"Ауру құжат жүзінде жойылып жатыр". Қазақстанда мүгедектікпен қалай күресіп жатыр?

Қазақстан билігі былтыр 10 мыңға тарта адамның мүгедектігін төмендетіп, 12 мыңнан астам азаматты мүгедектігі бар адамдар қатарынан шығарды. Елдегі мүгедектердің жалпы санына шаққанда бұл соншалық үлкен көрсеткіш емес. Бар болғаны 3,5 ғана пайыз. Бірақ құрғақ статистика артында талай адамның тағдыры тұр.

Былтыр қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саясатты сынап, мемлекет "жалқаулық пен масылдыққа" жол беріп отырғанын айтты. Биыл қаңтардың басында "Түркістан" газетінде жарияланған сұхбатында ол тағы да "масылдық" туралы сөз етіп, мүгедектігі бар адамдарды атап өтті.

"Статистикаға қара­сақ, Қазақстанда 740 мыңнан астам мү­гедек адам бар екен. Еліміздің еш­қан­дай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын ескерсек, 20 миллион халқы бар мемле­кет үшін мұның көптеу екеніне келісетін шығарсыз. Кезінде жауапты мекеме қызметкерлері мемлекеттен көмек алу үшін туыстарын, мәселен, гипертония диаг­нозы қойылған жақындарын мүге­дек­тер қатарына қосып жаза салғаны анық­талып отыр. Мұндай заңсыз әре­кет­тер аз емес. Сондықтан, Үкімет пен құ­қық қорғау органдарына осы салада тәртіп орнатуды тапсырдым" деді Тоқаев сол сұхбатта.

Бірақ президент келтірген статистика нақтылауды қажет етеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Азаттық Азия редакциясына хабарлауынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны 740 мың емес. Құжат жүзінде олардың саны 632 мыңға жетпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне қарағанда, мұны көп деуге келмейді. Керісінше, елдегі көрсеткіш әлемдік нормадан төмен деген қорытынды шығады. ДДСҰ 2022 жылғы есебінде әлем бойынша мүгедектігі бар адамдардың елдегі орташа үлесі 16 пайыз деген. Бұл қатынас бойынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны 3,2 миллионнан асуы қажет.

Президент бұл мәселені тәртіпке келтіруді тапсырғанда нақты шараларды атамады. Бірақ кейінгі уақытта әлеуметтік қорғау саласында бірқатар өзгеріс байқалды. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар қайта қаралып, сырттай қаралатын медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) енгізілді. Бұл сараптамада қолданылатын әдістер сұрақ тудырып тұр.

"МАҒАН ӨМІР БОЙЫНА 2-ТОП МҮГЕДЕКТІГІ БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ ЕДІ"

Алматы тұрғыны Ольга Чумановаға 2020 жылы тоқ ішек қатерлі ісігінен кейінгі колостома диагнозы қойылған. Дәрігерлер консилиумы Чуманова еңбекке жарамдылығының 75 пайызынан айырылды деп қорытынды шығарған да, жыл сайын 2-топ мүгедектігін растап келген.

2025 жылы ол 2-топты өмір бойына алуы керек еді. Бірақ ауруханада дәрігерлер ауысып, кейін келгенде жаңа құжат рәсімдеген. Онда Чуманованың "айырылған өмірлік функциялары толықтай өтелді" деп жазылған.

Ольга Чуманова

– Бұл мүлде шындыққа жанаспайды, – дейді Чуманова. – Менде стома болғандықтан, "оң нәтиже жоқ" деп жазылуы керек еді. Құжат сол күйі жіберілген. Сөйтіп былтыр МӘС-тен маған 3-топ мүгедектігі тағайындалатыны жөнінде жауап келді. Еңбекке жарамдылығым 55 пайызға жоғалған деп көрсетіпті және мұның өзі бір ғана жылға берілген. Стома ретракциясы мен көптеген ілеспе патологиялар бола тұра еңбекке жарамды 3-топты беріп отыр!

Ольга мүгедектігі төмендеген соң, жәрдемақы (оның ішінде мектеп жасындағы ұлы мен қызына алатын көмек те бар) мен төлемдердің бірі бөлігінен қағылған. Қазір ол мүгедектігі үшін қолына ай сайын 61 мың теңге және әлеуметтік сақтандыру қорынан 8 мың теңге алады. 2-топта болса, 89 мың теңге жәрдемақы алатын еді.

Екінші және үшінші топтың арасындағы 18 мың теңге Ольга үшін маңызды сома. Ол көмірмен жылытатын ескі үйде тұрады. Отбасы қыста үйді жылы ұстау үшін қалған шығынның бәрінен үнемдеуге мәжбүр.

– Коммуналдық қызметке шамамен 32 мың теңге кетеді. Оған көмір мен ағашты қосып отырған жоқпын. Былтыр көмірдің тоннасын 23 мың теңгеден алдық. Ал бізге жылыту маусымына 5 тонна көмір керек, оған ағашты қосыңыз, – дейді ол.

Статусы қайта қаралғаннан кейін жәрдемақыны ол наурызда алады. "Ал ақпанда біз ақшасыз қаламыз", – дейді Ольга.

Ольга комиссия шешімін былтыр қазаннан бері даулап жүр. Сотқа да жүгінген. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. "Айырылған өмірлік функциялар толық өтелді" деп жазған дәрігерлер құжаттағы қатесін мойындаған, бірақ бұл жағдайға еш әсер етпеген. Сот Чуманованың талабын ішінара орындап, құжат қайта толтырылған, бірақ 2-топ мүгедекті қайтарылмаған. Өмір бойына 3-топ мүгедектігі бекітілген.

– Олар өз қатесін мойындаған болды, бірақ кейін қайта куәландыруды тек сот тәртібімен ғана рұқсат етті. Маған және адвокатыма қысым жасап, медиацияға қол қойдыртпақ болды. Медиациядан бас тарттым, өйткені одан әрі осы мәселемен сотқа жүгіне алмай қалар едім, – дейді Ольга.

Қазақстанда 3-топ мүгедектері еңбекке жарамды саналады, олардың қимыл-қозғалыстағы және өзіне-өзі қызмет көрсетудегі шектеулері орташа деп танылған.

– Менің хирургым да, барлығы да бір ауыздан менде өмір бойына 2-топ болуы керек еді деді. Себебі тоқ ішек қатерлі ісігі кезінде хал-ахуалдың толықтай тұрақталуы мүмкін емес, ремиссия болса да мүмкін емес деді. Ал стомамен жүретін адамға ешқандай қызмет түрі жарамайды. Ұзақ отыру, тұруға болмайды, қолың жансызданады, иығың ауырады, энцефалопатия күшейеді. Химия өнеркәсібінде, медицинада, тамақ өндірісінде жұмыс істеуге болмайды, психоэмоциялық салмақ түспеуі қажет, – дейді Чуманова. – Маған үнемі күтім, арнайы тамақ, күндізгі уақытта демалыс қажет. Тіпті үйдегі күнделік шаруалардың өзіне көмек керек. Кейде балаларым, кейде достарым көмектеседі. Физикалық тұрғыда өте ауыр.

Ольга қиын жағдайға тап болса да, еңсесін түсірмей, бас прокуратураға, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне шағым түсірген. Әлеуметтік желіде қатерлі ісік бойынша чат пен канал ашқан.

"ҚАНДАЙ ӘДІЛЕТСІЗДІК ТУЫНДАЙТЫНЫН ТҮСІНЕСІЗ ҒОЙ"

Қазақстанда бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандар мүгедектікті рәсімдеуде қиындыққа тап болды. Бұл ауру сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен де шығарылды.

19 жастағы Дамиани Мырзағалиевке 2015 жылы бірінші типтегі диабет диагнозы қойылған. Ол жақында әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, 2026 жылғы қаңтарда комиссия оны ешқандай себеп айтпастан 3-топ мүгедектігінен айырғанын хабарлады.

– Олар бар болғаны шешімге келіспесең, шағым түсіре аласың деп айтты. Өміріме тікелей әсер ететін шешімді себебін айтпастан, уәж келтірмей, ашықтық танытпай қабылдай салды, – дейді Дамиани.

Мырзағалиев бірінші типтегі қант диабеті емдеуге жатпайтын, инсулинді күн сайын егуді және қант мөлшерін үнемі бақылауды қажет ететін ауру екенін айтады. Ол комиссия не себепті мұндай қорытынды жасағанын түсінбейді.

– Эндокринолог қорытындысы: көптеген асқынуы бар инсулинге тәуелді қант диабеті. Диабеттік ретинопатия, полинейропатия, естен тану, қанттың күрт ауытқуы. Ең сорақысы – бірінші типтегі диабет жазылмайды. Сонда мүгедектігімді неге алып тастады? Неге бұл шешімді түсіндіруден бас тартты? – дейді ол. – МӘС комиссияларында шешімді кім қабылдайтынын тексеріңіздер. Неге созылмалы аурулар қағаз жүзінде "жойылып кетеді"? Неге адамды қандай себеппен қолдаудан айырғанын түсіндіруге міндетті емес? Мен артықшылық сұрамаймын, әділдік пен жауапкершілік сұраймын.

"Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті" ("Диабетический родительский комитет") қоғамдық қорының директоры Руслан Зәкиевтің төрт баласының үшеуінде бірінші типтегі қант диабеті бар. Оның сөзінше, бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандарға мүгедектік белгілеудегі қиындық 2020-2021 жылдары басталған.

"Диабет жөніндегі ата-аналар комитеті" ("Диабетический родительский комитет") қоғамдық қорының директоры Руслан Зәкиев.

– 18 жастан асқандарға мүгедектікті беру үшін іс жүзінде терминалдық кезеңдегі асқынуды "талап ете" бастады. Мұндай диагнозы бар балалар үшін асқынудың бастапқы кезеңі жеткілікті болса, ересектер үшін оңалуға жатпайтын асқыну керек. Меніңше, бұл бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққан ересектердің құқығын қатты бұзады, – дейді Зәкиев.

Оның айтуынша, бірінші типтегі қанд диабетіне шалдыққандар мен олардың туыстары бұл мәселеге үнсіздік танытып келген. Алайда жағдай 2025 жылы қиындай түскен. Бұрын инсулинді мүгедектігі жоқ болса да тегін берсе, енді ол үшін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға мүше болу қажет (МӘМС жүйесінде сақтандырулы үшін тұрақты жарна төлеу керек, оны не жұмыс беруші және төлеушінің өзі мойнына алады. Мемлекет балалар, зейнеткерлер, студенттер, декреттік демалыстағылар және жеңілдік санатындағы кейбір адамдарға жарнаны өзі төлейді – ред.).

– Яғни ол адам не өзі не жұмыс істесе, жұмыс берушісі төлеуі қажет. Енді қазақстандық заңдағы қызықты қараңыз. Мұндай диагнозы бар адамға көптеген салада жұмыс істеуге тыйым салынған. Қандай әділетсіз туындайтынын түсінесіз ғой. Бір жағынан мемлекет "Мына жерде жұмыс істей алмайсың" дейді. Бірақ ол үшін ешқандай әлеуметтік өтем жоқ. Логика жоқ, – деп налиды Зәкиев.

Зәкиев бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққандарды аспаз оқуына алмайтынын, әуе және теміржол саласына, ішкі істер министрлігіне, әскерге, ауыр өнеркәсіп саласына, барлық қауіпті өндіріске жұмысқа алмайтынын айтады. Тіпті балет академиясының бұйрығында да мұндай адамдарды алуға болмайтыны айтылған дейді ол.

– Объективті жағдай мынадай: мұндай диагнозы бар адамды көп жұмыс беруші алғысы келмейді. Диагнозын білген бойда, ол адамнан құтылуға тырысады. Сол себепті көптеген адам жұмыстан шығарып жібермесін деп диагнозын жасыруға мәжбүр. Ешбір жұмысқа орналаса алмай жүргендер де бар. Олар жұмыс таба алмай қиналып жүр, – дейді Зәкиев.

Қазір инсулинге тәуелді диабетке шалдыққандар үшін жалғыз жол – МӘМС жарнасын төлеу. Жылына 51 мың теңге төлеп, емханадан инсулинді алуға болады. Күніне орта есеппен 5–7 рет инсулин егу қажет және қант деңгейін үнемі бақылау керек. Өткізіп алған адам өліп қалуы мүмкін.

ЕКІНШІ ТОПТАҒЫЛАРДЫҢ ҮЛЕСІ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Руслан Зәкиевтің сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі бұдан қиындық көрмейді, МӘМС жарнасы төлеу қажетін айтады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "мүгедектікті белгілеуге диагноз емес, осы аурудың салдарынан туатын тұрақты функциялық шектеулер негіз" болатынын мәлімдеп отыр.

Министрліктің дерегінше, 2025 жылы мүгедектікті алып тастау мәселесіне 12 181 адам, топтың төмендетілуіне 10 581 адам тап болған. Мекеменің айтуынша, 2023-2024 жылдары бұл көрсеткіш 10-12 мың адам шамасында болған.

Сөйте тұра, министрлік Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны артып жатқанын айтады. 2023 жылы елде 615,4 мың адам мүгедек деп танылса, 2025 жылы мұндай адамдар саны 631,8 мың болған. Бұл айырмашылық халық санының артуымен үйлеседі. Осы аралықта халық саны жарты миллион адамға артқан. Қазір елде 20,5 млн адам тұрады.

Кейінгі жеті жылда мүгедектігі бар адамдар арасында 3-топ мүгедектерінің үлесі артып (41,9 пайыздан 43,8 пайызға жеткен), 2-топ мүгедектігі берілгендер үлесі азайған (47,1 пайыздан 42,6 пайызға төмендеген). Ал 1-топ мүгедектігі бар адамдар 3 пайызға көбейген.

Мүгедектік жәрдемақысына бөлінетін бюджет көлемі нақты ақша тұрғысынан артып келеді. 2026 жылы бюджет 11,7 пайызға көбейген. Биыл мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы 10 пайызға ұлғайған. Егер индексацияны ескерсек, бюджет өсімі 1,7 пайыз шамасында.

Жәрдемақының артуы бағаның өсуіне ілесе алмай отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, ресми инфляция 12,3 пайыз болған. Оның ішінде азық-түлік саласындағы инфляция – 13,5 пайыз. Кей адамдар дәрі-дәрмектің 12-13 пайыз емес, одан да қатты қымбаттағанын айтады. Жұмысқа жарамсыз, тек жәрдемақыға күн көретін мүгедектер үшін дүкен мен дәріханаға бару қиындау түскен.

– Есептеп қарасам, бір айда тері еміне 217 мың теңге кетіпті. Дәрілер қымбат. Жақпа майдың 15 грамы 4500 теңге тұрады. Үш күнге жететін жақпа май, – дейді Ольга Чуманова. Оның стома айналасындағы терісіне үнемі күтім керек.

"КІМНІҢ МАСЫЛ ЕКЕНІН ӘЛІ ҚАРАУ КЕРЕК"

Формалды тұрғыда мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы бюджеті артып отыр. Бірақ мемлекет қаражаты тиімсіз үлестіріледі, дейді Руслан Зәкиев. Оның сөзінше, қант диабеті жағдайында қаржы асқынулардың алдын алуға емес, олардың салдарын емдеуге кетеді.

– Зерттеулер бойынша, Қазақстан жыл сайын диабетті басқаруға шамамен бір миллиард доллар жұмсайды. Соның 60 пайызы тікелей медициналық шығын емес, асқынуларды басқаруға кетеді, – дейді ол. – Қазір елде диабетпен ауыратын 580 мыңға жуық адам бар. [Қант диабетін зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғамның басшысы] Жанай Ақанов жетекшілік ететін зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда күн сайын төрт-бес жоғары ампутация (тізеден жоғары) жасалады.

Зәкиев қаңтар аяғында президентке хат жолдаған. Онда диабетпен ауыратын адамдар МӘМС қатысушысы болмаса, өмірлік маңызы бар тегін дәрі-дәрмектен айырылатынын жазған. Әзірге жауап жоқ.

– "Әлеуметтік масылдық" жөніндегі тезис көптеген жыл бойы айтылып келеді. Шенеуніктер бюджетті миллиондап және миллиардтап ұрлап жатып, қарапайым адамдар үшін өмір сүруіне ақша жетпесе, онда кімнің масыл екенін әлі қарау керек, – дейді ол.

Азаттық Азия сайтынан ықшамдалып аударылды. Түпнұсқасы мына жерде.