Қазақстанда Құрылтай сайлауына дауыс беру басталды

Сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. Астана, 23 тамыз, 2026 жыл.

23 тамыз күні таңертең Қазақстанда парламент сайлауына дауыс беру басталды. Биыл қабылданған жаңа Конституция бойынша, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланады. Сайлауға елдегі ресми тіркелген жеті партия қатысып жатыр.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауы. Жексенбі күні он мыңнан астам сайлау учаскесі ел аумағында және 79 сайлау учаскесі Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктерінде ашылды.

Дауыс беру таңертеңгі сағат 7-де басталып, сағат 20-ға дейін жалғасады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының шамамен 62 пайызы – 20,5 миллион адамның 12,6 миллионы – дауыс беру құқығына ие.

Қазақстан заңына сәйкес, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өтті деп саналады.

Бұл жолғы сайлау бюллетеніне елде ресми тіркелген жеті саяси партияның атауы және "Барлығына қарсы" деген жазу енгізілген.

Сайлауға жеті саяси партиядан жиынтығы 545 кандидат ұсынылған:

"Ақ жол" – 63 кандидат;

"Ауыл" – 69 кандидат;

"Әділет" – 186 кандидат;

"Байтақ" жасылдар партиясы – 47 кандидат;

"Қазақстанның халық партиясы" - 72 кандидат;

"Жалпұылттық социал-демократиялық партия" – 33 кандидат;

"Республика" – 76 кандидат.

Бір палаталы Құрылтайда пропорционал жүйемен, яғни партиялық тізімдер бойынша бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат болады.

1 шілдеде күші жойылған бұрынғы Конституция бойынша, екі палаталы парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс аралас жүйе бойынша сайланатын, яғни сайлауға партиялар да, тәуелсіз кандидаттар да қатысатын, ал жоғарғы палата – Сенат депутаттарын аймақтардағы өкілді органдардағы сайлаушылар таңдайтын, бұған қоса Сенаттың тағы 10 мүшесін президент тағайындайтын.

Ал жаңа Конституцияға сәйкес, енді бір мандатты сайлау округтері жоқ; Құрылтай депутаттары жалпыұлттық сайлау округтерінен сайланады. Партиялар парламентке кіру үшін 5 пайыздық межені еңсеруі шарт.

Сайлаудың алдын ала қорытындысы дүйсенбі, 24 тамызда жариялануы мүмкін.

Ал түпкілікті қорытынды, "Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру аяқталғаннан кейін он күн мерзім ішінде жариялануы тиіс.

Алғашқы Құрылтай сайлау құқық қорғаушылар елде журналистер мен тәуелсіз медиаға қысым күшейгеніне алаңдайтынын мәлімдеп жатқан шақта және бұрынғы сайлауларда байқаушы болған тәуелсіз бақылаушылар бұл жолғы науқанға қатысудан бас тартып отырған кезде өтіп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев сайлаудан соң үкімет құрамы өзгеретінін айтты, Назарбаев үйінде дауыс берді