Accessibility links

Бішкекте ҰҚМК бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев пен тағы жеті кісінің ісі бойынша сот басталды

Бішкектің Первомай аудандық соты. 18 мамыр, 2026 жыл.
Бішкектің Первомай аудандық соты. 18 мамыр, 2026 жыл.

18 мамырда Бішкектегі Первомай аудандық соты Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев пен тағы жеті айыпталушының ісі бойынша алдын ала тыңдауды бастады. Ішкі істер министрлігі іс материалдарын "құпия" деп танығандықтан, тыңдау жабық өтті.

Қылмыстық іс Ішкі істер министрлігі тергеуді аяқтап, Бас прокуратура айыптау актісін бекіткеннен кейін сотқа берілген.

Адвокат Ақынбек Ногоевтің айтуынша, Қамшыбек Ташиев, Жогорку Кеңештің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу және бұрынғы депутат Құрманқұл Зулушевке "Қызмет бабын теріс пайдалану" және "Билікті күштеп басып алу" баптары бойынша айып тағылған.

Қалған адамдарға – қоғам қайраткері Бекболот Талғарбековке, Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі және бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Емилбек Ұзақбаевқа, бұрынғы депутат Құрманбек Дыйқанбаевқа, бұрынғы вице-премьер Аалы Қарашевке және бұрынғы ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асановқа – "Қызмет бабын теріс пайдалану" бабы бойынша айып тағылды, олардың кейбірі қамауда отыр.

Бұл істі "75-тің хатымен" де байланыстырады — бір топ бұрынғы премьер-министрлер, депутаттар, саясаткерлер және қоғам қайраткерлерінің президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулуна елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырып жазған үндеуі осылай аталып кеткен. Оған қол қойғандардың кейбірі үндеудің мазмұнын оқымай-ақ оны қолдауға келіскенін кейін мәлімдеген.

Үндеу жарияланғаннан кейін Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, оның ұйымдастырушылары мен қатысушылары деп болжанған адамдарды ұстай бастаған.

10 ақпанда президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті вице-премьер-министр және Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы қызметінен босатты. Кейінірек Жапаров парламентте "президент адамдары" мен "арнаулы қызмет адамдары" болып жіктелу басталғанын және кейіннен Жогорку Кеңештен тыс жерлерге де тарағанын мәлімдеді.

Дау-дамай өрбіген шақта Нұрланбек Тұрғынбек уулы алдымен парламент спикері қызметінен кетті, артынан депутат мандатын тапсырды. Ол "75-тің хатына" ешқандай қатысы жоғын мәлімдеді.

Қырғызстан президенті бұған дейін әлгі үндеуге Қамшыбек Ташиевтің қатысы бар-жоғын тергеу мен сот анықтауы керек деп айтқан. Арнаулы қызметтің бұрынғы басшысы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, кінәсіз екенін мәлімдеген.

Айдар
XS
SM
MD
LG