"Жаназаға ғана баруға рұқсат". Қоғамдық қызметіне тыйым салынған қазақстандықтар қалай күн кешеді?

Қоғам қайраткері Оразалы Ержанов өз ісі бойынша оқылған үкім кезінде. 22 мамыр 2026 жыл.

"Жаназаға ғана баруға рұқсат". Қазақстандық қоғам қайраткері Оразалы Ержанов сот үкімі күшіне енген кезде басына түсетін шектеулерді осылай сипаттады. 23 маусымға белгіленген апелляциялық сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді.

Мамырдың аяғында Қазақстан соты заңсыз алынған активтерді қайтарумен айналысатын Elge Qaitaru қорының жетекшісіне төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, бес жыл бойы қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Кейінгі жылдары Қазақстан соттары азаматтық белсенділерге, журналистерге, блогерлерге және билікті сынаушыларға осындай жазаны жиі үкім етіп жүр. Заң жүзінде бұл жазалар жекелеген қызмет түрін шектеу деп аталғанымен, іс жүзінде мұның бәрі қоғамдық бірлестікке, бұқаралық шараларға қатысуға; саяси қызметпен айналысуға және әлеуметтік желіде пікір жазуға тыйым салынады.

"Не нәрсеге рұқсат барын есте сақтаған оңайырақ"

Оразалы Ержанов наурыз айының ортасында өткен конституциялық референдумға бойкот жариялауға шақырғаннан кейін "Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сотта ол өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, саяси пікір білдіру қылмыстық қудалауға жататын әрекет емес деді.

Сот Ержановқа төрт жылдық бас бостандығын шектеуден бөлек, қосымша жаза ретінде қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысуға бес жылдық тыйым салды.

Ержановтың өзі қылмыстық іс қозғаудың түпкі мақсаты осы болатын дейді. Шектеу қоғамдықпен қызметпен бірге оның кәсіби қызметін де қамтып отыр.

"Ешнәрсе жаза алмаймын, қандай да бір оқиғаға пікір білдіре алмаймын. [Сондай-ақ] мен [Алматыдағы] Каспий университетінде ғылыми зерттеушімін, негізгі жұмысымда мақала жариялауға қатысамын. Екінші жағы – Elge Qaitaru қорындағы қоғамдық қызмет. Жазба жариялау – осы қызметтің тікелей тармағы, өйткені әрдайым қоғамға жүгініп, фактілерді мәлім ету керек. Негізгі мақсат осы болды деп ойлаймын. Енді қызметімнің осы бір бөлігі де тыйылып отыр" дейді Ержанов.

Elge Qaitaru қоғамдық қоры 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған. Қор өз қызметінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанды" құру, экономиканы демонополизациялау және заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы мәлімдемелеріне сүйенеді.

Қараша айында Ержанов 63-ке толады. Бұл – Қазақстандағы зейнет жасы. Ержановтың пайымдауынша, оған дейін оны бостандықты шектеу режимі аясында жұмысқа тұруға міндеттеуі мүмкін. Бірақ сөйте тұра қоғамдық қызметпен айналысуға деген тыйым оны жұмыссыз, яғни нәпақасыз қалдыруы ықтимал.

"Менің жұмысым публицистикаға байланған. Үкім күшіне енгенде институт басшылығымен бұдан әрі жұмыс істеуге құқығым бар-жоғын талқылаймын. Ондағы менің жұмысым қандай да бір нәрсені жазуға, оны бір жерде жариялауға саятын" дейді ол.

Ержановтың сөзінше, шектеулердің көп болғаны сонша, рұқсат етілген қызметке мән берген жеңілдеу.

"Тыйымдардың бүкіл тізімін жаттай қоймадым. Не нәрсеге рұқсат барын есте сақтаған оңайырақ. Шартты түрде айтқанда, жаназаға баруға ғана рұқсат" дейді ол.

Сонымен қатар, Ержанов өзінің ісіне арқау болған қылмыстық кодекстің 150-бабы ("Сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасау") елде жақында жарияланған амнистияға ілігетін нормалардың тізіміне кірмей қалғанына назар аударады.

Құқық қорғаушылар мен Қазақстан президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның кейбір мүшелері амнистия туралы заңнан бұл бапты алып тастау нақты Ержановқа қарсы бағытталғанын айтқан.

Қазақстан билігі бұл айып туралы пікір білдіре қоймады. Ержанов апелляциялық шағым түсірді. Сот отырысы 23 маусым күні Алматы қалалық сотында өткен. Қорғау тарабы отырыста іс материалдарымен танысу қажеттілігін алға тартып, соттан істі қарауды кейінге қалдыруды сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырды. Жаңа отырыстың күні әлі белгіленген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алматыда Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа үкім оқылды

"Жұмысқа алмайды"

Қазақстандық сот практикасында қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу қосымша жаза ретінде тағайындалады. Оның мазмұны әр іске байланысты айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.

Әдетте, бұл қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың қызметіне, бейбіт жиналыстар мен бұқаралық іс-шараларға қатысуға, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізуге, БАҚ-та сөз сөйлеуге тыйым салуды білдіреді. Кейбір жағдайларда шектеулер әлеуметтік желілердегі жазбаларға, волонтерлік немесе қайырымдылық жобаларына қатысуға да қолданылады.

Осындай қосалқы тыйымның тағы бір мысалы – «Qaznews24» сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі.

2025 жылғы сәуірде Алматы соты Еңсебекке ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Еңсебек тағылған айыпқа келіспейтінін айтып, үкімді тым қатал деп айыптады.

Негізгі жазаға қосымша бес жыл бойы конференцияларға, дебаттарға, дөңгелек үстелдерге, телебағдарламаларға, бейбіт жиналыстар мен азаматтардың жиындарына қатысуға, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың, кәсіподақтардың және діни ұйымдардың қызметімен айналысуға тыйым салынды.

Шектеулер әлеуметтік желідегі қызметтерді қамтыды. Үкіме шыққан соң, Еңсебек Qaznews24 жобасын жабатынын мәлімдеді.

Әкесі Марат Тұрғымбайдың айтуынша, қосымша шектеулер Еңсебек пен оның жақындарына ауыр тиген.

"Оны ешқайда жұмысқа алмайды. Жекеменшік компаниялар да алуға қорқады. Ол бірнеше рет қайсыбір жұмыстарға орналасуға талпынған еді, алмады. Оның ісіндегі бап ауыр саналады. Жеке куәлігін көрсетсе болды, барлығы да қалқып шығады. Екінші мәселе – психологиялық соққы. Моральдық тұрғыдан оған өте ауыр тиіп жатыр" дейді Тұрғымбай.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қамамай тұншықтырды". Темірлан Еңсебекке шыққан үкімге реакция

"Қосымша жазаны мойындамайтынымды мәлімдедім"

Азаматтық белсенді Макс Боқай (бұрын Боқаев болатын – ред.) 2016 жылы Атыраудағы жер наразылықтарынан кейін сотталған. Сот оны бірнеше бап бойынша айыпты деп тапқан. Олардың арасында әлеуметтік араздықты қоздыру және митинг өткізу тәртібін бұзу баптары да бар. Белсендінің өзі бұл айыптарға келіспеген.

Макс Боқай бостандыққа шыққан соң екі түрлі шектеулер тобына тап болған. Біріншісі – сот үкімінен туындайтын қосымша жазалар.

"Үкіметтік емес ұйым аша алмаймын, оған мүше бола алмаймын, қоғамдық қызметпен айналыса алмаймын, сайлауға түсе алмаймын" дейді ол.

Белсендінің айтуынша, ол бостандыққа шыққан соң бірнеше мәрте бейбіт жиынға шығып, одан бөлек сұхбат та берген. Мұның бәрі тыйымды бұзу деп бағаланған. Сол себепті оған айыппұл салып, әкімшілік қадағалау мерзімін ұзартқан.

"Мен үкімді қалайша мойындамасам, қосымша жазаларды да солайша мойындамаймын деп мәлімдедім. Түрмеден тура алаңға тартып, пикетке шықтым. 2021 жылы тыйымды елемей алаңға шығумен болдым" дейді Макс Боқай.

Шектеулердің екінші тобы оны терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар адамдар тізіміне кіргізгеннен кейін пайда болған. Бұл тізімді қаржы Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізеді. 2016 жылы бұл тізімде 500-ге тарта адам болған. Ал 2023 жылы ондағы адам саны 1,5 мыңнан асқан.

Боқайдың сөзіне қарағанда, тұрмыстағы ең үлкен қиындық осы тізімде болғаннан туып отыр. Бұл тізімге енгізілген адамдар ай сайынғы негізгі шығындарға арналған соманы ғана, яғни 85 мың теңгеге дейінгі қаражатты ғана дербес жұмсай алады.

Боқайдың тұрақты жұмысы жоқ. Ол банктік шоттар аша алмайды, тіпті қоғамдық көлікте жолақысын да төлей алмайды. Сақтандыруды рәсімдей алмайды. Оған нотариалды сенімхат беруге рұқсат етілген, бірақ мүлікті иеліктен шығаруға тыйым салынған.

"Әріптестерім шамасы келгенше жұмыс тауып беріп, аштан өлмеудің қамын жасап жатыр. Кейінгі жұмыстарымның бірі – саяси тұтқындарға арналған практикалық кеңестер жаздым" дейді ол.

Макс Боқайға салынған шектеулер 2030 жылға жарамды. Ол сот арқылы, соның ішінде конституциялық сот арқылы тізімнен шығуға талпыныс жасап келеді, бірақ оң шешім жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Макс Боқаев: Төрт жарым жыл өтсе де талабымыз орындалмады

"Қоғамның кәсіби қажеттіліктеріне қызмет етуге тыйым"

Бас бостандығынан айырылғандар үшін қосымша жаса бостандыққа шыққаннан кейін басталады. Ал егер бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаса, қосымша шектеулер үкім заңды күшіне енгеннен кейін басталады.

Алматылық азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев негізгі және қосымша жазаны да толықтай өтеп қойған. Мұндай шектеулер адамға қалай әсер ететініне оның да тәжірибесі мысал бола алады.

2020 жылғы маусымда билік басындағы "Нұр Отан" (Кейін атауы "Аманат" болып өзгеріп, жуырда жаңадан құрылған "Әділет" партиясына қосылды) партиясын сынайтын үш жазбадан соң, оны "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп үш жылға бас бостандығын шектеген. Ол бұл айыптарды келіспей, істің саяси астары бар деп санайды.

Ілияшевке де қосымша жаза тағайындалған. Оған бес жыл бойы қоғамдық және жария қызметпен айналысуға тыйым салынды. Бұл шектеулер "қоғамның саяси, мәдени, кәсіби қажеттіліктеріне ерікті түрде қызмет көрсетуді", саяси ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер құруды және олардың қызметіне қатысуды қамтыды.

Қосымша жаза алған өзге сотталушылар сияқты, Ілияшев те қызметке тұра алмаған.

"Қоғамның кәсіби қажеттіліктеріне қызмет көрсетуге тыйым салынады деген сөзге бола қалалық жұмыспен қамту орталығы менің төрт мамандығымның қайсысымен болса да жұмысқа орналасуыма жол бермеді" дейді ол заңгер, педагог-психолог, менеджер және дінтанушы деген мамандықтар бойынша жоғары білім алғанын, дипломы барын айтып.

Осы жылдар ішінде Ілияшев қоғамдық-саяси өмірге араласу құқығы үшін күресіп келді. Ол 2022-2023 жылдардағы барлық сайлау науқандарында кандидат болып тіркелмек болды. Оның ішінде сенат, мәжіліс және Алматы қалалық мәслихаты да бар. Бірақ барлығында да оны тіркеуден бас тартқан.

Мамандығы бойынша жұмыс істеу құқығы үшін күрес жолында ол омбудсменге де, соттарға да жүгінген.

Тыйымдар мерзімі 2025 жылғы қыркүйекте аяқталды. Осыдан соң, Ілияшев соттылығының жойылғаны туралы анықтама алып, заң кеңесшілері палатасына мүше болып, енді сотта азаматтардың құқығын қорғай алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?

"Құқықтық қалыптағы саяси тапсырыс"

Қазақстандық құқық қорғаушылар қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салу практикасын тым кең және құқықтық тұрғыдан бұлыңғыр деп санап, оны үнемі сынға алады.

Мәселен, Қазақстан халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросының талдау жазбасында заңнамада "қоғамдық қызметтің" нақты анықтамасы жоқ екені, сондықтан мұндай тыйымдардың мазмұны кең ауқымда қаралып, адам өмірінің барлық салаларына әсер етуі мүмкін екені атап өтілген.

"Оның үстіне, қоғамдық қызметпен айналысу құқығын ешкім бермейді. Ол табиғи түрде бар және ерікті түрде жүзеге асырылады. Дәл осы "қоғамдық қызметтің" заңдық анықтамасы болмағандықтан, қазақстандық соттар мұндай қосымша жазаны өз бетінше тағайындайды, ал бұл мәні бойынша азаматтарды шектеусіз саяси құқықтар мен азаматтық бостандықтардан негізсіз айыруға тең" делінген зерттеуде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Түбегейлі саяси реформа жүргізу мақсаты қойылған жоқ". Евгений Жовтиспен сұхбат

Құқық қорғаушы, әрі бюро сарапшысы Евгений Жовтис мұндай шектеулер құқық қорғау қауымдастығы саяси астарлы деп санайтын істерде жиі қолданылатынын айтады.

"Көп жағдайда соттардың қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салуы – бұл саясат құқықтан жоғары тұратын, құқықтық қалыптағы саяси тапсырыс бар жерлерде келіспеушілермен күресудің классикалық құралы" дейді Жовтис.