13 қарашада Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық компаниясы басшыларының жемқорлық күдігімен ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Ол бұл оқиғаны Конституцияда "Заң мен Тәртіп" қағидаты бекітілгеннен бергі мемлекеттік компаниялардағы алғашқы ірі жемқорлық ісі деп бағалады. Бұл туралы жұма күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Аса күрделі жағдай"
Қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы екі ірі топ-менеджердің жемқорлық қылмысына қатысты күдікпен ұсталуын жемқорлық деңгейін көрсететін жайтқа теңеген.
"Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай... "Өзіміздікі" және "өзіміздікі емес", тіпті "бөтен" деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды", – деген ол.
Тоқаев биыл 15 наурыздағы жалпыұлттық референдумда қабылданып, 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияның негізгі ережелерін бұзғандар қатаң жазаланатын болады деп ескертті. Президент бұл оқиға бойынша қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Бас прокуратура бірлесіп тексеретінін хабарлады.
Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ-ның жұмысы тоқтамайтынын, барлық мекеме әдеттегідей жұмыс істеп жатқанын айтып, жемқорлыққа қарсы күрес шетелдік инвесторлар мен несие берушілердің қорға деген сенімін арттырады деп сенетінін мәлімдеді.
Президент үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты барынша азайту және компаниялардың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Бұған қоса ол келесі аптаның басында мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалайтын арнайы мемлекеттік комиссияның құрамы жарияланатынын хабарлады. Президент қазынаға қайтарылған 1,3 триллион теңгеден астам заңсыз актив есебінен салынып жатқан 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның (оның 383-і аяқталған) құрылыс сапасын тексеруге негіз бар сияқты деп мәлімдеді. Тоқаев алдағы жылдың басынан шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылға мораторий жариялау туралы тапсырма бергенін еске салды.
"Халықтан ешнәрсе жасырмаймыз"
Қауіпсіздік кеңесінің отырысында президент елдегі жемқорлық ахуалы күрделі екенін растайтын деректер келтіріп, жемқорлықты жою мақсатында қабылданатын шаралар туралы ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз деп уәде етті.
"Тек кейінгі үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард доллардан асады", – деді президент.
Оның мәліметінше, биылғы жылдың он айы ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 751 құқықбұзушылық жасалған.
"Оның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар. Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан түйеқұстың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз", – деп мәлімдеді президент.
Өз сөзінде ол жемқорларды жауға теңеді.
"Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде "Халықтық құрылыс" бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз", – деді Тоқаев.
Квазимемлекеттік сектордың күдікке ілінген топ-менеджерлері
Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынына квазимемлекеттік сектордың екі топ-менеджерінің ұсталуы түрткі болды. Осыдан бір күн бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің және тағы бірнеше адамның 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысына байланысты күдікт ретінде ұсталғанын ресми растады. Тергеу құпиялығын алға тартқан комитет оларға нақты қандай айып тағылғанын ашып айтпады.
12 қараша күні "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ мәлімдеме жасап, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатқандарын айтты. "Самұрық-Қазына" қоры құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдемдесіп жатқанын хабарлады. Ұсталған топ-менеджерлер я олардың ресми өкілдері әзірге БАҚ-қа түсініктеме берген жоқ.
48 жастағы Нұрлан Жақыпов пен 39 жастағы Елжас Отыншиевтің еңбек жолында ортақ тұстар бар. Екеуі де Мәскеуде жоғары білім алған, қаржы-инвестиция саласында істеген және бір корпоративтік жүйеде қатар қызмет атқарған.
Жақыпов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын 2023 жылдың сәуірінен бері басқарып келді. Бұған дейін ол шетелдік инвесторларды тартумен айналысатын Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd компаниясына үш жылдай жетекшілік еткен. Отыншиев 2026 жылдың шілдесінде ҚТЖ басқарма төрағасы болып тағайындалғанға дейін "Самұрық-Қазынада" стратегия және активтерді басқару басқармасын басқарған. Оның алдында ол да KIDF компаниясында еңбек еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшылары жемқорлық күдігімен ұсталды. Тоқаев шұғыл жиын өткізбекДаудан басы арылмаған ұлттық компания
"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен оған қарасты “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы басшыларын ұстау оқиғасы ҚТЖ акциялары Астана, Лондон мен Гонконг қор биржаларына саудаға шығарылғалы жатқан уақытқа дөп келді. Bloomberg агенттігінің жазуынша, ҚТЖ акциялары 12 қарашада IPO-ға шығу үшін Гонконг биржасына құжаттардың кезекті топтамасы тапсырылған. Сарапшы пікіріне сүйенген агенттік енді бұл рәсім созылып кетуі мүмкін деген болжам келтірді.
Кейінгі жылдары басшысы жиі ауысатын ҚТЖ компаниясы қарызға батып отырғанын бұған дейін басылымдар бірнеше рет жазған. Биылғы шілде айына дейін компанияны басқарған Талғат Алдабергенов қызметте бір жылдан сәл астам уақыт отырды. Теміржол операторы биыл таза пайдасын арттырғаны айтылса да, қарызы 18 пайыз өсіп, 6 трлн 150 млрд теңгеге жеткен. Сонымен бірге мекеменің қомақты мәмілелері де қоғамда түрлі сұрақ туғызған. Мысалы, "Жолаушылар тасымалы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы журналистерге "Штадлер" компаниясынан алынған вагондар бағасын жария етпегені үшін сынға қалған.
"Самұрық-Қазына" қорының тендерлерге арналған порталындағы деректер бойынша, 2022 жылы "Жолаушылар тасымалы" компаниясы "Штадлер"-ден 537 вагон сатып алу жөнінде құны 730 млрд теңге болатын келісімшарт жасасқан. Nationalbusiness іскерлік басылымы бұл соманы әр вагонға шағып, 1 млрд 360 млн теңгеден айналады деп есептеген. "Штадлер" өкілі бұл деректі растамаса да, әдетте оларды күтіп ұстау қызметінің шығыны қоса көрсетіледі деген.
Жергілікті БАҚ ұлттық компанияның лауазымды тұлғаларының үстінен жымқыру және пара алу айыптары бойынша ондаған қылмыстық іс қозғалғанын еске салып, ҚТЖ компаниясындағы сыбайлас жемқорлықты "тамыры тереңге жайылған жүйе" деп атайды.
2005-2006 жылдары ұлттық компанияның вице-президенті болған Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін компанияға тиесілі "Көліктік сервис орталығынан" 28,6 млрд теңге жымқырған деп айыпталып, түрмеге қамалған. Компанияның бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеев те 2008 жылы "лауазым өкілетін теріс пайдаланды" деген айыппен 3 жылға сотталып, 2009 жылы мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. 2021 жылы сот оны ақтады.
Қазақстан кейінгі жылдары заңсыз шығарылған активтерді қайтару, жемқорлықтың жолы кесу тәрізді науқанды күшейтті. Елде лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлық күдігімен ұсталғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Алайда соған қарамастан жемқорлық азаймай отыр деп санайды сарапшылар. Transparency International ұйымының 2025 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне (CPI) сәйкес, Қазақстан әлемдегі 182 елдің арасында 38 балмен 96-орыннан көрінді. 2024 жылғы тізімде 40 балл көрсеткішпен 88-орында болған еді.
Еуропа кеңесінің жемқорлыққа қарсы күрес бойынша арнаулы органы GRECO өз есебінде Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес саласында бірқатар заңнамалық және институционалдық өзгеріс жасағанымен, халықаралық GRECO тобы осыған дейін айтылған ұсыныстардың басым бөлігін әлі толық орындамаған деп айтқан.