Қоғамда дау тудырған Almaty SuperSki жобасы қажет рұқсаттың бәрін алды

Көкжайлау шатқалы

Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 9 маусымда үкіметтік брифингте Almaty SuperSki жобасы экологиялық бағалаудан, ғылыми талдаудан және қоғамдық тыңдаулардан өтті деп мәлімдеді. Жобаны әзірлеушілер оның қоршаған ортаға, топыраққа, су ресурстарына, флора мен фаунаға, сондай-ақ халық денсаулығына әсерін де зерттеген.

Құрылыс жобасын дайындаған Kazakh Tourism Development компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев Көкжайлау шатқалындағы коммерциялық құрылыстарды жеке инвесторлар қаржыландыратынын мәлімдеді. Қазір ол жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болып отырған "Бәйтерек" инвестициялық холдинг компаниясының қаражатына жасалып жатыр.

– Қонақ үйлерді, орналасатын жерлерді, туристік және коммерциялық инфрақұрылымды бюджет есебінен салу дұрыс емес, – деді ол. – Бірақ сумен қамтамасыз ету жүйелері, аспалы жолдар мен шаңғы жолы кез келген елде мемлекет есебінен салынатын инфрақұрылымдық жобаға жатады.

Kazakh Tourism Development компаниясының есебі бойынша, тау шаңғысы курорты жыл сайын шамамен бір миллион шетелдік турист қабылдай алады және өз шығындарын "өте тез" ақтап алады.

Көкжайлау шатқалындағы курорт салу жобасы бойынша пікірталас 2018 жылы басталған. Тәуелсіз экологтар мен белсенділер аспалы жолдар, қонақ үйлер және түрлі туристік инфрақұрылымдар салуды көздеген Алматы тау кластерін дамыту жоспарына қарсы болды. Олар мұндай өрескел араласу экологиялық жүйелерді тоздырып, флора мен фаунаның жойылуына және Қазақстанның ең ірі қаласы мен айналасындағы таулардағы жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады деп қауіптенеді. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал экологтардың пікірлеріне сүйеніп, құрылыс жүргізуге жария түрде тыйым салды. Бірақ, арада жеті жыл өткенде ол қарамағындағы шенеуніктерге Алматы мен Алматы облысында шаңғы туризмі инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.

Your browser doesn’t support HTML5

Күштеп шығару, бос тұрған зал. Қоғамдық тыңдау қалай өтті? — AzatNEWS l 26.05.2026

Биыл 26 мамырда Алматыда Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Құрылысқа қарсылар жиында сұрақ қоя алмағанын айтып шағынды. Белсенді Абай Ерекеновті қоғамдық талқылау өтіп жатқан Оқушылар сарайы залынан мәжбүрлеп шығарып, Медеу аудандық полиция бөліміне апарған. Сол күні кешке әкімшілік сот оған "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" үшін айыппұл салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Эколог: "Билік өкілдерінің өзі заңды өрескел бұзып отыр"