Ресейдің Владивосток қаласында өтіп жатқан шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстанда атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл жөнінде Қазақстан атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлады.
Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды.
"Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді. 2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі" деп жазылған хабарламада.
Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталмақ. “Росатом” Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы маңына 2400 мегаваттық екі энергоблоктан тұратын атом станциясын салмақ.
Мамырдың соңында Ресей басшысы Владимир Путин Қазақстанға келген кезде екі елдің үкіметтері “Балқаш” атом станциясын салу бойынша ынтымақтастықтың негізгі принциптері мен шарттары туралы келісімге қол қойған еді.
Қазақстан билігінің айтуынша, атом станциясын салуға 16,4 миллиард доллар жұмсалмақ. Қаражаттың 85 пайызы Ресейден несиеге алынады. Бұған дейін Путин ақшаны кейін Ресей процентпен қайтарып алатынын айтқан еді. Қалған 15 пайызды Қазақстан өзі қамтамасыз етеді.
Қазақстан билігі АЭС салуды елдегі электр энергиясына деген сұраныс артуымен және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндіреді. Қоғамда АЭС салуға қарсылар да бар. Олар жобаның экономикалық тиімділігіне күмән келтіріп, экологияға қатер төндіреді және Қазақстанды Ресей технологиясына кіріптар етеді деп санайды.