ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов. Фото Қасеновтің Facebook парақшасынан алынды.

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновті Астананың Есіл аудандық полициясы ұстады. Бұл жөнінде агенттіктің бас директоры әлеуметтік желіде хабарлады.

Журналист Freedom Finance компаниясының арызы бойынша Қылмыстық кодекстің "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікті деп танылып, 23 желтоқсан кешке Астананың Есіл аудандық полиция бөліміне шақыртылған. ҚазТАГ-тың бас директоры Әсет Матаевтың айтуынша, Қасеновтің тергеуге келгенде ұсталғанын адвокаттары хабарлаған.

23 желтоқсанда күндіз Әмір Қасенов Facebook парақшасында пост жазып, Есіл аудандық ішкі істер бөліміне шақырту алғанын жазған. Оның айтуынша, тергеуші Заманбек Тазабеков адвокаты Ерлан Мәкенов басқа іс бойынша өзге қалада жүргеніне қарамастан, оны дереу келуге шақырған.

"Тергеу әрекеттеріне адвокатсыз қатыса алмайтыным туралы уәжімді қабылдамады. Тазабековтен Есіл аудандық ішкі істер бөліміне келу туралы шақыртуды алған жоқпын. Маған дереу адвокат керек" деп жазды Қасенов.

Әсет Матаев ҚазТАГ бас редакторының ұсталуын "құқықтық бассыздық" деп атады. "Қазақстанда әділдік болса, Әмірге тағылған айыптарды алып тастап, оны бостандыққа шығаруы керек" деп жазды Матаев.

Freedom Finance Қасеновтің ұсталуы бойынша пікір білдірген жоқ.

9 желтоқсанда Freedom Finance иесі, Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) ҚазТАГ агенттігінің компанияның "алаяқтығы" туралы "біржақты 12 материал жариялауы" "жала жабу мен қоғам пікірін бұрмалауға бағытталған арнайы кампанияның" бір бөлігі болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Оның сөзінше, компания заң аясында өзінің ұстанымын қорғауға және мұның жала екендігін дәлелдеуге де дайын.

Желтоқсан басында ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. Ақпарат агенттігі бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. ҚазТАГ басшылығы бұл қылмыстық істі сөз бостандығын шектеу әрекеті деген.

Қазақстан вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" айтқан.