Құқықтық медиа-орталық заңгері әрі Media Qoldau заң қызметінің жетекшісі Гүлмира Біржанованың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке аккаунты бұғатталып қалған. Мұны exclusive.kz онлайн-басылымы хабарлады.
Біржанова қазір жеке аккаунтын пайдалану мүмкіндігінен айрылғанын, Meta компаниясы оған бұғаттау себебін әзірге ресми түрде түсіндірмегенін айтқан.
Бұдан бірнеше күн бұрын Құқықтық медиа-орталық директоры Диана Окремованың Facebook аккаунты бұғатталып қалған еді. Ол кезде платформа иесі бұғаттау себебін авторлық құқық пен зияткерлік меншік ережелері бұзылған деп түсіндірген. Алайда Окремова өз аккаунты Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы сот процесі туралы жазба жарияланғаннан кейін бұғатталғанын мәлімдеген.
Құқықтық медиа-орталық мұндай шектеулер ұйым мен оның қызметкерлерінің жариялаған хабарламаларға жаппай шағым түсірумен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Қор өкілдері бұл медиақауымдастық мүшелерінің аккаунттарына бағытталған қысым әрекеттерінің жалғасы болуы ықтимал екенін айтады. Бұған дейін ұйымның Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшалары, сондай-ақ YouTube-арнасы да бұғаттауға ұшыраған.
Құқықтық медиа-орталық қазіргі уақытта Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігімен соттасып жатыр. Ұйым жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарын бюджет есебінен қаржыландыру туралы мәліметтер жария болуын талап етіп, соттан министрліктің мемлекеттік гранттар жөнінде ақпарат беруден бас тартуын заңсыз деп тануды сұраған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сот медиаға бөлінетін қаржы туралы ақпарат беруді талап еткен шағымды қанағаттандырмады17 тамыз күні Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын мемлекеттік мекеме БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеген.
Бұған дейін Қазақстанда тәуелсіз журналистер, құқық қорғаушылар мен кейбір медиа-арналар әлеуметтік желідегі аккаунттары/контенті бұғатталып я өшіріліп қалғанын хабарлаған еді. Олар өздеріне қарсы шектеудің қитұрқы әдісі – олардың үстінен "авторлық құқықты бұзды" деген жалған шағым түсіру жаппай қолданылатынын мәлімдеген.
Жалған ақпаратпен күрес мәселесін зерттеушілер "авторлық құқық бұзылды деген шағым түсіру журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерінің үнін өшірудің жиі қолданылатын тәсіліне айналып барады" деген. Олар журналистер мен белсенділерге жасалатын мұндай цифрлық шабуылды "азаматтық қоғам үшін үлкен қатерге" балаған.