Accessibility links

Зейнетақы қорын инфляциядан қорғау кепілдігі жойылмақ: билік мұны қалай түсіндіреді, салдары қандай?

Ет базарында ақшасын санап тұрған адам. Алматы облысы, 6 ақпан 2026 жыл.
Ет базарында ақшасын санап тұрған адам. Алматы облысы, 6 ақпан 2026 жыл.

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан мемлекет зейнетақы жинақтарын инвестициялаудан түскен табыс инфляциядан төмен болған жағдайда азаматтарға айырманы өтемейді. Осыған дейін өтеп келген және бұл жүйе 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келді. Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандықтарға міндетті зейнетақы жарналарын толықтай жеке басқарушы компанияға беруге рұқсат етіледі.

Толғанай (аты өзгертілді) былтыр жасы келіп, зейнетке шыққан. Бірақ жұмысын тоқтатпаған: оның шағын сауда орны бар. Одан түсетін табыс салыстырмалы түрде алаңсыз өмір сүруге мүмкіндік береді. Толғанайдың айтуынша, тек зейнетақымен күн көру қиын.

Зейнетке шыққан кезде оның жинағы 1 419 960 теңге (шамамен 3 мың доллар) болған. Оның 493 862 теңгесі – жүйеге қатысқан 12 жыл ішінде Ұлттық банк есептеген инвестициялық табыс. Қазір Толғанай ерікті жарналар бойынша төлемдерді қоса алғанда (бұл төлемдер келесі жылы тоқтайды) айына 215 мың теңге алады. 2025 жылы оның активтерінің табыстылығы 7,43 пайыз болған, ал инфляция 12,30 пайызға жеткен. Бұл сол жылғы ел бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жалпы көрсеткіштерімен іс жүзінде сәйкес келеді.

Қазақстанда жұмыс істейтін азаматқа белгіленген айлықтың 10 пайызы БЖЗҚ есепшотына аударылады. Қордың жалғыз акционері – үкімет, ал оның қаражатын Ұлттық банк басқарады. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, БЖЗҚ-дағы жинақтардың жалпы көлемі 28,1 трлн теңге (60 млрд долларға тарта) болған.

Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 1998 жылы көшті. Қазір зейнетке шығып жатқан азаматтар базалық зейнетақы төлемінен бөлек, мемлекеттік бюджеттен ортақ зейнетақы алады. Кейін 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ адамдар зейнетке шыққанда, олар тек өз жинағына ғана сүйене алады.

Толғанай зейнетке шыққаннан бір ай өткенде 64 мың теңге алған. Бұл қазір талқыланып жатқан мемлекеттік кепілдік. Егер азамат зейнетке шыққан кезде оның жүйеге қатысқан бүкіл кезеңдегі жинақталған инвестициялық табыс инфляциядан төмен болса, мемлекет айырманы бюджеттен біржолғы төлем арқылы өтейді.

Толғанай бұл соманың қалай есептелгенін білмейді. Оның білетіні – кейбір таныстарына көбірек, кейбіріне азырақ ақша төленген, ал кейбіріне мүлде төленбеген.

– Ешкім ештеңе түсінбейді. Бірде-бір зейнеткер бұл қандай төлем екенін түсінбейді, – дейді ол.

Билік бұл өзгерісті қалай түсіндіреді?

Мемлекет кепілдігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тоқтамақ. Әлеуметтік кодекске 2026 жылғы 11 маусымда енгізілген түзету бойынша, 217-баптан "инфляция деңгейін ескере отырып" деген тіркес алынып тасталған. Ал мемлекеттік кепілдік төлемін алу құқығы мен айырманы төлеуді ұйымдастыру шарттары жазылған 218 және 219-баптар алынып тасталды.

Мемлекет салымшыларға іс жүзінде енгізілген зейнетақы жарналарының сақталуына, яғни ақшаның номиналды сомасына кепілдік беруді жалғастырады. Бірақ бағаның өсуіне байланысты ақшаның құнсызданбауын қамтамасыз ету міндетін бұдан былай өз мойнына алмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны нарықтық модельге көшу деп түсіндіреді: бұдан былай салымшылар жеке басқарушы компания мен инвестициялық стратегияны өздері таңдай алатындықтан, инвестиция нәтижесіне жауапкершілік бюджетке емес, олардың өздеріне жүктелуге тиіс.

"Салық төлеушілердің қаражаты азаматтардың жеке инвестициялық шешімдерінің нәтижесін өтеуге жұмсалмауы тиіс" деді министрлік кепілдіктің алынатыны жайлы пікір білдіріп.

Мемлекет кепілдіктен толық бас тартпайды, салынған теңгенің жоғалмайтынына кепілдік беруді жалғастырады. Бірақ ертең 100 мың теңгеге кеше сатып алуға болатын тауарды дәл сол көлемде сатып алуға болатынына кепілдік жоқ. Яғни 2027 жылдан бастап заңнан ақшаның номиналды құнын емес, оның сатып алу қабілетін қорғау механизмі алынып тасталады.

Дегенмен министрлік жеке инвестициялық портфельдерді басқарушы компаниялардың (ИПБ) "қатаң қаржылық жауапкершілік" арқалайтынын және теріс айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті екенін атап өтті.

Алайда "теріс айырманың" инфляцияға қатысы жоқ. Ол – ИПБ номиналды табысының жалпы нарықтағы табыспен салыстырғандағы айырмасы. Нарықтағы табыс Қазақстан қор биржасынан (KASE), мемлекеттік облигациялардан және әлемдік акция индекстері мен облигациялардан алынған композиттік индекс бойынша есептеледі. Егер басқарушы компанияның нақты табысы белгіленген нормативтен төмен болса, ИПБ айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.

2021 жылдан бері, яғни зейнетақы ақшасы алғаш рет ИПБ-ларға беріле бастағаннан бері, мұндай төлем жасау қажеттілігі бірде-бір рет туындамаған – барлық басқарушы компания белгіленген нормативтерді орындаған.

Осы күнге дейін БЖЗҚ табысы инфляциядан жоғары болған. Қордың дерегі бойынша, жинақ жүйесі жұмыс істей бастағаннан бері қазақстандықтар жинаған қаражаттың табысы 1 109,05 пайыз болса, жинақталған инфляция 995,04 пайыз болған.

Алайда бұл барлық адамның жинағы инфляциядан жоғары болды дегенді білдірмеуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 108,2 мың адам 16 миллиард теңгеден астам өтемақы алған. Ал 2024 жылы зейнетке шыққан 143,2 мың адамға 27 миллиард теңге өтелген.

"ЖҮЙЕГЕ ДЕГЕН СЕНІМДІ ӘЛСІРЕТЕДІ"

Мемлекеттік кепілдікті алып тастау әлеуметтік желіде сынға ұшырады.

"Егер кепілдік болмаса, онда жинақ ұстауға неге міндеттейді? "Ақшаларыңды әкеліңдер, біз оны қазір бір жерге салып, табыс аламыз да сендер берген ақшаны өздеріңе қайтарып береміз, ал осы уақыт аралығында ақшаларың құнсызданса, ол сендердің мәселелерің" деп тұр ғой енді" деп жазды бір желі қолданушысы.

Журналистер Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жауапкершілікті салымшылардың мойнына жүктеу қаншалықты әділетті деп сұрағанда ол "кепілдікті үкімет беретінін, мұның солардың шешімі" екенін айтты.

Экономист Меруерт Махмұтова бұл шешімге түсініктеме бере отырып, оның бюджетке түсетін салмағына назар аударады.

– Үкімет зейнетақы жинақтарының табысы инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда өтемақы төлеуден бас тарта отырып, бюджет шығынын қысқартуға тырысып отыр. Үкімет мұны оң қадам деп санайды, бірақ бұл жинақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді, – дейді экономист.

Махмұтова БЖЗҚ табысының төмен екенін айтады. Оның сөзінше, бұған БЖЗҚ-ның қордағы ақшаның едәуір бөлігін (портфельдің 43 пайызы) мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестиция күйінде салуы себеп. Экономист бұл жағдай бюджет үшін қауіп-қатер тудырады деп отыр.

– Үкімет мұны қор нарығын дамытуға жасалған қадам деп түсіндіреді. Бірақ барлық азамат БЖЗҚ-дағы жинағын шығарып аламын десе, бюджет тапшылығын қаржыландыру көзі жоғалады, – дейді Махмұтова.

Қазақстандықтардың жинағының бір бөлігін басқарушы компанияларға беру мүмкіндігі 2021 жылы пайда болған. Бірақ әзірге бұл мүмкіндікті салымшылардың аз ғана бөлігі – шамамен 137 мың адам пайдаланған.

Ресми мәлімет бойынша, БЖЗҚ-да барлығы 12,6 млн жеке зейнетақы шоты бар.

Басқарушы компанияны таңдау

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы жанындағы талдау орталығының мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымда барлық ИПБ компанияларындағы зейнетақы активтерінің көлемі шамамен 110 млрд теңге болған. Бұл елдегі жалпы зейнетақы активтерінің (27,4 трлн теңге) 0,4 пайызына тең.

Atlas Capital компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Асқар Ахмедов бұл айырмашылықты үш себеппен түсіндірген. Біріншісі – ақшаны пайдалану арналары: салымшылар жинағының бір бөлігін тұрғын үй мен емделуге жұмсау үшін алған. Екіншісі — басқарушы компаниялардың өздерінің әлсіздігі. Олардың көпшілігі банктермен аффилиирленген. Қаржыгер үшінші себеп ретінде халықтың қаржылық сауатының төмендігін атаған.

Инвестициялық портфельдерді басқарушы компанияларының көбі расымен де банктермен аффилиирленген. Мәселен, Halyk Finance пен Halyk Global Markets компанияларының "Халық банкпен", ал BCC Invest-тің "ЦентрКредит" банкімен байланысы бар. Дегенмен банктер тобына кірмейтін компания жоқ емес. Мысал ретінде кәсіпкер Елдар Әбдіразақовқа тиесілі "Сентрас Секьюритиз" компаниясын келтіруге болады.

Сондай-ақ 2026 жылы ИПБ-лар қатарына Tansar Capital дейтін компания қосылып отыр. Ол Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Ержан Ағыбаев пен KASE-нің бұрынғы басшысы Есжан Біртановқа тиесілі.

БЖЗҚ сайтындағы дерекке сүйенсек, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, кейінгі 12 айда компаниялардың табысы мынадай болған: Ұлттық банк – 10,29 пайыз, Alatau City Invest – 13,88 пайыз, BCC Invest – 11,41 пайыз, Centras Securities – 18,66 пайыз, Halyk Finance – 11,69 пайыз, Halyk Global Markets – 12,37 пайыз. Инфляция 10,3 пайыз болған. Аталған мерзім ішінде Tansar Capital деректері жарияланбаған.

Ең жақсы және ең нашар нәтиженің арасындағы айырмашылық екі есеге жуық. Бірақ экономистер мен қаржыгерлер бір жылдың көрсеткішіне қарап қорытынды жасау дұрыс емес екенін ескертеді. Талдау үшін кемінде бес жылдық нәтижеге қарау қажет.

Дегенмен салымшылардың басым бөлігі әзірге мүлде таңдау жасамауды жөн көреді.

– Мәселе тек инвестицияда емес. Қазір жұмыс күшінің жартысы – 9,4 миллион азаматтың 4,7 миллионы – БЖЗҚ-ға тұрақты зейнетақы жарнасын аудармайды. Олар зейнетке шыққанда өмір сүруге қаражаты жоқ екеніне көз жеткізеді. Мәселе — зейнетақы жинағының жоқтығында. Олай болса, инвестициялайтын ештеңе жоқ деген сөз. Ал 1998 жылға дейін жұмыс істемегендердің бюджеттен ортақ зейнетақы алуға құқығы жоқ, – дейді Меруерт Махмұтова.

Мұндай енжарлықтың өзіндік себебі бар.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРДАН ЖЕКЕМЕНШІККЕ ЖӘНЕ КЕРІ ҚАЙТУ

2013 жылға дейін қазақстандықтар мемлекеттік емес зейнетақы қорларын (МЗҚ) таңдай алатын, ал ол қорлар инвестициялық саясатты өздері анықтайтын. Бұл жүйе 1990-жылдардағы экономикадағы ауқымды реформалар аясында іске қосылды. Оның негізіне «чилилік модель» алынды. Ол кезде бұл модель азаматтарды "ұлттық компаниялардың ортақ иесіне" айналдыру тәсілі ретінде сипатталған.

Жинақтардың болашағына алаңдаған билік 2013 жылы барлық жеке қорды бірыңғай мемлекеттік қорға біріктіру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім салымшыларға қымбатқа түсті: активтер БЖЗҚ-ға берілген кезде тәуелсіз аудит бағалы қағаздардың бір бөлігін жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде көлемі төрт триллион теңге болатын жалпы "қоржын" шамамен 94–100 миллиард теңгеге азайды.

"Дәл осы жеке зейнетақы қорлары ақшаны "қоқыс облигацияларына", яғни елдегі үздік 10–15 банк қатарына кірмейтін банктерге салды. Өкінішке қарай, қыркүйекте шамамен 100 миллиард теңге болатын өте үлкен соманы бірден есептен шығаруға тура келді, өйткені бұрынғы жеке зейнетақы қорларының қызметі тиімсіз болды және ол инфляцияны өтей алмады" деді сол кезде Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов.

2014 жылғы қыркүйекте көптеген салымшы теріс балансы көрсетілген үзінді көшірме алды. Біреудің шотындағы ақша мың теңгеге, біреудікі он мың теңгеге азайған.

2021 жылғы қаңтардан бастап ИПБ-лар қайтадан зейнетақы қаражатының бір бөлігіне басқару мандатын ала бастады. 2023 жылғы шілдеден бастап оларға міндетті жарналардың 50 пайызына дейін беру мүмкіндігі пайда болды. 2026 жылғы қаңтардан бастап стратегияны таңдау (консервативті, қалыпты немесе тәуекелді) мүмкіндігі қосылды. Ал 2026 жылғы қыркүйектен бастап бұл шектеу толығымен алынып, жинақтың 100 пайызына дейін басқарушы компанияларға аударуға болады.

Бұл бұрынғы модельді қайтадан енгізу дегенді білдіре ме?

Меруерт Махмұтова бұған сақтықпен жауап береді:

"Бір өзенге екі рет түсе алмайсың. Модель сырттай ұқсас болғанымен, осы жылдар ішінде жинақтардың өзі өзгерді, қаржы нарығы да өзгерді".

2013 жылмен салыстырғанда қазір ақша физикалық тұрғыда БЖЗҚ-дағы есепте тұрады және қорлардың меншігіне өтпейді. Ал жеке басқарушылар нарықтық индекстен қалып қойған жағдайда айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.

Мемлекеттік кепілдік жойылады деп айтылғалы кей азаматтар болашағына алаңдай бастады. Инфляция күрт артып, бірде-бір басқарушы компания ол деңгейде табыс ала алмаса, зейнетақы жинағының тағдыры не болмақ? Әзірге сарапшылар 2026 жылдың аяғына қарай инфляция 9-11 пайыз арасында болады деп отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG