Қазақстанда "11М" қоғамдық-саяси қозғалысы мүшелерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі Рүстем Амангелді екі айға үйқамаққа алынды. Мұны белсенді Әлнұр Ілияшев айтты деп хабарлады Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы.
Ілияшевтің сөзінше, 4 және 15 қазан күндері оның және қозғалыстың тағы бір негізін қалаушы Владимир Дворецкий мен олардың серіктестерінің баспаналарында тінту өткен. Күштік құрылымдар өкілдері әлгі адамдардың құжаттары, телефондары мен компьютерлеріне қоса туыстарының бұйымдарын да алып кеткен.
Рүстем Амангелді 13 қазанда ұсталды. Оған сот актісін орындамады деген айып тағылған.
Ілияшев болып жатқан жайттарды қозғалыс мүшелеріне жасалған қысым деп бағалады. Ол өз үндеуінде бұл қудалау елде мерзімінен бұрын өтуі ықтимал президент сайлаумен және биліктің сайлаушылардың тәуелсіз бірлестігінің іс-әрекетіне жол бермеу талпынысымен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтты.
"Біреулер болып жатқан жайтты президенттік транзит аясында 2027 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтуі мүмкін сайлаумен байланыстырады және билік бақылауға көнбейтін сайлаушылардың бірігуіне жол бермеуге тырысып жатыр деп есептейді. Басқа біреулер мұның өзге де себептері бар деп санайды. Сондықтан қазіргі жағдайда бізге оқиғалардың бұдан әрі қалай өрбитінін болжау қиын. Біз "Заң мен тәртіп" қағидатын қатаң сақтау және жаңа Конституцияға сүйену баянсыз уақытта өзімізге тірек болады деп үміттендік. Алайда белгілі бір жағдайларда бұл қағидаттар жұмыс істемейтініне көзіміз жетті", – деп жазды белсенді.
Биыл қыркүйектің басында Ілияшев пен белсенді Марат Тұрымбетовтің үйінде де тінту жүргізілген еді. Екеуінің үстінен алаяқтық дерегі бойынша іс қозғалған. Алматы қалалық прокуратурасы бұған шетел азаматының арызы негіз болғанын хабарлаған.
Тұрымбетов әлі үйқамақта отыр. Оның адвокаты құпияны жарияламау туралы қолхат бергендіктен істің мән-жайын аша алмайтынын айтты. Жақтастары гемодиализге мұқтаж белсендінің денсаулық жағдайына алаңдап отыр.
"11М" қоғамдық-саяси қозғалысы парламент сайлау қарсаңында бірмандатты округтер жойылған шақта құрылды. Жаңа сайлау жүйесіне сәйкес, Құрылтай депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады. Қозғалыстың атауы Қазақстандағы 11 миллион сайлаушы санын меңзейді – бастамашылар елде партияда жоқ осынша адам бар деп бағалайды. Олар саяси партия қатарында жоқ азаматтардың мүддесін қорғағысы келетінін мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауыҚазақстан билігі елде президент сайлау мерзімінен бұрын өтуі мүмкін екенін айтқан емес. Тамыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлаудың өту ықтималдығы мен оған өзінің қатысатыны я қатыспайтыны жайлы айтуға "ертерек" деп мәлімдеген. Заңда белгіленген мерзім бойынша, Қазақстанда кезекті президент сайлау науқаны 2029 жылы өтуге тиіс.