Қазақстанда кейінгі екі жылда 25 мыңдай шаруа қожалығы жабылған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың басында елде 270 мың шаруа қожалығы болса, 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 245 мың 800-ге дейін азайған. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рахымбеков мұны қауіпті үрдіс деп бағалап отыр.
"Біріншіден, қысқару екі жылдан бері жалғасып келе жатқаны алаңдатады. Екіншіден, бұл үрдіс қарқынды жүріп жатыр. Үшіншіден, шаруа қожалықтарының қысқаруын Қазақстан тәуелсіздік алған 35 жылдан бері алғаш көруім. Бұған қоса, жеке қосалқы шаруашылықтардың да саны 26 мыңға азайған. Бұл біреулер үшін құр статистика шығар, дегенмен, елдегі сүт пен еттің 90 пайызын осы шаруа қожалықтары мен жеке шаруа қожалықтары қамтамасыз ететінін ескерсек, ішкі нарықта осы өнімдердің көлемінің азаюы әбден мүмкін" – деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Сарапшы ішкі нарықтағы ет пен сүт, "азық-түліктің қымбаттауына осыдан кейін ауыл шаруашылығымен айналысатын басқа елдерді кінәлаймыз ба әлде басқа бір түсіндірме табамыз ба?" деп сауал тастайды. Кейінгі деректер бойынша, ең көп шаруа қожалығы Түркістан облысында тіркелген. Одан кейінгі орында – Алматы мен Жамбыл облыстары. Шаруа қожалықтары Қазақстандағы шағын және орта бизнестің шамамен 10 пайыздан астам үлесін ұстап отыр. Елде таза егіншілікпен, малмен айналысатын және екі саланы қатар ұстайтын шаруашылықтар бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мал өсіру тиімсіз болып қалды". Ет бағасы ырыққа көнбей тұр. Тығырықтан шығудың жолы қайсы?АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ
Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны объективті себептерге байланысты туындаған ахуал деп отыр. Мекеме Азаттыққа жолдаған ресми жауабында агробизнес өзара кооперативтерге бірігіп, белсенділігі төмен шаруашылықтар жұмысын тоқтатып жатыр деді. Министрлік мәліметінше, кейінгі жылда елде мал басы да өскен. Ақпаратқа қарағанда ірі қара мал 2,5 пайызға, ұсақ мал 1,5 пайызға, жылқы 5,5 пайызға көбейген.
"Мысалы, шаруа қожалықтарының саны 14,4 мың бірлікке қысқарса, заңды тұлғалар саны керісінше артты. Осылайша қалыптасып отырған динамика аграрлық сектор құрылымындағы сапалық өзгерістерді көрсетеді. Жалпы алғанда, қазіргі өзгерістер агробизнесті ірілендіру, кооперацияны дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру үрдісін растайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі көрсеткіштерінің өсуімен де расталады. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 7,8 пайыз, мал шаруашылығында 3,3 пайыз" – деді министрлік.
Мемлекет фермерлер мен агроөндірушілерге қаржылай қолдауды субсидия арқылы береді. Мысалы, кәсіпкер тұқым, тыңайтқыш сатып алса, шығынның бір бөлігін мемлекет қайтарады, техника алса, бағасының бір бөлігін өтейді, несие алса, пайызын мемлекет төлеп береді. Асыл тұқымды мал өсірген фермерге мал басына ақша береді.
Жоғарғы аудиторлық палатаның былтырғы есебінше, үкімет кейінгі бес жылда агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,2 трлн теңгеден астам қаражат берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экспорт шектеудегі мүдделер қайшылығы. Қазақстан бидайы қай диірменге барады?Екінші орында – мал шаруашылығы тұр. Оған асыл тұқымды ірі қара, қой, жылқы өсіру, бордақылау, селекциялық-асылдандыру жұмыстары, сүт, ет өндіру, жем-шөп шығыны жатады. Бұл салаға берілген субсидия көлемі 13 пайыз азайған. 2020 жылы 114 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 99,4 млрд теңге бөлінген.
Ал өсімдік шаруашылығын субсидиялау кейінгі бес жылда 1,5 есе өскен. 2020 жылы 86 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 123 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет кейінгі жылдары қаржысын өсірсе де, ең аз субсидия беретін сала – ауылшаруашылығы өнімін қайта өңдеу. 2024 жылы 15 млрд теңге бөлген. Бұған зауыт, цех салу, жабдық сатып алу жатады.
Жоғары аудиторлық палата есебінше, "субсидия кәсіпкерлерге тең бөлінбейді" дейді.
"2023 жылы елде 279 мың ауылшаруашылық кәсіпкерлігі тіркелген, соның 46 мыңы субсидияға іліккен. 2022-2023 жылдары 57 449 кәсіпкер субсидия алған. Осы уақыт арасында берілген субсидия көлемінің 56,4 пайызын 1344 кәсіпкер иеленген, яғни, мемлекеттің қомақты қолдауын саладағы кәсіпкерлердің тек 2,3 пайызы көріп отыр. Агроөнеркәсіптік кешен субсидиялары мен қолдауы тек шектеулі топқа шоғырланған. Шағын және орта фермерлердің көбіне мемлекет қаржысы қолжетімсіз" – делінген Жоғарғы аудиторлық палатаның 2025 жылғы есебінде.
Бұл мәселенің барын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та мойындаған. 5 қаңтарда "Түркістан" газетіне шыққан сұхбатында субсидияның көбін иеленетін кәсіпкерлерді "аграрлық олигархтар" деп атап, қаржыны әділ бөлу қажетін айтқан.
Үкімет 2025 жылдан бастап субсидия беруді қысқартқан. Бұған бір себеп – үкімет көп шаруа алдында қарызға батты. Өйткені субсидия шаруаларға алдын ала берілмейді, жұмсаған шығынын жабады. Мысалы, кәсіпкер асыл тұқымды малды әуелі өз ақшасына сатып алады. Сосын шығынын құжаттармен дәлелдеп, әкімдіктерге тапсырады. Шығынды субсидия есебінен мемлекет өтеп беруі керек. Осылайша былтыр қарашадағы дерек бойынша, үкіметтің фермерлер алдындағы берешегі 341 млрд теңгеге жеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Су бар, бірақ бәріне бірдей жетпейді". Сырдария жағалауындағы тәжік диқандарының өміріШаруашылықтардың жаппай жабылуы – фермерлердің әлсіздігі емес, жоспарлаудың нашарлығы дейді кәсіпкер Бектас Құсағов. Оның сөзінше, мемлекеттің қолдауы ірі ойыншыларға ғана тиімді.
"Несие бойынша 24 пайыз – бұл қолдау емес, өз аяғыңа өзің оқ ату. Мал шаруашылығы өзінің табиғатына сай мұндай пайыздық мөлшерлемені көтере алмайды. Осындай жағдайда банкрот болу – уақыт мәселесі ғана. Субсидия қолдаудан гөрі тәуекелге айналды. Қағаз жүзінде бар, ал іс жүзінде оны жылдап күту керек. Ал несие пайызы бүгін – дәл қазір фермердің өз қалтасынан төленеді. Қарызды жабу үшін адамдар ең қымбатынан айырылуға мәжбүр болды – аналық малды союға көшті. Бұл, шын мәнінде, шаруашылықтың болашағын өз қолымен жою деген сөз. Өзіндік құн үнемі өсіп отырды: жем-шөп қымбаттады, жанар-жағармай қымбаттады, жалақы өсті. Ал ет пен малдың бағасы жылдар бойы бір орында тұрды. Фермерлер пайда үшін емес, аман қалу үшін ғана жұмыс істеді. Ақыр соңында жүйенің өзі ұсақ және орта шаруашылықтарды нарықтан ығыстырып жатыр" – деді "Бектас" шаруашылығының басшысы Бектас Құсағов.
Ал Ақмола облысында шаруа қожалығын ұстап отырған кәсіпкер Айбат Есентұровтың айтуынша, салық талаптары мен нарық ұсақ шаруашылықтардың жабылуға мәжбүр еткен.
– Қожалықтардың саны азайды дегенді естіп жатырмыз. Талай жылдар шаруашылықтар мына салық комитетінде тіркелген, жұмыс істемей, "нулёвка" беріп жүрді ғой. Мысалы, солар азайып жатыр. Сосын қазір салық [талаптары] өзгергеннен кейін қысқартып жатыр ма деп ойлаймын. Екінші жағынан, мына мал шаруашылығында мен білетін көп шаруа қожалығы – кішкентай-кішкентай қожалықтар еттің бәрінің бағасы кезінде азайып кеткен соң экономика жағынан көтере алмағаннан кейін банкрот болды ма, жабылып жатыр. Сосын егін себетіндердің де кішкентай-кішкентайлары жабылып, шаршап, "ой, қойшы" деп қалаға барып, үй алып жатқандар бар. Сосын әкесі зейнетке шығып, балаларына айтса: "Ой, жоқ папа. Көргенбіз, сенің талай жыл қиналғансың, қарыздан басқа ештеңе тапқан жоқпыз" деп, жабылып жатқандар бар. Бізде енді жұмысшыларымыз аз болса да, техникамыз заманауи, қиналып жүрсек те бірдеңе қылып жүргізіп жатырмыз. Ал көбі өзі фермер болады да жанында егін себуге жұмысшы таба алмайды, көмекші болмайды. Қазір ауылдың өзінде мал бағатын да, тракторға отыратын да кісілер болмай қалып жатыр. Азайып жатыр, жастар жоқ. Мәселе қаражатта да емес, несиесін аламыз, сонымен жүргізіп жатырмыз. Жұмысшы тапшы болғаннан кейін, мәселе содан болып тұр, – дейді "Даниловка И К" ЖШС директоры Айбат Есентұров.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық ұн өндірушілер Ресей бидайын алғанды жөн көреді. Неге?"ЕТ БАҒАСЫ МЕН ШЫҒЫННЫҢ ОРТАСЫНДАҒЫ ТАЗА ТАБЫС АРТСА ҒАНА ҚУАНУҒА БОЛАДЫ"
Шаруа қожалықтарының қысқарып жатқанын жазып, алаңдаушылық білдірген маман, бұрын өзі де ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып жұмыс істеген сарапшы, саясаткер Төлеутай Рақымбеков мырзаның өзімен сөйлестік. Ол қазір ауылдарда шаруашылықпен айналысудың қиындап кеткенін айтады.
Азаттық: Шаруа қожалықтарының қысқаруы ненің көрсеткіші? Негізгі себеп қандай? Қысқарып жатқаны егін егетіндер ме, мал бағатындар ма?
Төлеутай Рахымбеков
Төлеутай Рахымбек: Бұл жерде ең үлкен себеп болып отырғаны – ауыл шаруашылығы өнімін өндірудің тиімділігінің төмендеуі, табыстың төмендеуі. Қысқарып жатқаны егіншілік пе, мал шаруашылығы ма деген сұраққа келсек, бұл қосымша терең жұмыс жүргізілгенін талап етеді. Бірақ меніңше, азайып жатқандардың көбі мал шаруашылығымен айналысатындар. 2021 жылы қуаңшылық, 2023 жылы құрғақшылық болды. Мал азығы аз болды, соның салдарынан мал азығының бағасы қымбаттады. Демек, өндіріліп отырған өнімнің, соның ішінде ет пен сүттің өз құны көбейіп кетті.
Азаттық: Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсақ фермерлік шаруашылықтардың бір бөлігі бірігіп, қайта ұйымдастырылып жатыр немесе өзге шаруашылықтардың құқықтық нысандарына өтіп жатыр дейді. Яғни ұсақ шаруашылықтар өзара бірігіп жатыр, санының азаюы соған байланысты деп отыр.
Төлеутай Рахымбек: Енді ондай ақпарат болса, мен тек қана қуанар едім. Бірақ ондай емес деп ойлаймын.
Азаттық: Үкіметтің шаруаларға бөлетін субсидиясына өтсек. Мысалы, 2025 жылы ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі 1 трлн теңгеден асты, бұл осыдан бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қарашадағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында. Сіздің ойыңызша бұл қаржы көп пе, аз ба және оның шаруаларға жету жағы қалай?
Төлеутай Рахымбек: Әрине әр мемлекет өзінің жағдайына қарайды. Біріншіден, кез келген мемлекетте ауыл шаруашылығы қомақты субсидия талап етеді. Неге десеңіздер, біріншіден ауыл шаруашылығы саласының өнімі бүкіл халық тұтынатын азықпен байланысты. Сондықтан мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін субсидия береді. Түптеп келгенде ол субсидияны фермер емес бүкіл халық алады. Екіншіден, дамыған елдерде бұл субсидияның екінші мақсаты бар. Ол – ауылда тұратын адамдардың қалаға көшуге кішкене болсын тежеу.
Кейбір дамыған елдерде мысалы ауыл шаруашылығы өнімінің шығынын 80 пайызға дейін субсидия береді. Мысалы, Жапония күрішке 83 пайыз береді. АҚШ-та 40 пайыз, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде 60 пайызға дейін. Ал біз 8,5 пайызға жете алмай отырмыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде біз өз мойнымызға 8,5 пайыздан аспаймыз деген міндет алғанбыз. Соған жете алмай отырмыз.
Азаттық: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы форумда кейінгі 10 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,13 трлн теңгеден 8,13 трлн теңгеге дейін көбейді деді. Президент сөзіне қарағанда, қожалықтар қысқарып жатыр деп дабыл қағатындай ештеңе жоқ сияқты көрініп тұр. Бұған не дейсіз?
Төлеутай Рахымбек: Оны көрсетіп отырған базардағы, дүкен сөресіндегі азық-түліктің бағасы ғой. Оның ішінде бірінші қатарда тұрған – ет. Былтыр шілде айының аяғы, тамыз айының басынан бері бағасы қандай болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Тіпті Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл ұятты нәрсе" деп те айтты ғой. Енді біз қазақпыз, қанша ғасырдан бері сол мал шаруашылығымен айналысып келе жатырмыз. Әрине, еттің бағасы артқанына біреулер қуанады. Арғы жағын ойламайтын адамдар "еттің бағасы қымбат, керемет, ауыл тұрғындарының табысын көбейтеді" дейді. Мәселе бағада емес. Баға мен шығынның ортасындағы таза табыс көбейсе, онда ауыл тұрғындары үшін қуануға болады. Ал егер шығын көбейе беріп, баға содан артса, одан не пайда?
Азаттық: Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қазақстан экономикасындағы үлесі қандай? Аз ба, көп пе?
Төлеутай Рахымбек: Кейбір экономистер мен шенеуніктер осыған дәл осы көрсеткішке сілтеп, "ауыл шаруашылығы саласының Қазақстан экономикасындағы үлесі 4-5 пайыз. Бұл төмен деп" деп дауласады. Ал менің ойымша, оған дауласпау керек. Тіпті дамыған елдерде ауыл шаруашылық саласының үлесі 2-2,5 пайыз. Оған Израильді мысал етуге болады. Израильде мұнай да жоқ, жер қойнауында мақтанатындай зат жоқ. Польшаны алайық. Оларда 2-2,5 пайыз. Бірақ ауыл шаруашылығы қалай дамығанын біз өзіміз көріп отырмыз. Бұл – экономикалық емес, әлеуметтік экономикалық сала. Біріншіден, бүкіл халықты азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Екіншіден, қазір халықтың 40 пайызға жуығы, яғни ауылда тұратындар ауыл шаруашылығы арқылы күнкөріп отыр. Сондықтан мұнда экономикадан гөрі әлеуметтік жағы басым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев пен Путин, Қаңтар, Сталин және билік транзиті. Тоқаевтың жаңа сұхбатында тағы не айтылды?