Қазақстанда доллар неге арзандап жатыр? Әрі қарай не болады? Сарапшының жауабы

Қазақстанда доллар арзандап, теңге қымбаттап барады. Бұл ел экономикасына қалай әсер етеді? Неге мұндай тенденция байқалып отыр? Алда не болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға экономист Мақсат Халық жауап берді.

Азаттық: Қазақстанда доллар неге арзандап барады? Ең басты, негізгі себептерін қандай?

Мақсат Халық: Дәл қазіргі уақытта ең қатты әсер етіп тұрған фактор — бұл мұнай бағасы деп айтуға болады. Қазір мұнайдың бір баррелінің бағасы 100 доллардан асып кетті. Таяу Шығыстағы, жалпы Парсы шығанағындағы, Ормуз бұғазындағы жағдай реттелмейінше мұнай бағасы өсе беретін көрінеді. Тіпті кейбір сарапшылар баға одан да жоғары өсе береді деп болжап отыр.

Экономист Мақсат Халық

Осындай сценарий сақталатын болса, әрине, ол теңгеге оңтайлы әсер тигізе береді. Өйткені мұнай сататын елдер қатарында болғандықтан, теңгенің белгілі бір дәрежеде мұнай бағасына тәуелділігі бар.

Тағы бір мәселе бар. Ең негізгі әсер етіп отырған факторлардың бірі — бұл carry trade деп аталатын операция. Бұл не деген сөз? Қарапайым тілмен айтсақ, шетелдік азаматтар Қазақстанға келіп, осы жерде теңге сатып алады да, оны теңгелік құнды қағаздарға салып қояды. Осы операция соңғы бір жылда өте қатты өсті. Өткен жылдың басында 2 триллион теңгеге дейін сатып алған.

Your browser doesn’t support HTML5

Доллар арзандады. Баға ше? — AzatNEWS l 11.09.2026

Азаттық: Яғни шетелдік азаматтардың Қазақстанда құнды қағаздарды сатып алу белсенділігі артты деген сөз ғой?

Мақсат Халық: Иә. Оның негізгі себебі — теңгедегі құнды қағаздардың кірісі жоғары. Қазақстанда Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі жоғары болып тұр. Өткен жылдары ол 18 пайыз болып тұрды. Ол ақырын түсіп келе жатыр, қазіргі мөлшері – 16,25%. Соның есебінен бізде депозиттердің кірісі өте жоғары. Соңғы жылдарда депозит ашқан азаматтар айтарлықтай табыс тапты. Сонда азаматтар артық ақшасы болса, теңгедегі депозиттер мен құнды қағаздарға ақша салуға тырысып жатыр. Бұл –теңгеге деген сұранысты белгілі бір дәрежеде арттырып, соңғы уақыттарда теңгенің күшеюіне түрткі болып жатқан негізгі факторлардың бірі.

Азаттық: Экономист Олжас Құдайберген әлеуметтік желіде доллардың арзандауы Қазақстанның бюджетіне де, экономикасына да ауыр соққы болады деп жазыпты. Оны шешудің бір жолы — жоғары базалық ставканы түсіру керек деп отыр. Осыған келісесіз бе, шынында осындай қауіп бар ма? Егер базалық ставканы түсірсе, шетелдік инвесторлардың, құнды қағаз алатындардың саны қайта азайып кете ме?

Мақсат Халық: Иә, Ұлттық банк те ниеті – базалық пайыздық мөлшерлемені бірте-бірте төмендету екенін айтып отыр. Қазір инфляция бір таңбалы деңгейге түсті. Алда ол одан әрі төмендеп, 8-9 пайыз болса, онда Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені едәуір төмендетуі мүмкін, ондай мақсаты бар екенін өздері айтты. Меніңше, бұл – дұрыс саясат, өйткені соңғы уақытта өте қатаң ақша-несие саясаты жүргізілді.

Базалық пайыз елдегі ақшаның құнын нақты көрсетеді. Кез келген нәрсенің бағасы бар, сол сияқты ақшаның да бағасы бар. Ақшаның бағасын осы базалық пайыздық мөлшерлеме көрсетеді. Қазіргі мөлшерлеме деген — еліміздегі ең төмен несие пайызы осындай болады деген сөз. Одан төмен пайызбен ешкім ақша бермейді. Екінші деңгейдегі банктер де теңге керек болса, осындай пайызбен алады. Оны ары қарай халыққа беру керек болса, мәселен ипотекалық несие беретін кезде оның үстіне қосады. Соңғы уақытта банктерде ипотекалық несиенің жоғары болуының себебі де осы — біздегі базалық пайыздық мөлшерлеме. Мемлекеттің де бір дұрыс ипотекалық бағдарлама құра алмауының бір себебі — осы базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы.

Оның жоғары болуының тағы бір үлкен зияны — іскерлік белсенділікке кері әсер тигізеді. Бизнес өзіне қаражат таба қояйын, несие ала қояйын десе, соншалықты жоғары пайызбен тұрған несиені ешқандай кәсіпкер алмайды. Өйткені табысының бәрін несие төлеуге жұмсаса, ол қай жері кәсіпкер? Сондықтан да Олжас Құдайбергеннің "базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету керек" деген ойымен келісемін. Ақырындап бізде де төмендету керек, өйткені ол белгілі бір дәрежеде арзан несиені қамтамасыз етеді, тиісінше іскерлік белсенділікті күшейтеді, экономиканың ілгерілеуіне жол ашылады. Ипотекалық несиелер де төмендей бастайды. Осы сценарий бізге керек.

Бірақ оның тәуекелі де бар: carry trade-ке келіп отырған шетелдік азаматтар ертең ақшаларын біртіндеп алып кете бастауы мүмкін. Демек ақша келуі тоқтайды деген сөз. Белгілі дәрежеде теңгеге тағы да қысым түсе бастайды деген сөз. Бірақ экономиканың негізгі мақсаты — біржақты болмау. "Таяқтың екі ұшы бар" деген сияқты, экономика теңгерімді ұстауы керек. Яғни ақша-несие саясатын жүргізіп отырған азаматтар, Ұлттық банк өкілдері ең негізгі нәрсе - эквилибриумды, яғни экономиканың теңгерімін сақтауға күш салуы керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ұлттық қауіпсіздікке тікелей соққы". Ұлттық қордан әлеуметтік нысандарға ақша алу дұрыс па?

Азаттық: Әдетте Қазақстанда доллар қымбаттағанда тауардың да бағасы өседі. Үкімет те бізге тауар шетелден доллармен келеді, сондықтан қымбаттайды дегенді айтып келді. Алайда доллар едәуір арзандап тұр ғой. Соған сай тауар, азық-түлік те арзандауы керек емес пе?

Мақсат Халық: Сұрағыңыз орынды. Ол негізінде тауардың бағасы арзандауына белгілі бір дәрежеде ықпал етуі керек. Бірақ ол бірден әсерін тигізбейді. Егер теңгенің бағамы осы қалпында кемінде алты ай тұрса, онда кейін келген тауарлар арзан бағамен келе бастайды да, сол кезде баға арзандағанын байқай бастаймыз.

Бірақ бізде көбінесе кәсіпкер азаматтар "доллар өсіп жатыр" деп қымбаттатуға үйреніп алған. Ал доллар төмендеп жатқан кезде ешкім бағасын түсіргісі келмейді — сол бағамен сата береді, өйткені әркім өзінің пайдасын, маржасын ойлайды. Кәсіпкерлік соған құрылған. Дегенмен, ұзақ мерзімде теңге тұрақты болса, ол кейін келетін импорттық тауарлардың бағасының арзан болуына, қатты қымбаттамауына өз ықпалын тигізеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Мұнай алпауыттарын сотқа берген Қазақстан. $160 миллиардтың жыры

Азаттық: Ал доллардың арзандауы қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін? Бір күні тағы да кенет күрт қымбаттап кетуі мүмкін бе?

Мақсат Халық: Иә, ондай тәуекел де жоқ емес, шынын айту керек. Американың Федералдық резерв жүйесі де доллардың негізгі құнын өздері белгілейді, доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін бекітіп отырады. АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына қарасақ, ол доллардың құнын төмендеткенді қалап отыр. Бірақ Трамп қанша қаласа да, ол нарықтың заңдарына сәйкес жұмыс істейтіні түсінікті. Қазір мұнай бағасының қымбаттауы әлемде жанар-жағармайдың қымбаттауына әсерін тигізіп жатыр. Соның салдарынан қазір Америкада өте үлкен инфляция бар. Бұл жағдай, керісінше, оларды доллардың құнын төмендетпей, арттыруға мәжбүрлеуі мүмкін деген болжам бар. Алдағы аптада Федералдық резерв жүйесінің отырысы болады, олар доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеретін болса, онда доллар қайтадан күшейіп кетуі мүмкін.

Азаттық: Доллардың арзандауы Қазақстан экономикасының жақсарып келе жатқанын білдіре ме? Мысалы, инфляцияның азаюы, жалпы ішкі өнімнің көбеюі — осылар да теңгенің қымбаттауына әсер етіп жатыр ма?

Мақсат Халық: Қазақстан экономикасы негізінде сандық сипатта жақсарып жатыр. Өткен жылғы жалпы ішкі өнімнің 6,5 пайыздық өсімі — ол негізінде инфляцияның, елдегі қымбатшылықтың арқасында іске асырылған өсім деп атап өткім келеді. Ал бізге сапалы өсім керек. Әзірге сапалы өсім бар деп айту қиын. Нақты экономиканың құрылымына мән беретін болсақ, бізде әлі де қордаланған мәселелер бар. Ол қаржы саясатында, салық-бюджет саясатында да, ақша-несие саясатында да қалыптасып отыр.

Доллар төмендеп, теңге күшейіп жатқанынының негізгі факторларын атап өттік. Ол негізінен сыртқы факторлардың әсерінен жүзеге асып отыр. Тағы бір мәселе бар. Ұлттық банктің соңғы жүргізіп жатқан саясатын атап өту керек. Оның ішінде "зеркалирование", яғни айналдыру деген саясат жүргізді. Одан бөлек, банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптарды ұлғайтып отыр. Яғни банктер бұрын Ұлттық банкте резервте ұстайтын қаражаты аздау болса, қазір оның көлемін ұлғайтты. Сондықтан банктер артық ақшаны қазір пайдалана алмай, оны Ұлттық банкке резервке беріп қоюға міндетті болып отыр. Міне, осындай қатаң ақша-несие саясатының нәтижесінде айналымдағы ақша массасы қысқара бастады. Артық ақшаны долларға жұмсауға, доллар сатып алуға тежеу қойып отыр деуге болады. Яғни бұл — экономика жақсара бастады деген сөз емес, ақша-несие саясатындағы құралдарды қолданудың нәтижесі.