Accessibility links

Сарапшы: Жаңа парламент іске кіріскен соң Тоқаев мұнай компаниялары мәселесін қолға алады

Қазақстандағы Қашаған кен орны
Қазақстандағы Қашаған кен орны

Түйін

  • БАӘ-нің ОПЕК-тен кетуі және геосаяси жағдайлар мұнай альянсының ішкі бірлігі мен стратегиясына қауіп төндіріп тұр.
  • Экономикалық өсім мен инвестиция қажеттілігі Қазақстанды ОПЕК+ құрамынан шығуға мәжбүрлейді.
  • Ресми Астана Қашаған мен Теңіз сияқты ірі жобалардағы мемлекет үлесі мен табысын арттыру үшін Батыс инвесторларына қысым жасап жатыр.
  • Ішкі саяси реформалар аяқталған соң Қазақстан президенті шетелдік ірі мұнай компанияларымен арадағы құқықтық дау мәселелеріне ден қояды.
  • Жаңа технология мен жаңартылатын энергияның дамуы алдағы онжылдықта мұнайдың әлемдік саясаттағы шешуші рөлін төмендетеді.

Иран төңірегінде шиеленіс болып, мұнай бағасы аспандап жатқанда ОПЕК ұйымынан БАӘ шығып кетті. Қазақстан құрамына мұнай экспорттаушы басқа елдер де кіретін ОПЕК+ альянсына мүше. Әрі қарай не болады? Macro-Advisory консалтинг компаниясының жетекшісі, мұнай сарапшысы Кристофер Уифермен сұхбат.

ОПЕК-тің басты мақсаты — нарықта мұнай тым көбейіп, баға арзандап кетпес үшін өндіріске ортақ шектеулер енгізу. Бұл ұйым әлемдегі мұнай өндірісінің жартысына жуығын бақылап, жаһандық экономикаға тікелей ықпал етіп отыр. Оған Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Кувейт, Нигерия сияқты мұнай экспорттаушы 12 мемлекет мүше. Тағы 10 мемлекет ұйымға серіктес ретінде ОПЕК+ альянсына біріккен. Оның қатарында Қазақстан, Ресей мен Әзербайжан да бар.

"ЕЛДЕР ЖАҒДАЙДЫ ҚАЙТА САРАЛАЙ БАСТАЙДЫ"

Азаттық: Қазақстанның энергетика министрі елдің бұл ұйымға қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді, Ресей де осыған ұқсас пікір білдірді. Араб Әмірліктерінің кетуі ұйымда қалған мүшелердің стратегиялық жоспарларына қалай әсер етуі мүмкін? Қалай ойлайсыз, картель трансформацияға ұшырай ма, әлде оның орнын басқа бір ұйым басуы мүмкін бе?

Уифер: Меніңше, бұл соғыс аймақтың осал тұстарын, әсіресе Ормуз бұғазы сияқты маңызды нүктенің қауіпсіздігі мәселесін көрсетіп берді. Оған қоса, Біріккен Араб Әмірліктерінің ұйымнан кеткенінен ОПЕК ішінде өзгерістер болып, елдер жағдайды қайта саралай бастайды. Қазақстан, Ресей мен басқа да мүше мемлекеттердің ОПЕК-пен ынтымақтастығын білдіріп, ешқандай өзгеріс жасамайтынын айтқаны тосын мәлімдеме емес.

Кристофер Уифер
Кристофер Уифер

АҚШ-тың қысымымен Венесуэла басқаша қадам жасауы мүмкін. Ал қалғандары ұйым ішіндегі позицияларын сақтап қалады және тек жағдай тұрақталып, тынышталғанда ғана әлдебір әрекетке баруы мүмкін деп ойлаймын. Сол кезде барып әлемнің, әсіресе мұнай нарығының жағдайына қарай дұрысырақ шешім қабылдауға болады. Өйткені дәл қазір не болатынын ешкім білмейді. Соғыс ертең аяқталып, бұғаз ашылып, мұнай нарығы еркін қимылға ұласуы мүмкін, ондай жағдайда баға төмендейді. Немесе жағдай одан әрі ушығып, нысандарға көбірек зақым келіп, тасымал ұзақ уақытқа бұғатталуы мүмкін. Бұл жағдайда мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы өте жоғары болады.

"ҚАЗАҚСТАН ОПЕК+ ҚҰРАМЫНАН ШЫҒАДЫ"

Азаттық: Өзіңіз айтқандай, Қазақстан өткен жылға дейін мұнайды квотадан артық өндіріп келді. Кейін Каспий құбыр консорциумындағы техникалық мәселелерден және дрондар шабуылынан экспорт көлемі азайды. Әйтсе де, Қазақстан ОПЕК квотасына қарамастан Теңіз, Қарашығанақ пен Қашаған кен орындарында өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазақстан ұйым алдындағы міндеттемелерін сақтай отырып, өндірісті арттыру жоспарларын іске асыра ала ма? Бұл қаншалықты қисынды?

Уифер: Меніңше, Қазақстан ұйымнан шығады, тіпті оны шығарып жіберуі де әбден мүмкін. Өйткені, егер ОПЕК немесе ОПЕК+ аман қалса, Араб Әмірліктері кеткеннен кейін Сауд Арабиясының ықпалы бұрынғыдан да арта түседі.

Сауд Арабиясы ұйымға мүше елдер арасында әлдеқайда жоғары тәртіпті талап ететін болады. Яғни, ұйым сақталып қалса, Эр-Рияд бақылауды барынша күшейтіп, ережелерді сақтамайтын елдерге мүлдем төзбейді.

Тағы соғыс бастала ма? Трамп Иранның ұсынысын қоқысқа теңеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:52 0:00

Ал [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев президенттік мерзімінің соңына дейін экономика мен ел үшін өте өршіл мақсаттар қойып отыр. Ол осы онжылдықтың соңына қарай экономикалық белсенділікті арттырып, инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын жақсартқысы келеді. Осының бәріне өте көп қаражат қажет. Сондықтан оған ақша керек. Бұл анық нәрсе.

Қазақстанға ақша қажет және оны алудың екі жолы бар. Біріншісі, әрине, мұнай өндіруді тоқтатпай, баға жоғары болады деп үміттену, сол арқылы экспорттан кірісті молайту.

Бірақ ОПЕК-ке қатысы жоқ, Қазақстанның мұнай саласына тікелей әсер ететін тағы бір мәселе бар: бұл — әсіресе Қашағанға қатысты бірнеше ірі қаржылық талаптар. Бұған экологиялық мәселелер, жемқорлық туралы айыптаулар мен тиімсіз келісімдер туралы уәждер де кіреді. Бұл мәселелер инвестицияға қауіп төндіріп түр.

Сондай-ақ, былтыр үкімет пен президент Тоқаевтың алдыңғы билік тұсында жасалған өнімді бөлісу туралы келісім шарттарын қайта қарағысы келетінін айтқанын естідік. Ол бұл келісімдер ел үшін өте тиімсіз шарттармен жасалған және соның кесірінен бюджет қаражаттан қағылып жатыр деп есептейді. Қазақстанда осы "Дамокл қылышы" іспетті мәселелерге, яғни Қашағанға салынатын ірі айыппұлдар мен өнімді бөлісу келісімдерін қайта қарауға қатысты қандай да бір шешім қабылданатын кезеңге аяқ басып жатырмыз. Теңіздің лицензиясын жаңарту мерзімі келесі онжылдықтың басында келеді. Демек, келіссөздер жақын арада басталуға тиіс.

"ЕКІ ЖАҚ ТА АЙЛАСЫН АСЫРУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫР"

Азаттық: 1990 жылдары келісілген шарт талаптары көпке белгісіз, ол жарияланбаған. Ал қайта қарау бойынша екі тараптың уәжі қандай? Әзірге дейін не белгілі?

Уифер: [Қазақ] үкіметі жаңа келісім арқылы Қазақстан бюджетіне түсетін табыс пен пайданың үлесін арттыру үшін өнімді бөлісу келісімдерін қайта қарағысы келеді. Барлық түйткіл осында жатыр. Алдыңғы әкімшілік тұсында жасалған мәмілелер халықаралық мұнай компанияларыб яғни батыстық алпауыттар үшін тым тиімді, сондықтан оларды қайта қарау қажет деген айыптаулар айтылып жатыр.

Қазақстан Ресейдің 2007 жылғы тәжірибесін белгілі бір дәрежеде қайталап отыр. Ол кезде ресейліктер де қазіргі Қазақстан сияқты заңды келісімдерді біржақты бұзғысы келмеді, бірақ Батыстағы серіктесеріне қатты қысым көрсетті. Соның салдарынан олардың бәрі өнімді бөлісу келісімдерін бұзып, жаңасына қол қоюға өз еркімен келісті. Нәтижесінде ресейлік компаниялардың үлестік бақылауы артып, бюджетке түсетін табыс көлемі едәуір ұлғайды.

Президент Тоқаевтың да көздегені — осы. Басты мәселе — қазақ шенеуніктерінің бұл шарттар мемлекет үшін әділетсіз және "ҚазМұнайГаз" немесе Қазақстан бақылауындағы компанияларға көбірек үлестік бақылау беру үшін қайта қаралуы керек деп мәлімдегені. Басқаша айтқанда, 50,1% бақылау пакетін алу және қайта қаралған салық шарттары немесе дивидендтер мен кеңейтілген бақылау арқылы табыстың басым бөлігіне ие болу.

Нақты деректердің аз болуының бір себебі — мәселенің әлі де жалпы сипатта болуында.

Президент Тоқаев пен оның командасы ескі келісімдердің күшін жойып, жаңаларын енгізгісі келеді, сондықтан олар әзірге жекелеген тармақтар төңірегінде "айналсоқтап" жүр. Қазіргі уақытта Қашағанға қойылған ірі талаптардың көлемі шамамен 175 миллиард долларға жетті. Оның ішінде NCOC оператор компаниясына қатысты жемқорлық айыптар бойынша 10 миллиард долларға жуық талап бар.

Сондай-ақ, күкірттің дұрыс емес немесе заңсыз сақталуы салдарынан қоршаған ортаға келген залал үшін миллиардтаған долларлық айыптар тағылған. Бұған қоса, тиімсіз шарттардың кесірінен бюджетке түспей қалған 160 миллиард долларға жуық орасан зор сома тағы бар; бұл талаптың өз ішінде төрт-бес түрлі құрамдас бөлігі қарастырылған.

Қазір бір талап қаралып жатыр. Операторлар қазақ үкіметіне қарсы 5 миллиард долларлық талап арыз түсірді, бірақ қазақ үкіметі де NCOC-қа қарсы күкіртті дұрыс сақтамау салдарынан келген экологиялық залал үшін шамамен соған тең сомадағы талапты жеңіп алды. Былайша айтқанда, екі жақ та айласын асыруға тырысып жатыр.

Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай компанияларымен 160-170 миллиард доллар үшін халықаралық сотта ашық айқасқа түскісі келмейтіні анық. Мұнай компаниялары да мұны қаламайды. Сондықтан олардың әзірге 5 миллиард доллар сияқты салыстырмалы түрде кішігірім сомаларға назар аударуының астарында — бұл қадамдар ерте ме, кеш пе үкіметтің көңілінен шығатын жаңа шарттармен ерікті түрде келісімге келуге алып келеді деген үміт жатыр.

Бірақ дәл қазір олар мәселенің айналасында аңдап басып жүр және ешкім тым қатты қысым көрсеткісі келмейді. Себебі мұндай қомақты сома үшін халықаралық арбитражға бару екі тарап үшін де өте зиян әрі біраз ақша шығын болады. Сонымен қатар, егер Қазақстан заңды келісімдерді күштеп өзгертіп жатыр немесе қысым көрсетіп жатыр деп қабылданса, бұл елдің инвестициялық имиджіне нұқсан келтіреді.

Болжамым бойынша, бұл мәселенің маңызы артып, осы жылдың соңына қарай белсенді фазаға өтеді. Президент Тоқаев реформаларды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Әрине, конституциялық реформа ол үшін өте маңызды болды және көп уақытын алды. Бірақ енді Конституция өзгерді, келесі кезең — жаңа парламентті сайлау. Жаңа парламент жұмысқа кіріскеннен кейін президент Тоқаевтың келесі қадамы ірі мұнай компанияларына қатысты осы қордаланған құқықтық мәселелерді шешу болмақ. Меніңше, бұл мәселе осы күзде, қыста немесе көктемде біржақты шешіледі. Оны бұдан әрі шегеру мүмкін емес, өйткені бұл жағдай белгісіздік тудырып, Қазақстанның іс-әрекетіне қатысты жағымсыз пікірталастарды өршітіп жатыр. Олар бұл мәселеге нүкте қоюы керек.

Саяси өзгерістер мен жаңа үкімет құру сияқты Тоқаев үшін өте маңызды кезеңдер аяқталды. Енді бұл – шешуге тиіс ең соңғы әрі ең ірі түйткіл, сондықтан жаңа парламент жұмысын бастағаннан кейін бұл мәселе басты назарда болады деп ойлаймын.

"КЕЛЕСІ ОНЖЫЛДЫҚТА МҰНАЙ ШЕШУШІ РӨЛ АТҚАРМАЙДЫ"

Азаттық: Әңгіме басында сіз "он жылдан кейін қазіргі жағдайды энергетика бағасының ең жоғары өскен кезі деп еске аламыз" дедіңіз. Болашаққа қатысты болжамыңызды сұрасам: энергетика секторы жақын болашақта қалай өзгеруі мүмкін?

Уифер: Меніңше, кейінгі 100 жылда мұнай өте құбылмалы, аса саясиланған тауар болды. Әсіресе 1970-жылдардың басынан бері бұл үрдіс қатты байқалды, бірақ қазір біз осы кезеңнің соңына жақындап қалдық деп ойлаймын. Мұнай бағасы төмендеп, солай қалып қояды немесе мұнай дәуірі бітті деген болжамнан мүлдем аулақпын.

Бірақ бүгінгі әлемдік энергетикада негізгі өнім ретінде үстемдік етіп отырған мұнайдың рөлі болашақта тез өзгереді деп ойлаймын. Өйткені жаңартылатын энергия көздері саласында, әсіресе батареяларға қатысты әлдеқайда озық технологиялар пайда болып жатыр. Бұрын күн панельдеріне ашық әрі қатты күн сәулесі керек болса, қазір жай ғана күндізгі жарық жеткілікті. Технологиялар күннен-күнге жақсарып келеді, ал энергияны сақтау, әсіресе батареяларда сақтау жүйелері қарқынды дамып жатыр.

Сондықтан, Африка мен дамушы Азия елдеріндегі халық санының өсуіне байланысты мұнайға деген сұраныс әрқашан арта береді деген пікірмен келісу қиын. Мысал ретінде алсақ, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі немесе Азия даму банкінен грант алып, жаңартылатын энергияға негізделген әлдеқайда арзан технологияларды пайдалану мүмкіндігі тұрғанда, неге Африка елі автоматты түрде мұнай сатып алуы керек?

Дамушы елдер мен өсіп келе жатқан халық мұнайға деген сұраныстың артуын қамтамасыз ете береді деген уәжге келіспеймін. Ол елдерде жаңартылатын энергия көздеріне көшу әлдеқайда жылдам жүреді, өйткені олар қолжетімді әрі сапасы жақсарып келеді. Әрине, мұнай мен көмір атом энергиясы және жаңартылатын көздермен қатар әлемдік энергетикалық баланстың бір бөлігі болып қала береді.

Бірақ менің айтпағым, мұнай өндірушілер оны саяси қару ретінде қолданатын немесе бұрынғыдай бағаны өз бетінше басқаратын кез аяқталып келеді. Соғыстарға байланысты тасымал жолдарының бұғатталуы мұнай бағасын күрт өсіретін кезең де тез арада тарихқа айналады. Иә, мұнай сатылатын жақсы өнім болып қала береді, ол экспорттық табыс әкеле береді. Бірақ мұнайдың бағасы өте жоғары әрі ерекше өнім болған кезеңі алдағы бірнеше жылда аяқталады деп ойлаймын.

Келесі онжылдықта ол маңызды жаһандық өнім болады, бірақ бұрынғыдай шешуші рөл атқармайды. Сондықтан бұл Қазақстанның мұнайға инвестиция салып, ақшасын босқа жұмсап жатқанын білдірмейді.

Менің болжауым бойынша, 10 жылдан кейін мұнай әлдеқайда тұрақты экспорттық тауарға айналады. Ол қазіргі кейбір негізгі металдар немесе астық сияқты азырақ саясиланған, бағасы тым құбылмалы емес, бірақ бәрібір маңызды әрі жақсы табыс көзі болып қалады.

Сондықтан да президент Тоқаевтың үкіметі қазір ірі мұнай жобаларын бюджетке түсетін табыс үлесі бүгінгіден әлдеқайда көп болатындай етіп қайта реттегісі келеді.

  • 16x9 Image

    Жолдас ӨРІСБАЙ

    Азаттық тілшісі, пропаганда және биліктің қоғамдық пікірді бақылауға талпынуына қатысты зерттеулер жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алған. АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде журналистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Мақалалары халықаралық Eurasianet, The Diplomat басылымдарында және АҚШ-тың Мичиган штатындағы жергілікті газеттерде жарық көрді.

    «Тәуелсіз журналист биліктің жасырғысы келгенін әшкере етеді. Бірақ шындықты іздеу миссиясы қоғамдық мүддеге сай болмаса, оның да астарына үңілу керек. Себебі журналист үшін қоғамдық мүдде бәрінен жоғары. Әйтпесе, жақсы қоғам құру мүмкін емес».

    Email: OrisbayevZ@rferl.org

Айдар
XS
SM
MD
LG