қоймай, кен орнын іске қосуды да кешіктірген.

NCOC УӘЖІ ҚАНДАЙ?

NCOC Қазақстанның айыптауларына келіспейді. Консорциум мүшелері журналистерге берген жауабында Қашаған бойынша келісімге, Қазақстан заңдары мен қолданыстағы стандарттарға сай әрекет еткенін айтады. Инвестордың бірі — франциялық TotalEnergies Қазақстанның арбитраждағы талабын негізсіз деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сарапшы: Жаңа парламент іске кіріскен соң Тоқаев мұнай компаниялары мәселесін қолға алады

Ал екінші инвестор — италиялық Eni жемқорлық туралы айыптауларға жауап беріп, Қазақстан мен Италия билігінің бұрынғы тергеулері компанияға қатысты мұндай айыптауларды растамағанын алға тартады. Арбитраж құпия болғандықтан, тараптардың ешбірі даудың жай-жапсарын жарияламай отыр.

БҰДАН БҰРЫНҒЫ ДАУ

Қазақстанның ондаған жыл бұрын жасалған мұнай келісімдерін қайта көтеріп, халықаралық арбитражға жүгініп отырғаны алғаш емес. Reuters дерегінше, 2026 жылдың қаңтарында Қарашығанақ ісін қарайтын халықаралық арбитраж Қазақстанның мұнай компаниялары көрсеткен бірқатар шығынға қатысты уәждерін қолдаған. Іс Стокгольм сауда палатасының арбитраж ережелері бойынша қаралып жатыр.

Қарашығанақты Shell, Eni, Chevron, Lukoil мен "ҚазМұнайГаз" бірігіп игереді. Келісім бойынша кен орнын игеруге кеткен белгілі бір шығындарды бұл компаниялар мұнай мен газ сатудан түскен ақшадан қайтарып ала алады. Бірақ Қазақстан 2010–2020 жылдары компаниялар осылай қайтарып алған ақшаның бір бөлігі негізсіз болды деп санайды. Қазақстанның арызы бойынша, кей шығындар негізсіз көтерілген, ал кей жағдайда іс жүзінде жасалмаған жұмыс үшін де ақша есептелген.

2026 жылғы қаңтарда арбитраж Қазақстанның осы уәждерінің бір бөлігін қолдады. Енді консорциум мемлекетке қанша ақша қайтаруға тиіс екені анықталуы керек. Нақты сома әзірге белгісіз, бірақ Reuters дереккөздерінің бағалауынша, Қазақстан инвесторлардан $2–4 миллиард өндіріп алуы мүмкін. Түпкілікті шешім 2026 жылдың соңына қарай шығады.

ПАРА АЛҒАН КІМ?

Reuters сөйлескен, құпия шешіммен таныс дереккөздің айтуынша, трибунал Қазақстанның 2022 жылға дейін елде "жемқорлық пен клептократияға" жол берілгенін мойындағанын айтқан. Қазақстан кей шенеуніктер Қарашығанақтағы негізсіз шығындарды мақұлдау үшін пара алған деп мәлімдеген. Қазақстан бұл уәжіне айғақ ретінде Италиядағы қылмыстық істің материалдарын көрсеткен. Reuters дерегінше, 2017 жылы бірнеше италиялық мердігер Қарашығанақ пен Қашағанда тапсырыс алу үшін қазақстандық шенеуніктерге пара бергенін мойындаған. Тергеу материалдарында кей мердігерлер шығынды көтеріп көрсетуге келісім алу үшін ақша төлегені, ал кей жағдайда жасалмаған жұмыс үшін де жалған шоттар ұсынылғаны жазылған. Қазақстан осы құжаттарды басқа елдердегі сот істерінде де пайдаланып отыр.

Қарашығанақ пен қазіргі Қашаған ісі — екі бөлек дау. Сондықтан Қарашығанақтағы шешімге қарап, Қазақстан Қашаған ісін де жеңеді деуге болмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаевтың "әділдік" орнату амбициясының артында не тұр?

Бұл жерде Қазақстанның жауапкершілігі туралы да сұрақ туындайды. Өйткені Қазақстанның арбитраждағы уәжіне қарағанда, Астана айтқан жемқорлық жайттарына сол кездегі қазақстандық шенеуніктер де қатысқан болуы мүмкін. Қазақстан атынан бұл келісімдерді кім мақұлдады және мемлекет олардың әрекетін тергеп жатыр ма? Бұл жайттар бойынша қандай да бір іс қозғалды ма? Бұл сұраққа Қазақстан үкіметі жария жауап берген жоқ.

Азаттық Қазақстанның Қашаған бойынша арбитраждағы дереккөз хабарлаған уәждерін растауды не жоққа шығаруды сұрап, үкіметке сауал жолдаған. Энергетика вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев қол қойған жауапта ведомство "халықаралық төрелік процестерінің ажырамас бөлігі саналатын құпиялылық қағидаттарына" сәйкес әрекет ететіні айтылған. Министрлік "ұлттық мүдделерді қорғау бойынша барлық қажетті жұмыстар" халықаралық құқық нормаларына сай жүргізіліп жатыр деп мәлімдеді. Ақпарат тиісті заңгерлік рәсімдер аяқталғаннан кейін жарияланатынын хабарлады.