Министр Жаслан Мәдиев Қазақстандағы мобильді байланыс тарифі әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен үш есе арзан екенін айтты. Бұл рас па? Халықаралық ұйымдардың деректері бұл салыстыру қай елдер арасында жасалғанына байланысты екенін көрсетеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 24 қарашада Үкімет отырысында Қазақстанда мобильді байланыстың құны әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен үш есе арзан екенін мәлімдеді.
«Елімізде мобильді байланыстың орташа тарифі айына шамамен 10 доллар. Әлемдік орташа көрсеткіш – 27 доллар. Яғни еліміздегі тариф үш есеге жуық арзан», – деді министр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев брифинг кезінде. Астана, 24 қараша 2026 жыл.
Мәдиев сол сөзінде қарашадағы рейтинг бойынша Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі жағынан жетінші орында тұрғанын да айтты.
"ӘЛЕМДІК ОРТАША ЕМЕС, 55 ЕЛДІҢ ОРТАШАСЫ"
Министр келтірген сандар Finprom талдау орталығының қараша айының басында жариялаған шолуымен сәйкес келеді. Finprom Broadband Genie сайтындағы тариф бағалары мен Speedtest Global Index рейтингіне сүйенген.
Талдауға мобильді интернеті ең жылдам 55 ел алынған. Сол іріктемеде Қазақстандағы айлық тариф 10,65 доллар болып, ел жетінші орынға шыққан. 55 елдің орташа көрсеткіші – шамамен 27 доллар.
Яғни министр «әлемдік орташа» деп атаған 27 доллар бүкіл әлемнің емес, интернеті жылдам 55 елдің орташа көрсеткіші. Бұл елдердің басым бөлігі – табыс деңгейі жоғары мемлекеттер.
БҰҰ-ның ақпараттық-коммуникациялық технология саласына маманданған мекемесі – Халықаралық электрбайланыс одағы (ITU) елдердегі интернет бағасын бірыңғай әдістемемен салыстырады. Ол әр елде белгілі бір талаптарға сай келетін ең арзан пакетті алады.
Телефон қарап отырған қолданушы.
ITU-дың 2025 жылғы деректеріне сәйкес, 5 ГБ көлеміндегі ең арзан мобильді интернет пакеті Қазақстанда айына 11,8 доллар тұрған. Бұл – әлемдік медианадан (10 доллар) қымбаттау.
ITU деректері бойынша Қазақстанда осы пакеттің бағасы соңғы үш жылда екі есеге жуық өскен: 2022 жылы 5,86 доллар болса, 2025 жылы 11,77 долларға жеткен.
ITU интернеттің қолжетімділігін бағалағанда тариф құнын халықтың табысымен де салыстырады. Ол үшін пакет бағасы жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың (ЖҰТ) қанша пайызын құрайтыны есептеледі.
Айталық, Германияда 5 ГБ мобильді интернет пакеті 10,5 доллар, Қазақстанда 11,8 доллар тұрады, яғни бағасы шамамен бірдей. Бірақ неміс үшін бұл ай сайынғы табысының 0,22%-ы болса, қазақстандық үшін 1,18%-ы. Демек, бұл шығын қазақстандыққа шамамен бес есе ауыр тиеді.
ITU деректері бойынша Қазақстан көрсеткіші (1,18%) әлемдік медианадан (1,38%) төмен. Сондай-ақ Broadband Commission белгілеген «табыстың 2%-ынан аспауы керек» деген қолжетімділік шегінен де төмен.
"ТОКИОДАН АСЫП КЕТТІК"
2023 жылы сол кездегі цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің интернет жылдамдығы бойынша "Токиодан асып кеттік" деген сөзі қоғамда қызу талқыланған еді.
«Егер Speedtest халықаралық рейтингі Астана 35 позицияға көтерілді, яғни 35 қаланы басып озды десе... Біз тіпті Токионы басып оздық», – деген еді брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Мусин.
24 қараша күнгі брифингте журналистердің бірі Жаслан Мәдиевтен абоненттердің тұрақты шағымдарын ескергенде, Қазақстанда интернет әлі де Токиодағыдан жақсы деп санай ма деп сұрады.
«Кейбір елдің көрсеткіші жоғары, кейбірінікі төмен. Жалпы алғанда, статистика, тәуелсіз зерттеулер мен есептер Қазақстанның баға мен сапа арақатынасы жағынан қолжетімді елдер қатарында екенін көрсетеді. Ал жылдамдық жағынан сапасы тиісті деңгейде».
Интернет жылдамдығын өлшейтін Speedtest ресурсының қазандағы дерегінше, Қазақстан мобильді интернеттің орташа жылдамдығы бойынша әлемдегі 100 елдің арасында 49-орында. Ресурс елдегі мобильді интернеттің орташа (медиана) жылдамдығын 96,17 Мбит/с деп көрсеткен.
Мұндай жылдамдық смартфонда бейнеқоңырау шалуға, видео көруге және ақпарат жүктеуге жеткілікті. Бірақ бұл – елдегі өлшеулердің орташа мәні ғана. Ол барлық өңірде, оның ішінде ауылдық жерлерде, интернет бірдей жылдам дегенді білдірмейді.
Сондай-ақ рейтингтегі орын айдан айға өзгеріп отырады. Ookla компаниясының деректеріне сүйенген Energyprom талдау орталығының хабарлауынша, биыл мамырда Қазақстан 101 елдің ішінде 56-орында болған. Ол кезде елдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 88,11 Мбит/с болса, әлемдік медиана 113,16 Мбит/с еді.
ТАРИФТЕР ӨСЕ МЕ?
Тариф мәселесі Үкіметтің баспасөз орталығындағы брифингте де көтерілді. Журналист ұялы байланыс операторларынан келер жылдан бастап тарифтер көтеріле ме деп сұрап, абоненттердің шағымын да жеткізді: шағымданушылардың айтуынша, қызмет құны үнемі өседі, ал байланыс пен интернет сапасы жақсармайды.
Брифингке қатысқан байланыс операторларының өкілдері келесі жылы жекелеген тарифтер тарифтік жоспарға қарай шамамен 10%-ға, 15%-дан аспайтындай көтерілетінін айтты. Beeline, Kcell, Tele2 жән Altel өкілдері брифинг кезінде құрылғылар, электр энергиясы шығыны мен желілерді дамыту қажеттігін атап өтті.
“Электр энергиясының құны, құрылғылар шығыны мен өзге де шығындар қымбаттап жатыр. Сондықтан біз, әрине, тарифтік жоспарлардың құнын 10-12 пайыз деңгейінде түзетеміз” деді Kcell атқарушы директоры Асқар Жамбакин.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев және елдегі байланыс операторларының өкілдері брифинг кезінде. Астана, 24 қараша 2026 жыл.
Кейінгі жылдары Қазақстанда мобильді байланыс құны айтарлықтай қымбаттаған. Finprom дерегінше, 2020 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың қыркүйегі аралығында қоңырау, интернет пен SMS кіретін пакет үшін абоненттік төлем 58,4 пайызға өскен.
Арзан интернет табысы төмен адамдардың интернетке қосылу мүмкіндігін арттырып, интернет белсенділіктің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Онлайн білім, жұмыс, банк қызметтері мен мемлекеттік қызметтер қолжетімді бола бастайды. Дегенмен желіге түсетін жүктеме артып, жылдамдық төмендеуі ықтимал. Арзан тариф болғанымен, байланыс сапасы мен тұрақтылығы төмен қалуы мүмкін.
ITU-дың 2025 жылғы Global Connectivity Report есебінде интернет бағасы жоғары елдерде интернет пайдаланушылардың үлесі мен бір абонентке шаққандағы трафик көлемі төмен болатыны көрсетілген. Ал арзан интернеті бар елдерде интернетті пайдаланушылардың үлесі және трафик көлемі жоғары. Сонымен бірге ауыл тұрғындары қала тұрғындарына қарағанда табысының көбірек бөлігін байланысқа жұмсап, сапасы төмен қызмет алуы мүмкін.