Тәуелсіз жеті журналистің WhatsApp аккаунттары бұғатталып қалды. Бұл қысым ба?

Журналистер Асхат Ниязов, Назымгүл Күмісбаева, Лұқпан Ахмедияров (солдан оңға қарай) WhatsApp аккаунттары бұғатталғанын айтады.

Қазақстанда билікке сын айтатын не түрлі заңсыздықты әшкерелеп жүрген жеті журналистің WhatsApp нөмірі бір күнде бұғатталып қалды. Бұғаттау әдісі ұқсайды: әуелі шетелдік нөмірден хат келеді, артынша бірден бұл нөмірді пайдалана алмайсыз деген ескерту шығады. Журналистер мұны кәсіби қызметімен байланыстырады. Қазақстанның құзырлы органдарынан бұған қатысты әзірге жауап болған жоқ.

Your browser doesn’t support HTML5

Билікті сынайтын жеті журналистің уатсабы бір күнде бұғатталып қалды

"Просто журналистика" Youtube-арнасының авторы, тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың Instagram парақшасы да, WhatsApp нөмірі де 4 шілдеде істемей қалды. Журналист екі желінің иесі — Мета компаниясына шағымданбақ болады. Бірақ ондай функция болмаған. Өзі мұны биліктің қысымы деп біледі.

–Бұғатталғанына 3-4 күн болды. Кешке қарай Астанада көшеде жүргенде WhatsApp арқылы жолдасыма звондайын деп қарасам, "қолдана алмайсыз, бұғатталған" деп шықты. Сол күні таңертеңнен басталды. Instagram-нан маған бірнеше хабарлама келді. Өйткені бір постқа авторлық құқыққа байланысты шағым келген. Бірақ қандай посттарға шағым келгенін көрсетпейді. Жапон азаматы шағым түсірді деп тұр, – дейді журналист.

Журналист Лұқпан Ахмедияров.

Журналист, "Обожаю" Youtube-арнасының авторы Асхат Ниязовтың да WhatsApp аккаунты 4 шілдеден бері бұғаттаулы. Сенбі күні Астанада партиялар съезінен ақпарат таратып жүргенде телефонына ескерту келген. Ниязовтың желідегі парақтары жабылып қалғаны алғаш рет емес. Бірнеше рет бұғатты шешіп алған. Бірақ бұл жолы ондай мүмкіндік жоқ.

— Ешқандай хабарлама келген жоқ. WhatsApp-қа кіргенімде "Бұл аккаунтты енді пайдалана алмайсыз" деген жазу шықты. Оның үстіне, бұл шешімге шағымдану мүмкіндігі де болмады. Бұл жолы олар басқа тәсіл қолданған сияқты. Бұрын мұндайда алдымен түрлі қоңырау не хабарламалар келетін, шағым жіберуге де болатын еді. Бұл жолы "болмайды" деген жауап бірден шықты. Қазір WhatsApp аккаунтымды қалпына келтіру үшін ештеңе істей алмай отырмын, бүгін. 7 шілде үш күн болды. Әдетте осындайда көмектесетін мамандарға жүгіндік. Олар да ештеңе істей алмады, — дейді Ниязов.

Журналист Асхат Ниязов.

Қазақстанда кейінгі бірер күнде Ахмедияров пен Ниязов қосқанда кемінде жеті журналист WhatsApp аккаунтына кіре алмай қалған. Солардың бірі — билікті сынайтын жазбалар шығаратын "Өткір күрек" парақшасының иесі, журналист Назымгүл Күмісбаева. Журналист өзіне екі күн бойы шетелдік нөмерлерден үздіксіз қоңырау түскенін, ал бір нөмірден келген хатты ашпақ болғанда WhatsApp аккауеиы жабылып қалғанын айтады. Күмісбаева бұған қатысты ақпарат министрі Аида Балаеваға хат жазып, пікір сұраған, бірақ әлі жауап бермеген. Полицияға да шағым түсірген.

— Осының бәрі тәуелсіз журналистерге алдағы сайлау науқаны қарсаңында қысым көрсету әрекеті болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Қазір елде, Астанада саяси партиялардың съездері өтіп жатыр. Алда ауқымды сайлауалды науқаны басталады. Бәлкім, біз келісілген ресми ұстанымнан тыс ақпарат жарияламасын деген мақсатпен аузымызды жапқысы келетін шығар, — ол.

Күмісбаеваның жағдай "ҚазТАГ" агенттігінің редакторы Ділназ Абдулбакиеваның да басынан өткен. Оған да 4 шілде күні шетелдік нөмірден хабарлама келген. Бірақ ол ашпаған. Соған қарамастан, көп өтпей WhatsApp аккаунтыңыз бұғатталды деген хат келіп, ашылмай қалған. Артынша жеке нөміріне шетелдік нөмірлерден толассыз қоңырау түскен.

— Бір сағаттың ішінде шамамен 50-ге жуық қоңырау түсті. Алғашында мұны KazTAG бас редакторына қатысты қылмыстық қудалаумен байланысты болуы мүмкін деп ойладым. Өйткені бұған дейін осы іс бойынша жұмыс істеп жүрген адвокаттардың аккаунттары да бұзылған еді. Бірақ кейін басқа да тәуелсіз журналистердің аккаунттарына қол жеткізе алмай қалғаны туралы ақпарат шықты. Сондықтан қазір менде осылайша тәуелсіз журналистерге қысым көрсетуге тырысып жатыр деген жалғыз ғана болжамым бар, — Абдулбакиева.

Бұған қоса, ҚазТАГ-тың тағы екі редакторы — Алена Субботина мен Лилия Галееваның да WhatsApp нөмірлері сол күні бұғатталған.

Respublika.kz оппозициялық сайтының бас редакторы Ирина Петрушова да WhatsApp аккаунтын аша алмай қалған.

Азаттық 7 шілдеде бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігіне және Ақпарат министрлігінен пікір сұрады. Ведомстволардың баспасөз қызметтері ресми сауал жолдауды ұсынып, жауаптың бес жұмыс күні ішінде берілетінін айтты. Ал ақпарат министрі Аида Балаева мен вице-министр Қанат Ысқақовқа тікелей хабарласқанымызбен, бірі телефон көтермеді, екіншісінің нөмірі сөніп тұр.

IT маманы Ерлан Оспан бұғаттаудың екі жолы болуы мүмкін деп топшылайды.

—Бірі мемлекеттік органдар мен байланыс операторлар бірлесіп істеуі мүмкін. Екіншісі, криминал кибер қылмыскерлер журналистерді дискридитация жасауға тапсырыс алуы мүмкін. Бұл екі әдістен басқа, SIM-картаның шифрін бұзу деген бар. Бірақ бұған қуатты компьютер, мықты мамандар керек, — дейді IT маман.

Қазақстанда тәуелсіз баспасөз өкілдері мен сайттардың желідегі аккаунттарының бұғатталып қалуы не материалдарының өшірілуі кейінгі жылдары жиілеген. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы Қазақстанда онлайн-цензура күшейді деп есептейді. Ұйымның мәліметінше, белгісіз топтар ірі компаниялардың атынан жалған шағым түсіру әдісін жиі қолданады. "Ал әлеуметтік желі платформалары бұл арыздардың қаншалықты негізді екенін мұқият тексерместен, журналистердің парақшалары мен жазбаларын бұғаттап тастап отыр" дейді ұйым.