Құқық қорғаушылар Тоқаевты ресейлік екі белсендіні экстрадиция жасамауға үндеді

Мансур Мовлаев (сол жақта) пен Юлия Емельянова суреттерінен коллаж

Соғысқа қарсы комитет консулдары, Халықаралық адам құқықтары қоғамы (ISHR/IGFM) және "Ковчег" жобасы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты екі ресейлік белсенді Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевқа араша түсуге үндеді. Адам құқығын қорғаушылар Тоқаевтан белсенділерді босатып, қауіпсіз үшінші елге кетуіне рұқсат беруін сұрап отыр деп жазды "Новая газета Еуропа" басылымы.

Олар Ресейге экстрадицияланған жағдайда екі белсенді де саяси қудалауға, азаптауға ұшырауы және еркінен тыс ізім-қайым болуы мүмкін деп алаңдайды. Газеттің жазуынша, Емельянова мен Мовлаев Тоқаевқа жеке хат жазып, өздерін Ресей билігіне бермеуді өтінген.

Юлия Емельянова — Ресей түрмесінде қаза тапқан танымал оппозиционер Алексей Навальныйдың Санкт-Петербургтегі штаб-пәтерінің бұрынғы еріктісі. Ресейде оған 2021 жылы такси жүргізушісінен телефон ұрлаған деген айып тағылған. Емельянова тағылған айыптарды жоққа шығарады. Адам құқығын қорғаушылардың сөзінше, телефон ұрланғаны туралы арыз қылмыс жасалған деген мерзімнен бір ай өткенде берілген, ал белсенді ол телефонды алғаш рет полиция бөлімшесінде көрген.

Емельянова 2025 жылдың тамыз айында Грузиядан Вьетнамға ұшып бара жатқан жолда Алматы әуежайында ұсталған. Қазақстан соттары белсендіге баспана беруден бас тартып, оны экстрадициялауды мақұлдады. Оның қорғаушылары бұл шешімдерге келіспей апелляциялық шағым түсірді, ал ол шағымды қарап, шешім шығарғанға дейін экстрадиция тоқтатылды.

Мансур Мовлаев — Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты сынға алған және солтүстік Кавказдағы республикадағы адамдарды ұрлау мен азаптау жөнінде мәліметтер жариялаған шешен азаматы. Ресейде оған бопсалау және экстремизмді қаржыландыру айыптары тағылған. Мовлаев және оның қорғаушылары оған қарсы қозғалған қылмыстық істер ойдан шығарылған деп санайды.

Адам құқығын қорғаушылардың дерегінше, 2022 жылы Мовлаевты шешен қауіпсіздік күштері ұрлап әкетіп азаптаған, кейін ол ебін тауып қашып құтылған. 2025 жылдың мамыр айында Мовлаев Ресейдің сұрауымен Қазақстанда ұсталды. Экстрадициялық қамауға алынып, кейін қамау мерзімі 2027 жылдың қаңтарына дейін ұзартылды.

Қазақстан соттары екі белсендіге де баспана беруден бас тартты. Олардың қорғаушылары кассацияға шағым берді. Бұған қоса БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанды Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадицияламауға үндеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?

Халықаралық адам құқықтары қоғамы (ISHR/IGFM) – 1972 жылы Германияның Франкфурт қаласында құрылған тәуелсіз халықаралық адам құқықтарын қорғаушы ұйым.

"Ковчег" жобасы – 2022 жылдың наурыз айында Ресейдің Соғысқа қарсы комитеті құрған, соғысқа қарсы ұстанымдағы эмигранттар мен қоныс аударған адамдарға жәрдемдесуді мақсат тұтқан жаһандық қолдау бастамасы.

Соғысқа қарсы комитет консулдары – ресейлік эмигранттарға, соғысқа қарсы белсенділерге және шетелдегі еріктілерге көмектесетін адам құқықтарын қорғаушылар мен қоғам қайраткерлері. Жоба 2024 жылдың шілдесінде Ресейдің Соғысқа қарсы комитеті аясында құрылған.