Үш компания Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін іске қосуды жоспарлап отыр

Nvidia атқарушы директоры Дженсен Хуан

inDrive жолаушылар тасымал сервисі, қытайлық Pony.ai компаниясы және америкалық NVIDIA Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметін іске қосу үшін ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Жаңа технологияны сынақтан өткізетін алғашқы қала Астана болуы мүмкін.

Компаниялар жүргізушісіз көліктерді іске қосудың техникалық, коммерциялық және құқықтық шарттарын бағалауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Жолаушылар мұндай таксилерге inDrive қосымшасы арқылы тапсырыс береді деп жоспарланып отыр.

Қытайлық Pony.ai жобаға өзінің жетінші буындағы Gen-7 роботаксилерін ұсынады. Ал inDrive жолаушылар тасымалын ұйымдастырумен айналысады, ал NVIDIA жасанды интеллектке арналған Hyperion платформасы мен Halos қауіпсіздік жүйесін қоса алғанда, технологиялық қолдау көрсетеді.

Жоба аясында автономды басқарудың төртінші деңгейіндегі көліктер пайдаланылмақ. Олар белгілі бір жағдайларда және арнайы белгіленген аумақтарда жүргізушінің қатысуынсыз қозғала алады.

TechCrunch басылымының мәліметінше, Астанада жүргізушісіз таксилер 2027 жылдың бірінші жартысында сынала бастайды. Алғашқы кезеңде көліктерде қозғалыс қауіпсіздігін бақылайтын операторлар болады. Кейін компаниялар толық автономды тасымалға көшуді жоспарлап отыр.

inDrive негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский Астананың ұзақ қысы мен қарлы ауа райы жүргізушісіз көліктер үшін күрделі сынақ болатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай сынақ Астананың климатына ұқсас басқа қалаларда да технологияны қолдану мүмкіндігін бағалауға көмектеседі.

Қызметті іске қосу үшін Қазақстан үкіметінің келісімі қажет. Компаниялар қолданыстағы нормативтік талаптарды зерделеп, жүргізушісіз көліктерді пайдалану шарттарын анықтамақ.

Жоба сәтті жүзеге асса, аталған компаниялар қызметті Қазақстанның басқа қалалары және inDrive жұмыс істейтін өзге елдерге де іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Pony.ai автономды көлік басқару технологияларын әзірлейді және Қытайда жүргізушісіз жолаушылар тасымалын коммерциялық негізде жүзеге асырып келеді. Компания Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінде де жобаларын дамытып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Yandex-тегі ақаудан кейін құрылтайда азаматтардың жеке деректеріне қатысты мәселе қозғалды