Референдум комиссиясы халыққа қойылатын сұрақ пен жауап нұсқаларын жария етті

Орталық сайлау комиссиясы ғимараты

23 ақпанда Астанада Қазақстанның орталық референдум комиссиясы отырысында 15 наурызда жалпыұлттық референдумде қазақстандықтарға қойылатын сұрақ пен жауаптарының нұсқасы жария етілді. Олар дауыс беру бюллетенінде мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған.

Комиссия мүшесі Михаил Бортник дауыс беру бюллетеніне жалғыз сұрақ пен оған екі жауаптың нұсқасы енгізілгенін айтты.

– "Жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ. Жауап нұсқалары: "Иә, қабылдаймын", "Жоқ, қабылдамаймын", – деп оқып берді Михаил Бортник.

Дауыс беретін азаматтар таңдаған жауабының оң жағындағы шаршыға тиісті белгі қоюы керек.

Бортниктің айтуынша, бюллетеньдер учаскелік референдум комиссияларына сайлаушылардың жалпы санына қосымша 1 пайыз резервпен жеткізілетін болады.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда дауыс беру құқығына ие азаматтар тізіміне 12 миллион 461 мың 796 адам енгізілген. Яғни 1 пайыз резервпен қоса есептегенде, жиынтығы 12 миллион 586 мың 413 бюллетень дайындалмақ.

Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұловтың айтуынша, 15 наурызда сайлау учаскелері таңертеңгі сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, ал егер учаскеде тіркелген барлық азамат сағат 20:00-ге дейін дауыс беріп үлгерсе, учаске жұмысы ертерек аяқталуы мүмкін. Учаскедегі дауыс санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауға тиіс деп ескертті комиссия мүшесі. Сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткізілді деп саналады.

– Референдум қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабарламасы дауыс беру аяқталған күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей комиссияның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, – деді Азамат Айманқұлов.

Референдум алдындағы күн, яғни 14 наурыз – тыныштық күні деп жарияланған.

Ақорда конституциялық реформа "жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту" үшін қажет деп түсіндіреді. Референдумге шығаруға ұсынылған жоба мәтінімен танысқан заңгерлер мен құқық қорғаушылар ондағы баптар президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді деп сын айтқан.

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы жаңа Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.

16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді, атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретеді және билікті президенттің қолына шоғырландырады деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Не өзгерді? Референдумға шығарылған Конституция жобасына шолу