Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров бүгін 80 жасқа толды. Ол 1946 жылғы 27 шілде күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған.
Тоқтар Әубәкіров туған жерде 1965 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Ресейдегі Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесіне оқуға түскен, 1976 жылы ұшқыш-сынақшылар мектебін аяқтаған. Ол Совет одағы әскери-әуе күштерінде қызмет атқарды.
Советтік МиГ-31Б әскери ұшағымен әуеде 2 рет жанармай құйдырып, жерге қонбай солтүстік полюске дейін ұшқан, МиГ-29К жойғыш ұшағын советтік ұшақ тасымалдаушы "Тбилиси" крейсерінен тұңғыш рет әуеге көтерген әскери ұшқыш ретінде танылды. Жаңа әскери әуе техникасын сынау кезіндегі ерлігі мен батылдығы үшін Тоқтар Әубәкіров 1988 жылы Совет одағының батыры атағымен марапатталған.
1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров "Союз ТМ-13" ғарыш экипажы құрамында Байқоңырдан ғарышқа ұшты. "Мир" орбиталық кешенінде жұмыс істеп, 10 қазанда қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болып Жерге оралған кезін кейін еске алғанда "халық қол-аяғымды жерге тигізбеді" деп сипаттады Әубәкіров.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1995 жылы Тоқтар Әубәкіровке ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның халық қаһарманы" атағы берілді. Ол Қазақстанның қорғаныс комитеті (қазіргі Қорғаныс министрлігі) басшысының орынбасары, ел президентінің ғарыш саласындағы кеңесшісі, Ұлттық ғарыш агенттігінің алғашқы директоры болды.
Тоқтар Әубәкіров екі рет Қазақстан Жоғарғы кеңесінің, бір рет парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бірақ үшеуінде де заң шығарушы орган мерзімінен бұрын тарап кетті.
2009 жылы Әубәкіров біріккен "ЖСДП – Азат" партиясына қосылып, 2012 жылы осы партиядан парламент сайлауына кандидат болып түсті, бірақ партия парламентке өте алмады.
Бұдан соң Әубәкіров оппозициядан кетіп, "бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында болғысы келетінін" мәлімдеді. Көп ұзамай ол "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалып, бұл қызметте 2018 жылға дейін істеді.
Бірнеше жылдан кейінгі сұхбаттарында ол "Қазақстанда оппозиция жоқ, бәрі биліктің айтқанымен жүреді" деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Тоқтар Әубәкіров биліктің жақсылығын да, жамандығын да көрді"2022 жылы қаңтардың басында Қазақстанда жаппай бейбіт шерулермен басталған наразылықтардың аяғы дүрбелеңге ұласып, бірнеше қалада тәртіпсіздіктер белең алып, жағдай мүлде шиеленісіп тұрған шақта зейнеткер Тоқтар Әубәкіров мемлекеттік телеарнадан ел аумағына сырттан ҰҚШҰ шектеулі әскери контингентін кіргізуді қолдап сөйледі. Әубәкіров осы сөзі қоғамда қатты сынға ұшырады. Ресми ақпарат бойынша, Қанды Қаңтар оқиғасы салдарынан кемінде 238 адам көз жұмған.
Кейінірек журналистер сұрағына берген жауабында тұңғыш қазақ ғарышкері "әркімнің өз көзқарасын білдіруге құқығы бар" деп жауап берді.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері