13 сәуірде Талдықорғандағы сот былтыр күзде Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, наразылық акциясын өткізген "Атажұрт" белсенділеріне және олардың жақтастарына үкім оқыды. Сот "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабымен айыпталған 19 адамның 11-іне бес жыл түрме жазасын кессе, 8 адамның бостандығын 5 жылдай уақытқа шектеді.
Сот үкімімен "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан, ұйым белсенділері Гүлдария Шеризат, Гүлнәр Шаймұрат (екеуі кәмелет жасына толмаған балалары болғандықтан жазасын кейін өтейді), Тұрсынбек Қаби, Еркінбек Нұрақын, Ербол Нұрлыбаев, Марғұлан Нұрданғазы, "Атажұрттың" жақтастары Қуандық Қосжанов, Бақытжан Шұғыл, Батылбек Байқазы, Ерғали Нұрлыбаев бес жылға түрме жазасына кесілді.
Ал Қанат Тұрдыбай, Асылхан Қолхаев, Аян Қалымбек, Бақытнұр Нұрмұқанның бас бостандығы бес жылға, Нәзигүл Мақсұтхан, Беделхан Қабыләшім, Нұркелді Нұрсапа, Ақжігіт Бейсенәлінің бостандығы 4 жыл 8 айға шектелді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қытайға қарсы наразылыққа шыққан 19 адамға үкім оқылды. Сот барлығын айыпты деп таныды19 адам былтыр қарашада 2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында наразылыққа шығып, Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртегені үшін сотталды. Шарада олар Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен еді.
Азаттық сот үкімін құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтиспен талқылады.
Бұл - таза саяси іс, — дейді Жовтис. — Тіпті геосаяси немесе өңірлік-саяси сипаттағы іс десем де болады. Өйткені бұл істің түп-тамыры Қазақстан мен Қытайдың ара-қатынасымен тікелей байланысты екені анық. Меніңше, оларды осылайша қатаң жазалайтындай құқықтық негіз мүлде жоқ. Мұнда екі маңызды мәселе бар. Біріншісі –174-бап ("Ұлтаралық" араздықты қоздыру) бұл жағдайда мүлдем қолданылмауға тиіс. Себебі әңгіме қандай да бір этностық топ туралы емес. Ұлттық араздықты қоздыруға да, халықаралық құқықтағы "өшпенділік тіліне" де еш қатысы жоқ. Мұнда қытайларды этностық топ ретінде жек көру жоқ. Керісінше, басқа мемлекеттің билік органдарын өз азаматтарына, соның ішінде қазақстандықтарға қатысты әрекеттері үшін сынға алу бар. Яғни, бұл — сөз бостандығының классикалық көрінісі. Мұнда зорлық-зомбылыққа шақыру жоқ.
Демек, құқықтық тұрғыдан алғанда ешқандай негіз де жоқ деуге болады. Не бар десеңіз, бар болғаны — ту өртеуге қатысты іс. Бұл мемлекеттік рәміздерді қорлау деп аталады. Бірақ мәселе мынада: Қазақстан заңнамасында басқа елдің рәміздерін қорлағаны үшін ешқандай жауапкершілік жоқ. Иә, Қазақстанда тек өз мемлекеттік рәміздеріне қатысты жауапкершілік бар. Бұл — 372-бап, оның өзі "атажұрттықтарға" қолданылған жазаға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне бұл бап "онша ауыр емес қылмыстар" санатына жатады және көбіне айыппұл, бостандығын шектеу немесе көп дегенде 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру сынды балама жазаларды қарастырады. Ал "Атажұрт" белсенділеріне қатысты жағдайды, әрі кетсе "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастыруға болар еді.
Күйеуі Тұрсынбек Қабиге сот бес жыл қамау жазасын кескенін естіген Оралхан Әбен жылап тұр. Талдықорған, 13 сәуір, 2026 жыл.
Халықаралық тәжірибеде, сондай-ақ түрлі елде мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілік бар, бірақ кейбір елдерде керісінше мүлде жоқ. Көп мемлекет өз рәмізін қорғайды, бірақ өзге елдердің рәміздеріне қатысты нормалар енгізбейді. Ал мұндай әрекетті ұлттық араздықты қоздыру деп бағалау үшін тым "күштеп түсіндіру" қажет. Сондықтан бұл жерде құқықтық емес, таза саяси негіз басым. Бұл адамдар халықаралық стандарттар бойынша саяси тұтқын екеніне күмән жоқ. Тіпті оларды ар-ождан тұтқыны десек те болады. Өйткені олар өз көзқарасын білдіргені үшін қудаланып отыр. Ары кетсе ту өртегені үшін ұсақ бұзақылық ретінде ғана жауапқа тартуға болар еді. Қалғанының бәрі – адам құқығынан гөрі саясаттың үстемдігі.
Азаттық: Бұл оқиғаға мына бір қырынан қарап көрсек, мәселен, Қазақстанның туы мен президентінің портретін көрші елдердің бірінде демонстративті түрде өртесе Қазақстан қоғамы оны дұрыс көрмейтіні түсінікті. Көк туды Қазақстан қоғамы қатты қастерлейтінін білеміз. Желіде қызу талқыланып, билік тарапынан ол елге ресми нота жолдануы да мүмкін. "Атажұрт" белсенділернің әрекетін де Қытай солай қабылдап, Қазақстан солай тәпсірлеп отырған жоқ па? Бұл жерде ара-жігін ажыратып қарауға тиіс нақты қандай ерекшеліктер бар?
Евгений Жовтис
Жовтис: Мемлекеттік рәміздерге келгенде кез келген ел сезімтал. Бірақ бұл эмоция қылмыстық-құқықтық тұрғыдан шамадан тыс, пропорционал емес реакцияға айналмауға тиіс. Мәселе осында. Қытай тарабы бұған қанша жерден наразы болса да, Қазақстан өз заңымен жазалауы керек еді. Қытай саясатын сынау ешқашан қылмыстық жауапкершілікке негіз бола алмайды. Ал Қытай туын өртегені және Қытай саясатына қарсы шыққаны үшін жауапкершілік бар, бірақ ол тек "ұсақ бұзақылық" аясында ғана. Ал қазіргі жағдай — шамадан тыс және саяси себептермен қабылданған реакция. Мұның артында Қытайдың қысымы тұрғаны байқалады.
Егер біз әр жолы осылай әрекет ететін болсақ, бұл өте қауіпті үрдіске айналады. Мені ерекше алаңдатқаны — "ұлтаралық араздықты қоздыру" ұғымын басқа мемлекетті сынаумен теңестіру ұмтылысы. Бұл — мүлде екі бөлек нәрсе. Мемлекет пен оның институттарының қауіпсіздігі — ұлттық қауіпсіздік, ал этностық топтар мен нәсілдер қауіпсіздігі — қоғамның қауіпсіздігі. Мына жағдайда осының бәрі араластырып, адамдарды өз пікірін білдіргені үшін қудалауға пайдаланылып отыр. Иә, олар өз пікірін бәлкім радикал формада білдірген болар, бөтен елдің туын өртегені дұрыс емес те шығар. Бірақ әлемде мұндай жағдайлар жиі кездеседі: мысалы, Америка мен Еуропа Одағы туларын Таяу Шығыстағы бірқатар елде азаматтар өртеп тастады. Алайда ешкім оларды америкалықтарға немесе Еуроодақ азаматтарына қарсы өшпенділік қоздырды деп айыптамайды. Сондықтан бұл жағдай құқық, адам құқықтары немесе заң тұрғысынан түсіндіру өте қиын.
Тағы да қайталап айтамын: бұл — таза саясат. Бұл Қытайдың реакциясына берілген жауап қана. Басқа ештеңе де емес. Өкінішке қарай, біздің биліктің бұл таңдауы "Пандора жәшігін" ашумен тең. Өйткені бұдан кейін кез келген шет мемлекетінің саясатын сынға алу да "ұлтаралық араздықты қоздыру" ретінде бағалануы мүмкін. Мысалы, егер біреу Ресей мен Украина туралы пікір білдірсе, оны орыстарға қарсы өшпенділік қоздырды деп айыптау қаупі пайда болады. Бұл — өте қауіпті үрдіс. Бұл азаматтардың басқа мемлекеттердің әрекеттерін еркін сынау мүмкіндігін шектейді. Өкінішке қарай, соттың бұл бағытты қолдауы болашаққа теріс үрдіс қалыптастырады.
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.
Азаттық: Күдікті 19 адамның біреуі қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты да, сот отырысы басынан аяғына дейін жабық өтті. Өзге 18 адамның ашық болсын деген өтініші орындалмады. Бұл оқиғада мемлекеттік құпия да жоқ. Сол бір адамды видео, фото, аудиоға түсірмей-ақ сотты ашық өткізуіне болмас па еді? Бір адамның өтініші 18 адамның сөзін басып кетіп, сот процесінің әділдігіне әу бастан-ақ күмән тудырып алған жоқ па билік?
Жовтис: Бұл да — өте үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселе. Себебі мұнда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактідегі 14-бап бұзылып отыр. Аталған бап сот процесінің жариялылығы мен ашықтығына кепілдік береді. Яғни, сот процесін жауып тастау — тек ерекше жағдайларда ғана мүмкін, сотта мемлекеттік құпиялар, жеке өмірдің интимдік қырлары немесе кәмелетке толмағандарға қатысты болса ғана сөйтеді. Басқа жағдайда сот процесі ашық болуға тиіс, әрі оны жабу қажеттілігі әр жолы нақты және бұлтартпас дәлелдермен негізделуі керек.
Бұдан бөлек, біз халықаралық құқық нормаларын бұза отырып, мұндай істер бойынша сот үкімдерін де жарияламаймыз. Ал халықаралық пакт мұндай шектеуді қарастырмайды. Тек бір ғана ерекшелік бар — ата-ана болу не кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты істер. Басқа барлық жағдайда сот шешімдері ашық болуа тиіс. Бұл 14-бапта нақты көрсетілген.
"Алауыздық қоздырды" деп айыпталған 19 адамның ісі бойынша процесске кіре алмаған журналистер оларға шыққан үкімді бөлек бөлмедегі монитордан тыңдады. Талдықорған, 13 сәуір, 2026 жыл.
Енді елестетіп көрейік: кез келген айыпталушы қандай да бір себеппен БАҚ-тың процеске қатысқанын қаламаса, соның негізінде барлық сот процесін жауып тастай беруге бола ма? Онда қоғам сот төрелігі қалай жүзеге асатынын, оның әділдігін, кінәнің дәлелденгенін немесе дәлелденбегенін білмей отырады. Яғни қоғам сот процесінен толықтай шеттетіледі.
Бұдан шығатын қорытынды қарапайым: мемлекет пен соттың жасыратыны бар. Мұны қандай да бір адамдардың құқығын қорғау деп түсіндірген дұрыс емес. Қылмыстық процесс табиғаты бойынша жария болуға тиіс. Егер қандай да бір адам өзіне қауіп төнеді деп ойласа немесе камераға түскісі келмесе, мейлі, бірақ қоғамдық мүдде оның жеке қарсылығынан жоғары тұрады.
Өкінішке қарай, біз сот процестерін жауып келеміз. Қазірдің өзінде көп процес онлайн өтіп, жариялық шектеліп жатыр. Оған қоса, куәларды қорғау не "тергеу құпиясы" деген желеумен бұл шектеулер жиі асыра пайдаланылып отыр. Тіпті мемлекеттік құпия болған жағдайда да, тек сол бөлігі ғана жабық өтуге тиіс, ал қалған процесс ашық болуы керек. Ал бізде, керісінше, жариялылық жойылып барады не өте шектеулі деңгейде ғана сақталған. Қорытындылай келе, өкінішке қарай, біз авторитарлық құқықтық институттарға сүйенетін мемлекетпен бетпе-бет келіп отырмыз. Оның ішінде сот жүйесі де бар. Саяси мүдде заңнан үстем тұрғанының салдары, міне, осы.
Азаттық: Бұл сотты халықаралық құқық қорғау ұйымдары бақылап отыр. Amnesty International, Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары істі тоқтатуға, белсенділерді босатуға шақырды. АҚШ Конгресінің өкілі Джеймс Макговерн да "Атажұрт" белсенділеріне араша түсті. Жалпы сот процесіне бұл үндеулердің әсері болды деп ойлайсыз ба?
Жовтис: Қоса кетейін, біздің бюро да, Бельгиядағы Халықаралық адам құқықтары әріптестігімен бірге осы іс бойынша өз мәлімдемелерін жасаған. Өкінішке қарай, мен бұл мәселеде біршама пессимиспін. Себебі біздің билік тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімдерін де орындамайды. Алайда Қазақстанның өзі БҰҰ және оның факультативтік хаттамасы аясында белгілі бір құқықтық міндеттемелерді өз мойнына алған. Соған қарамастан, олар орындалмай отыр. Дегенмен мұндай мәлімдемелердің белгілі бір рөлі бар. Олар моральдық қолдау ретінде қызмет етеді, қосымша аргумент береді, яғни бұл істе халықаралық стандарттардың бұзылғанын және оның саяси сипатта екенін көрсетеді. Үн қосқан маңызды. Бірақ, өкінішке қарай, практикалық нәтиже бермейді, өйткені билік бұған үйреніп кеткен, көп жағдайда мән бермейді.
Билік халықаралық саясаттың өзі халықаралық құқық стандарттарына сүйене бермейді деп есептейді және қазіргі жағдайда бұған назар аудармауға болады деп ойлайды. Бірақ бұл тек сырттай солай көрінеді. Шын мәнінде, мұндай әрекеттер мемлекет туралы белгілі бір "портфель" қалыптастырады: біріншіден, елдің демократиялық емес екенін көрсетеді; екіншіден, құқық үстемдігі тиісінше жұмыс істемейтінін аңғартады; үшіншіден, мемлекет біртіндеп қатаң авторитарлық, тіпті тоталитарлық бағытқа бет алып бара жатқанын білдіреді.
Билік мұның инвестициялық тартымдылыққа немесе экономикалық перспективаларға әсер етпейді деп ойласа — қателеседі. Біртіндеп әсер етеді. Бір қарағанда экономикаға немесе қауіпсіздікке тікелей қатысы жоқ сияқты көрінетін осындай процестердің өзі елдің имиджіне әсер етіп, оның халықаралық рейстингтерде нашарлауына үлес қосады. "Біз жай ғана оңтүстіктегі көршінің өтінішін орындадық" деген сияқты түсіндірулер елдің беделін жақсартпайды. Бастапқыда бұл байқалмауы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде имиджге елеулі соққы береді. Қарап отырсақ, түрлі халықаралық ұйымдардың демократия, құқық үстемдігі сияқты көрсеткіштері бойынша бағалайтын рейтингілерінде еліміздің позициясы төмендеп келеді. Бұл процестің міндетті түрде салдары болады. Қанша жерден билік "бұл бізге әсер етпейді" деп ойласа да, оның ықпалы түбі сезіледі.