"Кім не істеді, қашан және қайда барды". Қазақстанда әркімді цифрлық бақылауда ұстайтын жүйе құрылды

Қазақстанның қаржы министрлігі ғимараты, Астана қаласы.

Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов өткен аптада елдегі барлық тұрғындарға "цифрлық карта" ашылғанын айтты. Енді салық органдары жаңа жүйе арқылы азаматтардың кіріс-шығысын, кім қайда барғанын және өзге де деректерді толық біліп отыратын болды. Әзірге жұрт арасында бұған наразы болып жатқандар бәлендей көп емес, ондайлар негізінен әлеуметтік желілерде ғана байқалады. Сын айтушылар бұл бастама жеке өмірге араласу қаупін күшейтеді деп санайды.

"Бәріне цифрлық карта ашылған"

Қазақстанның қаржы министрлігі Smart Data Finance платформасын іске қосты. Жаңа платформа 74 түрлі дереккөзден мәлімет жинайды. Оның арасында мемлекеттік органдар дерекқорлары, банктер, сақтандыру компаниялары және букмекер кеңселері бар.

Жаңа өнімді жұртшылыққа таныстыру шарасында елдің қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекет енді азаматтар жайлы "бүкіл" деректі білетін болады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, жүйеде жеке адамның кіріс-шығысы ғана емес, тіпті оның қашан, қайда сапарлап барғаны туралы мәлімет те қамтылады.

Қазақстанның қаржы вице-министрі Ержан Біржанов

"Салық тіркеуі жөніндегі мәліметтер, КБМ (кассалық бақылау машиналары – ред.), кәсіби қызметі, қайда және қашан жұмыс істегені – бәрі біздің қолымызда бар. Толық досье. Отбасы жағдайы. Әрі қарай да кеңейтуге болады: жұбайына, балаларына да осындай карта аша аламыз. Жеке тұлғалардың бәріне карта ашылған. Жүріс-тұрысын біле аламыз. Соңғы рет қайда, қашан ұшып барды, жүкпен бе, әлде жүксіз бе, кіммен бірге ұшты – ондай ақпаратты да көре аламыз. Осындай барлық деректер негізінде біз мемлекеттік қаржы картасын жасап отырмыз", – деді Біржанов жаңа өнімді таныстыру шарасында.

Әрбір азаматтың өмірін бақылауға ұмтылып отырған биліктің қылығын қоғамда сынға алып жатқандар бар. Әлеуметтік желілерде қолданушылар бұл жағдайды антиутопиялық шығармалар сюжетімен салыстырып, мұндай жаппай бақылау мемлекет қол сұғылмайды деп кепілдік беріп, Конституцияда бекіткен құқықтарды өрескел бұзатынын айтып пікір білдіріп жатыр.

"Одан да мемлекеттік қызметкерлерді және бюджеттен миллиардтап қаржы ағылатын тендерлерді бақыласын", – деп жазды jbmy_life есімді қолданушы.

"Егер дәл осындай құлшыныспен лауазымды адамдардың әйелдері мен туыстарын бақыласа, қазынаны толтыру үшін салық реформасын жасап, ақша іздеудің еш қажеті болмас еді. Тіпті артылып та қалар еді", – дейді yermek.khussainov.

"Менің және отбасымның бүкіл дерегі маған айтпай жиналса, бұл жеке құқықтар мен бостандықтарға қол сұғу емес пе?" – деген сұрақ қояды lar3469.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Цифрландыру һәм жаппай бақылау. Қазақстан Қытай үлгісін көшіре ме?

"Жаппай бақылауды ұстау"

Қазақстандық экономист Айдар Әлібаев салық деректерін осылайша цифрландыру азаматтардың құқықтарын бұзады деп есептейді. Ол қазіргі Конституцияның 18-бабында әрбір азаматтың жеке өміріне, дербес және отбасы құпиясына қол сұғылмайтындығына кепілдік берілгенін еске салады.

"Бұл – жаппай бақылау. Бұл – жеке өмірге араласу. Бұл – адам бостандығы мен құқықтарын бұзу. Тіпті, тікелей біздің конституциялық құқықтарымызды бұзу деп айтар едім. Сондықтан Қаржы министрлігі осындай жаңашылдығымен өзінің қаржы функциялары аяқталатын, ал маған тіпті атауын табу қиынға соғатын басқа функциялар басталатын шектен асып отыр деп есептеймін. Бұл жерде әлдебір полицейлердің, жандармдардың функциялары басталады", – дейді Әлібаев.

Оның пікірінше, бақылауды күшейтудің кері әсері болуы мүмкін екенін ұмытпау керек: жұрт цифрлық төлемнен және онлайн сауда-саттықтан бас тартуы ықтимал. 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енген соң бөлшек саудадағы кәсіпкерлердің көбі қолма-қол ақшамен есеп айырысуға көшкен. Соның салдарынан көлеңкедегі экономиканың үлесі артуы мүмкін, деп ескертеді сарапшы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаулап өсіп жатыр". Қазақстанда қымбатшылық күшейіп, табыстың көп бөлігі тамаққа кетіп жатыр

Қаржы министрлігінің өкілдері болса, керісінше, салық бақылауын цифрландыру азаматтарды табысын міндетті түрде декларациялау қажеттігінен босатады, өйткені мемлекет халықтың күллі қаржы операциясынан онсыз да хабардар болады деген уәж айтады.

Алайда бұл бастамаға қоса киберқауіпсіздік мәселесі де туындайды. Құпия деректердің қолды болу қаупі бар. Елде мемлекеттік органдар дерекқорынан ауқымды мәліметтер бұған дейін де ұрланған.

Мысалы, былтыр жазда қазақстандықтардың 16 миллионнан астам жеке дерек жазбасын алаяқтар жымқырғаны белгілі болды. Азаматтардың аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірлері, мекенжайы, туған күні, телефон нөмірлері және өзге де мәліметтер интернетте тарады. Қазан айында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев деректер оларға оңай қолы жететін заңды аккаунттар арқылы жымқырылған болуы мүмкін екенін айтқан. Деректер тарап кеткеннен кейін билік қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, алайда тергеу нәтижесі сол күйі жарияланған жоқ.