Ташиевке прокурор 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Қамшыбек Ташиев (архивтегі фото)

Бішкектің Первомай аудандық сотында "75-тің хаты" деп аталатын қылмыстық іс бойынша өткен кезекті сот отырысында прокуратура өкілдері соттан айып тағылғандардың бәрін кінәлі деп танып, тоғыз жылға бостандығынан айыруды сұраған. Бұл туралы 24.KG арнасы дереккөздерге сүйеніп хабарлады.

29 маусымдағы сот отырысы судья Азирет Медеровтің төрағалығымен жабық өтті.

"75-тің хаты" деп аталатын қылмыстық іс бойынша сот отырыстары биыл маусым айының ортасында басталған. Айыпталушылар арасында кейінгі бес жылда елдегі екінші ең ықпалды тұлған саналған Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев те бар. Тергеушілер оған билікті күштеп басып алуға оқталған және қызмет бабын теріс пайдаланды деген айыптар тағып отыр.

Ташиевпен бірге тағы жеті адам: бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кеңештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу, Бекболот Талғарбеков, Құрсан Асанов, Құрманбек Дыйқанбаев, Аалы Қарашев және Емил Ұзақбаев та сотқа тартылып жатыр.

Қылмыстық іске "75 ақсақалдың хаты" деп аталып кеткен хат себеп болған. Биыл ақпан айының басында бір топ саясаткер мен қоғам қайраткері, барлығы 75 адам, ел президенті Садыр Жапаров пен сол кездегі парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулуна елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап етіп үндеу жасады.

Олар мұндай сайлау өткізілсе, Жапаровтың бірінші президенттік мерзіміне қатысты дау-дамай тыйылады деп мәлімдеді. Хат жарияланғаннан күннің ертесіне президент Жапаров сол кезде Германияда емделіп жатқан Ташиевті қызметінен босатты.

Ташиев және өзге айыпталушылар өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.

Іс сотқа түскеннен кейін оның материалдары құпияландырылып, сот жабық өтетін болды. Маусым айының ортасында сот процесі уақытша ашық деп жарияланды, бірақ 22 маусымда сот тыңдауларды журналистер мен қоғам өкілдерінің қатысуынсыз өткізу туралы шешім қабылдады.

Қамшыбек Ташиев пен Садыр Жапаров жақын достар және серіктестер болды. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарып тұрған кезде Ташиев президенттікке таласы жоғын бірнеше рет ашық мәлімдеген. Ташиев қызметінен алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін жақтастары оның үндеуін жариялаған. Онда Ташиев Жапаровты сот жүйесінде жүзеге асырған реформалары үшін мақтап, өзінің ақталатынына үміт білдірген. Жапаров Ташиевтің әлгі хатқа қаншалықты қатысы барын тергеу мен сот анықтауы керек деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Билікті күштеп басып алу" және "асыра пайдалану". Ташиевке екі ауыр айып тағылды