Қазақстандықтар зейнетақы жарнаcын толықтай инвесткомпания басқаруына бере алады

Көрнекі сурет

Қазақстанда азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударған міндетті жарналарын басқарудың жаңа ережелері күшіне енді. Оған сәйкес, енді зейнетақы жинағын толықтай жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігі пайда болды.

Жаңа ереже бойынша, салымшылар бір немесе бірнеше инвестициялық басқару компаниясын таңдап, өз зейнетақы активтерін сала алады. Бұған қоса салымшы өз инвестициялық стратегиясын дербес анықтау мүмкіндігіне ие болды.

Бұрын қазақстандықтар зейнетақы жинағының 50 пайыздан аспайтын бөлігін жеке инвесткомпаниялардың басқаруына бере алатын. Енді салымшы БЖЗҚ-дағы қаражатын бұрынғыдай мемлекеттік басқарудың орнына инвестиция ретінде өзі салатын кәсіби ұйымды өзі дербес таңдай алады.

Инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) — зейнетақы активтерін қоса алғанда инвестицияларды басқаратын кәсіби компаниялар немесе ұйымдар.

БЖЗҚ веб-сайтындағы түсіндірмеде ИПБ-лар өздеріне сеніп тапсырылған Қазақстан азаматтарының жинағын инвестициялау, аударылған қаражатты рұқсат етілген және олардың инвестициялық декларацияларында көрсетілген әртүрлі қаржы құралдарына (акция, облигация, шетел валютасы және басқа да қаржы активтері) инвестициялау үшін жауапкершілікті өз мойнына алатыны жазылған.

Зейнетақы активтерін сенімді басқаруды Қазақстан Ұлттық банкі жүзеге асырады. Қаражат Ұлттық банктің басқаруында болған кезде, мемлекет инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталатынына кепілдік береді. Ал егер жинақ қаражат ИПБ басқаруына берілген жағдайда, мемлекет оған кепілдік бермейді. Оның орнына, ИПБ зейнетақы активтерінің орташа кірістілігі негізінде ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ету бойынша өзі кепілдік береді.

Бұл кейінгі кезде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына байланысты алғашқы өзгеріс емес. Маусым айында зейнетақы жинағының пайдалануға берілмейтін міндетті шекті шамасы салымшының жасына байланысты 79 пайызға немесе одан да көп мөлшерге өскен. Кейіннен көптеген қазақстандық зейнетақы жинағының ең төменгі шегі қол жетпейтіндей шамаға өсіп кеткенін айтқан.

Бұған қоса 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет зейнетақы шотына нақты аударылған ақшаның (номинал соманың) сақталуына ғана кепілдік береді. Бірақ бағаның өсуіне (инфляцияға) байланысты ақшаның құнсыздануын енді өз мойнына алмайды және бюджеттен өтемақы төлемейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зейнетақы қорын инфляциядан қорғау кепілдігі жойылмақ: билік мұны қалай түсіндіреді, салдары қандай?