Қазақстанның Қостанай облысында миллиондаған тонна бидай жиналып, ондаған мың автокөлік құрастырылады, алайда жергілікті кәсіпкерлер жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Елдің астықты алқабы саналатын өңірдің басты байлығы - топырақтың жай-күйі экологтарды алаңдатса, азаматтық белсенділер тұрғындар табысының төмендігі мен Ресей пропагандасының ықпалы күшейе ме деп алаңдайды.
Бұл — Азаттықтың Қазақстан-Ресей шекарасындағы тіршілік туралы арнайы жобасының үшінші репортажы. Біздің журналистер Ресейдің жақындығы жергілікті тұрғындардың өміріне қалай әсер ететінін көру үшін алты қалада — Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар және Өскеменде болып, аймақтардың жай-күйімен танысып шықты.
Қостанай облысы 196 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл — Қазақстан жерінің шамамен 7,2 пайызы. Ол — республикадағы жер көлемі жөнінен төртінші облыс. 2026 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, мұнда 818 мыңдай адам тұрады. Бұл — ел халқының шамамен төрт пайызы. Өңір Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, Ресейдің Орынбор, Челябі және Қорған облыстарымен шектеседі. Ресеймен арадағы шекараның ұзындығы шамамен 1400 шақырым. Облыс аумағы арқылы Қазақстанды Ресей аймақтарымен байланыстыратын маңызды автомобиль және теміржол бағыттары, соның ішінде Астана — Қостанай — Челябі — Екатеринбург көлік дәлізі өтеді. Ресейдің жақын орналасуы ондаған жылдар бойы өңір экономикасына, саудаға, көші-қонға және жергілікті тұрғындардың күнделікті өміріне ықпал етіп келеді.
Дала төсі, тың игеру және теміржол
1879 жылы Тобыл өзенінің жағасында Қостанай бекінісінің іргесі қаланды. Оған дейін бұл жерді көшпелі қазақ рулары мекен еткен. Жаңа бекініс салу арқылы Ресей империясы қазақ жеріне әкімшілік бақылауды күшейтіп, аймаққа Ресей губернияларынан шаруаларды қоныс аударуды ұйымдастырмақ болды.
Қостанай орталығындағы совет мозаикасы салынған үй.
Басында-ақ Қостанай деп аталған елдімекен 1893 жылы уезд деңгейіндегі қала статусын алды. Ыңғайлы жерде орналасқандықтан мұнда жәрмеңкелер ұйымдастырылып, мал, бидай және ауыл шаруашылық өнімдері сатылды. 20 ғасырдың басында сауда мен көлік жолының дамуы қаланың өсуіне де ықпал етті.
1954 жылы Совет одағы тың игеруді бастады және Қостанай облысы бұл науқанның негізгі орталығы болды. Мұнда Ресей, Украина және одақтың басқа елдерінен адамдар жаппай келе бастады. Совхоздар құрылып, миллиондаған гектар жер жыртылып, жолдар салынды. Қостанай тез өсіп, Қазақстандағы бидай өсіру бойынша ірі орталыққа айналды. Бұған қоса, аймақта темір кенін өндірісі дамып, тау-кен өндіретін кәсіпорындар ашылды.
Совет одағы ыдыраған соң бұл аймақ та экономикалық қиындықтарға тап болды. Қостанай облысының экономикасы үшін маңызды саналған ауыл шаруашылығы қатты соққы алды. Жекешелендіру басталып, совхоз және колхоз жүйелері жойыла бастады. Көптеген шаруашылыққа ақша, техника, жанармай жетпеді, егістік пен мал азайып кетті.
Экономикалық қиындықтан халық жаппай көше бастады. Аймақтан кеткендер арасында орыстар, украиндар, немістер және басқа да ұлт өкілдері көп болды. Олар бұл өңірге Ресей империясы кезінде қоныстанған немесе советтік заманда тың игеруге келгендер еді
Миграцияның ауқымы статистикада анық көрінеді. Мәселен, 1989 жылы Костанай облысында 1 млн 224 мың адам тұрса, 1999 жылы 1 млн 18 мың адам қалды. Он жыл ішінде өңірден 200 мыңнан аса адам кетіп қалды. Қостанай қаласының да халқы қысқарды. Қала әкімдігінің дерегінше, 1991 жылы 230 мың адам болса, 2001 жылы 207 мың адам қалған.
Қостанай облысындағы үйілген шөптер. 2024 жылдың қыркүйегі.
Қазір Қостанай — Солтүстік Қазақстанның ірі аграрлық және шаруашылық орталығының бірі. Қалада 279 мыңдай адам тұрады, ал Қостанай облысы елдегі билайдың 28 пайызын өсіреді. 2025 жылы өңірде 5,4 млн тонна бидай жинаған.
Кейінгі жылдары Қостанай Қазақстандағы автокөлік өндірісі бойынша орталыққа айналып келеді. Allur компаниясы 2025 жылы 92 мыңнан аса көлік шығарған. Рудный мен Лисаковтағы темір өндірісі де облыс экономикасы үшін өте маңызды. Бірақ бұл өңірге кәсіби мамандар жетіспей жатыр, көшіп кетіп жатқан халық та бар.
"Шөлді аймаққа айналады". Қостанайдың жері неге құнарсызданып барады?
Қазір Қазақстандағы бидайдың 25-28 пайызы Қостанай облысы тиесілі. Бірақ мұның теріс жағы да бар. Сарапшылардың сөзінше, жерді көп жырту және жерді ұзақ уақыт игеру үлкен мәселелерге алып келді. Егістік алқаптары эрозияға ұшырап, соның салдарынан топырақтағы органикалық заттар азайып барады.
Қостанайлық экобелсенді, "Neco экологиялық клубы" қоғамдық қорының жетекшісі Наурызбек Бірмағамбетов "жердің құнарсыздануы — облыс экономикасына ең үлкен қауіп төндіретін жайт" деп санайды.
— Жердің құнарсыздануы – аймақтың ең басты мәселесі. Топырақтың құнарлылығы құрамындағы гумустың мөлшерімен анықталады. Өйткені гумуста топыраққа ең қажетті негізгі қоректік элементтер шоғырланған. Былайша айтқанда, кейінгі 30 жылда бұл көрсеткіш 12 пайыздан 3-4 пайызға дейін азайды. Егер бұл жалғаса берсе, аймақ шөл далаға айналуы мүмкін, — дейді ол.
Қостанай облысы
Гумус — топырақтың құнарлылығын сақтауда маңызды рөл атқаратын органикалық бөлігі. 2026 жылы жарияланған зерттеуде Қостанай облысының жыртылатын жерлеріндегі гумустың орташа мөлшері 3,3–4,8 пайыз болған.
Эколог Бірмағамбетов жердің құнарсыздануына ауыл шаруашылық жерлерін кезектесіп пайдаланбау себеп деп санайды. Оның сөзінше, бұрын жер алқабын сегізге бөліп, әр бөлікке жыл сайын әртүрлі дақылдар екен, ал қазір фермерлер бір жерге тек бидай егіп жатыр.
Наурызбек Бірмағамбетов.
Бірмағамбетов жерді күтіп пайдалану керек деп есептейді. Яғни, жерді қарқынды жыртуды азайтып, ауыспалы егіс алқаптарын кеңейтуді ұсынады. Бұған қоса, топырақтағы органикалық заттар мен көміртегіні сақтауға жол ашатын технологияларды қолдану керек деп санайды. Экологтың пайымдауынша, мұндай шаралар ауыл шаруашылығын дамыту және климаттың өзгерісімен күрес шаралары аясында жүзеге асыру қажет.
Бірақ экобелсенді халықаралық конференцияларда экология мәселесін талқылау мен Қостанай облысы фермерлерінің жұмыстарының арасында үлкен алшақтық барын айтады. Оның сөзінше, көптеген фермерлер экологиялық қауіптерді біледі, бірақ қаражат жаңа технологияға көшуге қолбайлау, бұған қоса, жаңаны үйренуге арнайы техника мен кәсіби білім де қажет. Сол себепті фермерлер бұрыннан қалған әдістерді қолдануға мәжбүр.
Бірмағамбетов ауыл шаруашылық саласындағы жұмысшылардың аздығы да мәселе болып тұрғанын айтады. Қостанай облысы елдегі негізгі аграрлық аймақ болса да, далада жұмыс істегісі келетіндерді табу қиын.
Қостанай облысы.
— Қазіргі буын жылы жерде тәрбиеленіп жатыр. Яғни, жылы жерде тәрбиеленген адамдар ешқашан далада жұмыс істемейді, тек басшылық қызмет болса дейді. Далаға барып, ауыл шаруашылық техникаларымен жұмыс істегісі келмейді, — дейді ол.
Наурызбек Бірмағамбетовтің сөзінше, мемлекеттік жүйелі саясаты болмаса бұл мәселені шешу қиын. Кейбір фермерлер мен қоғамдық ұйымдар жаңа әдістер енгізіп, пайдасын көруі мүмкін, бірақ үлкен өзгерістерге ұзақ уақытқа арналған қолдау бағдарламалары, мамандарды оқыту мен жеткілікті қаражат қажет.
"Бос тоңазытқыш теледидарды жеңді". Соғыстан соң қостанайлықтардың Ресейге деген көзқарасы қалай өзгерді?
Ресейдің жақындығы Қостанай облысы тұрғындары үшін маңызды еді. Ондаған жыл бойы жұрт шекараның арғы жағындағы туыстарына барып, балаларын Ресейдің университеттеріне оқуға жіберді, сауда-саттықпен айналысты, көрші аудандардан жұмыс іздеді.
Экономикалық және отбасылық байланыспен қатар ортақ ақпараттық кеңістік те қалыптасты. Аймақ тұрғындары үшін ресейлік телеарналар негізгі ақпарат көзі болды. Бірақ Ресей Украинаға соғыс ашқан соң көрші елге деген көзқарас өзгере бастады.
Қостанайлық белсенді Сергей Зинченко соғыс тұсында аймақ тұрғындарының көзқарасы өзгерді деп санайды. Оның пайымдауынша, қазір қалада мобилизациядан қашып келген ресейліктер азайған, қостанайлықтардың арасында да Ресейдің агрессиясын қолдайтындар азайып келеді
— Кейінгі кезде адамдардың, соның ішінде біздің тұрғындардың да пікірі өзгерді, көбі соғысты аяқтау керек деп санайды. Бос тоңазытқыш теледидарды, яғни, пропаганданы жеңді. Бірақ 35 жыл бойы теледидар өз дегенін істеді. Пропаганда жылдар бойы жүрді. Меніңше, Ресей телеарналарын қысқарту керек, кей жерде мүлде өшірген дұрыс. Көп адам да осылай ойлайды деп топшылаймын. Өкінішке қарай, біздің жергілікті "бесінші колонна" теледидарды жақсы көреді, олар мұның ауыр салдары мен себебін түсінбейді, — дейді Сергей Зинченко.
Тобыл қаласы.
Зинченко шекаралас аудандарда Ресейдің пропагандасы қатты әсер етіп жатыр деп санайды. Оның сөзінше, мәселе теледидар мен әлеуметтік желіне шектеуде емес. Ақпарат пен саяси көзқарас адамдардың араласуымен де тарап жатыр. Олардың арасында шекарадан өтетін жүк көліктерінің жүргізушілері, кәсіпкерлер, Қостанайға шаруаларымен келетін ресейліктер бар.
Зинченконы қазақстандықтардың да Ресей бастаған соғысқа баруы алаңдатады. Ол қостанайлықтар Ресейде жұмыс бар деген жарнамаларға назар аударатынын, бірақ бұл жарнамалар көбіне соғысқа арбау болып шығатынын айтады. Белсенді кейде адамдарға қысым жасалатынын да аңғарған.
— Турасын айтайын, бірнеше жағдай болды, есірткі тастап жіберіп, түрмеге барасын не соғысқа барасың дейді. Сол сияқты желі арқылы да жұмыстар ұсынады. Меніңше, осылай шекара маңындағы аудандардың тұрғындарын соғысқа арбап жатыр.
Солтүстік Қазақстан тұрғындарын ресейлік саясаткерлер мен пропагандистерінің Қазақстан жеріне көз тігуі алаңдатады. Бұл мәлімдемелер қазақстандықтардың да ашуына тиеді. Ал Ресейдің Украинадағы соғысы жалғасып жатқан тұста шекаралас аудандардың тұрғындары мұндай риторикаға ерекше назар аударады.
Қостанай облысындағы жайылым.
— Әлбетте, ресейлік шенеуніктердің сөздеріне әлеуметтік желідегі жұрт ашуланады, нақты жауап беріп жатады. Пропагандаға араласқан музыканттарға да желіде қарсылық көп, концерттері болмай қалып жатыр. Соғыстың бесінші жылында қақтығысты қолдайтындар әлдеқайда азайды. Бірақ қолдайтындар аз да болса да бар, — дейді Зинченко.
Жұмыс күші жетпей жатқан аймақ
Қазақстан тәуелсіздік алғалы Қостанай облысының халқы үштен бірге азайды әлі де азайып жатыр. Биыл жыл басында 821 мың адам тұрса, қазан айында 818 мың адам болған. Аграрлық және шаруашылық секторына жұмыс күші жетпей жатыр.
— Ауыл шаруашылығымен айналысқан таныстарым, достарым кәсіптеріне механизатор таба алмай жүргендерін айтады. Егін еге алмайды, жинай алмайды, себебі адамдар жұмыс істеуге бармайды, — жергілікті кәсіпкер Алдан Менкеев.
Өзі де кәсіппен айналысатын экобелсенді Сергей Зинченко облыстағы шағын бизнес те әлсіреп жатқанын аңғарған.
— Турасын айтсақ, биыл жұмысымыз үшін әлсіз жыл болды. Өзім де жеке кәсіпкермін, басқа жеке кәсіпкерлерден де сұрадым. Бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Жүк тасымалы бірнеше есеге азайып кетті. Бұл – аймақ экономикасын бағалайтын негізгі индикатор. Мен жүк тасымалы саласындағы адамдармен жұмыс істеймін, сондықтан сенімді түрде айта аламын. Бұған қоса, құрылыс та баяу жүріп жатыр, — дейді Зинченко.
Қостанай қаласы.
Дегенмен еңбек нарығындағы жағдай салыстырмалы түрде қалыпты. Жергілікті экономикаға жүздеген мың үлес қосып жатыр. Жұмыстың негізгі үлесі сауда, білім, шаруашылық және ауыл шаруашылығына тиесілі. Алайда жалақыдағы айырмашылық барған сайын ұлғайып келеді. Облыстағы номинальды орташа айлық 410 мың теңгеден асты. Тау-кен комбинаттары орналасқан Рудный қаласы мен Бейімбет Майлин ауданында 450-490 мың теңге. Бірақ медиан жалақы әлдеқайда төмен —250–300 мың теңге. Кейбір аграрлық аудандарда орташа жалақы 230–240 мың теңгеге әрең жетеді.
Облыста қарама-қайшы жағдай да қалыптасқан. Кәсіпорындар қызметкерлер іздейді, бірақ халық жақсы жалақы төлейтін жұмыс таба алмай жүр. Кейбірі Қазақстаның ірі қалаларына көшуді, енді бірі шетелге кетуді, тағы бірі Ресейге баруды ойлап жүр.
Кейбір қостанайлық Ресейді мүмкіндіктер елі деп қарастырса, енді бірі үрей мен белгісіздік деп қарайды.