Accessibility links

Не өзгерді? Референдумға шығарылған Конституция жобасына шолу

Қазақстанда 12 ақпанда көпшілікке жарияланған жаңа Конституция жобасы бір айдан соң жалпыхалықтық референдумға шығарылмақ.

Жаңа Конституция жобасын талқылау үшін құрылған арнайы комиссия 24 қаңтардағы алғашқы отырысынан бері барлығы 12 жиын өткізіп, 11 ақпанда қорытынды жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынған. Сол күні президент қол қойған жарлыққа сәйкес, бейсенбі күні көпшілікке жарияланған Конституция жобасы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумға шығарылады.

Онда Қазақстан азаматтарына "БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ қойылады.

Преамбула, 11 бөлім және 96 баптан тұратын құжатта Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады. Ең жоғары құндылық — адам және оның құқықтары мен бостандықтары деп жарияланған. Өлім жазасына тыйым салу нормасы сақталған.

Жобада мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық екені және билік референдум мен сайлау арқылы жүзеге асырылатыны көрсетілген. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы президентке және ұлттық парламент — Құрылтайға тиесілі деп көрсетілген.

Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп белгіленіп, мемлекет меншік иесі ретінде әрекет ететіні, ал жер заңда көрсетілген шектерде жеке меншікке берілуі мүмкін екені жазылған.

ТІЛ МӘСЕЛЕСІ, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫ

Жоба адам құқықтары мен бостандықтарын тумысынан тиесілі құндылық ретінде бекітеді. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ал мемлекеттік ұйымдарда орыс тілі онымен қатар ресми түрде қолданылатыны айтылған. Бұл норма қоғамда қызу пікірталасқа түрткі болды.

Қазір жарияланып отырған түпкілікті жобаның 9-бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді" деп жазылған.

Осы баптағы екінші сөйлем әу баста орыс тілі қазақ тілімен "тең" қолданылады деп жазылғаны қоғамда үлкен дауға айналғаннан кейін оны "қатар" сөзімен алмастырған. Алайда ол да ештеңені өзгертпейді деп сынап, орыс тілін мүлде алып тастауды талап етіп жатқандар да бар.

Биліктің Конституцияны жаңарту бастамасын сынға алған кейбір белсенділер құзырлы органдар тарапынан қысымға тап болғанын айтқан. Олар билікті ой-пікір, сөз еркіндігін ауыздықтап ұстағысы келетін ескі әдетінен жаңылмай отыр деп сөккен.

Жаңа жобада сөз еркіндігі, шығармашылық еркіндік және бейбіт жиналыс құқығы сақталғанымен, олар қоғамдық тәртіп, ұлттық қауіпсіздік және "қоғамның адамгершілік болмысын" қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін екені жазылған.

Осыған дейінгі талқы кезінде құқық қорғаушылар жобада мемлекет азаматтардың бостандықтары мен еркіндіктеріне кепілдік беруді емес, көбірек шектеу қоюды көздегендей әсер қалдырады деп сынға алған. Мысалы, 23-бапта "сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс" деп жазылған.

Жобадағы "қоғамның адамгершілік болмысы" деген ұғымға не жатады деген мәселе бойынша пікірталас өрбіген еді. Журналистер мен құқық қорғаушылар бұл тіркес сөз және шығармашылық еркіндігін шектеуге ілік болуы мүмкін деп алаңдайтынын айтқан.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "бұл шектеулер пікір білдіруге емес, қоғамға қауіпті мақсаттарды көздейтін үгіт-насихатқа қатысты қолданылады" деп жауап қатып, сөз еркіндігіне кепілдік беріледі деп мәлімдеген еді.

Қазақстанда әсіресе белсенділер мен құқық қорғаушылар қазіргі Конституциядағы "жарымжан бап" деп жиі сынға алатын азаматтардың бейбіт жиын, митинг және пикет өткізу еркіндігі жаңа жобадағы 34-бапта: "Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құры­лыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғам­дық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адам­гер­шілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін" деп көрсетілген.

Жобадағы 30-бапта "Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы" деген анықтама берілген.

Қазіргі Конституцияда "Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады" деп атап жазылған. Жобада халықаралық шарттарды қолдану тәртібін ұлттық заңдар арқылы айқындалатыны айтылады.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағалы бері көптеген халықаралық келісімдер мен шарттарды, соның ішінде адам құқығы саласы бойынша БҰҰ-ның бірқатар маңызды конвенцияларына қосылып, ратификациялаған. Мысалы, олардың арасында азаптауға қарсы, әйел құқығы, бала құқығы, мүгедектігі бар адамдар құқығы, т.б. келісімдер бар. Мемлекет оларды орындайтыны жайлы алған міндеттемелерін қалай атқарып жатқаны туралы халықаралық қауымдастыққа тұрақты есеп беріп тұрады.

Жобаны талқылау барысында құқық қорғаушылар халықаралық міндеттемелер мен ұлттық құқық арасында қайшылық туындағын жағдайда халықаралық міндеттемені орындамауды ұлттық құқықпен ақтауға болмайтынын, мемлекет мойнына алған шарт орындалуға тиіс екенін айтқан.

Жобадағы жаңа баптардың бірінде "коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы мен активтері туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуға тиіс" деген талап бар.

МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК

Ең үлкен өзгерістер мемлекеттік билік құрылымына қатысты енгізілгелі отыр. Қазақстан араға 30 жыл салып, қайтадан бір палаталы парламентке көшеді, сол сияқты бір кезде жойылған вице-президент институты мемлекеттік басқару жүйесіне қайта енгізіледі.

Жобада президенттік республика моделі сақталған. Қазіргі қолданыстағы Конституцияға кейіннен енгізілген, президент бір ғана жеті жылдық мерзімге сайланады деген норма жаңа жобада өзгеріссіз қалған. Президент болып қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік білетін, кейінгі он бес жыл Қазақстанда тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл жұмыс істеген, тумысынан Қазақстан азаматы сайлана алады. Алайда қазіргімен салыстырғанда президенттің құзыреті кеңейгені байқалады.

Мысалы, президент вице-президент пен премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мүшелері мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін құрылтайдың келісімі бойынша, ал үкімет мүшелерін премьердің ұсынуымен тағайындаса, сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін, Ұлттық банк, Конституциялық сот пен Жоғарғы соттың басшыларын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, елдегі соттардың судьяларын, Жоғары аудиторлық палата төрағасын және Орталық сайлау комиссиясы төрағасын қызметке жеке-дара өзі тағайындайды. Құрылтай төрағасы болатын адамды ұсынады және парламентке Жоғарғы сот судьяларын сайлауға келісім береді.

Жобада вице-президент Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста президент атынан өкілдік етеді және президент айқындайтын өзге де міндеттерді атқарады деп жазылған. Егер президент қайтыс болуына немесе басқадай себептерге байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған жағдайда оның қызмет өкілетін уақытша атқару вице-президентке; егер ол да бұл міндетті атқаруға мүмкін болмаған жағдайда президент өкілеттігі Құрылтай төрағасына; ал ол да қызмет өкілетін қабылдай алмаса, онда премьер-Министрге өтеді деп көрсетілген.

Конституция жобасында вице-президент лауазымына тағайындалатын адамға жас ерекшелігіне, біліміне, Қазақстан аумағында тұрақты тұрған мерзіміне я азаматтығына қатысты қандай талап қойылатыны жазылмаған.

Президент қайтыс болған немесе басқадай себеппен мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Қазақстан президентін сайлау өтететін күнді жариялайды. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізілуге тиіс.

Жаңа Конституция жобасында 145 депутаттан тұратын Құрылтай бес жыл мерзімге тек партиялық тізім бойынша сайланады деп жазылған. Жасы жиырма беске толған, Қазақстан аумағында кейінгі он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан осы елдің азаматы Құрылтай депутаты болып сайлана алады. Кезекті Құрылтайды сайлау жұмыс істеп тұрған парламенттің өкілет мерзімі аяқталардан екі ай бұрын, ал кезектен тыс сайлау Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.

Кемінде 238 адамның қазасына себеп болған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан аралас сайлау жүйесіне қайта оралған еді. Жобаны талқылау барысында қайтадан партия тізіммен сайлау жүйесіне ауысуға сын айтқандар көп болды, алайда билік мұны әлемде кең тараған тәжірибе деп айтып жүр.

Президент Тоқаев Қазақстан парламентін бір палаталы етіп өзгерту туралы идеяны алғаш рет былтыр қыркүйектің бас кезінде жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялағанда айтқан. Содан бері ол идея Конституцияны ауқымды түрде жаңарту бастамасына ұласып, биліктің бұл істі тым қысқа уақыт ішінде едел-жедел қолға алып жатқанына қоғамда айтылып жатқан сыни пікірлер де аз емес. Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, азаматтық белсенділер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін айтқан.

Бейсенбі күні ресми ресурстарда жарияланған Конституция жобасында егер жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша құжат қабылданды деп танылса, жаңа Конституция 2026 жылдың ортасынан бастап күшіне еніп, қазіргі Негізгі заң сол сәттен күшін жоятыны жазылған.

XS
SM
MD
LG