Ресей әскері Киев пен Кривой Рогты зымыранмен атқылады

Ресей әскерінің әуе шабуылы салдарынан "Почайна" метро станциясы маңындағы "Петровка" кітап базары өртенді. Украина, Киев, 16 тамыз, 2026 жыл.

16 тамызға қараған түні Ресей әскері Украинаның бірнеше өңіріне баллистикалық зымырандармен және дрондармен шабуыл жасады деген хабар түсті.

Киевте бірнеше нысанда өрт шыққан. Қала билігінің мәліметінше, өрт негізінен адамдар тұрмайтын аумақтарда тіркелген.

Украинаның мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі Киевтегі "Почайна" метро станциясы маңындағы "Петровка" кітап базары аумағында ірі өрт болғанын хабарлады.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Киевке әуе шабуылы жасалғанын растап, Fire Point компаниясының "Фламинго" зымырандарын шығаратын зауыты және тағы бір қорғаныс кәсіпорны нысанаға алынды деп мәлімдеді. Алайда әзірге бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздерден растау мүмкін болмай отыр.

Ресей күштері Днепропетровск облысындағы Кривой Рогқа да баллистикалық зымырандармен шабуылдаған. NASA-ның FIRMS жүйесіндегі спутниктен түсірілген деректер қаладағы ArcelorMittal металлургия кәсіпорны маңында бірнеше ірі өрт шыққанын көрсетті. Ресейдің қорғаныс министрлігі "металлургия комбинатының қару-жарақ пен әскери техника өндірісіне пайдаланылатын болат шығаратын цехтары зақымданғанын" мәлімдеді.

Ал Полтава облысы Кременчуг қаласындағы мұнай өңдеу зауыты шабуылға ұшыраған.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, Киев пен Киев облысына жасалған шабуылдар салдарынан алты адам зардап шеккен. Кривой Рогта, кейінгі мәлімет бойынша, екі кісі қаза тауып, 10-нан астам адам жараланған. Сумы облысында да бір адам қаза тапқаны туралы хабар бар.

Украина әскері 13 жерге жасалған түнгі шабуыл кезінде 106 дронның 85-і атып түсірілгенін хабарлады. Украина қарулы күштері кейінгі уақытта Ресей ұшырған зымырандардың нақты саны мен қаншасы жойылғаны туралы деректерді жариялауды тоқтатқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мәскеу өңірінде дрон шабуылдаған нысандар арасында Wildberries қоймасы да барЗеленский Украина биыл 26 елді мекенді азат еткенін айттыРесей Сумы қаласын әуеден бомбалап, оннан астам адам зардап шеккенРесей мен Украина бір-біріне әуе шабуылын жасады: екі жақтан да қаза тапқандар барУкраинаға қорғаныс зымырандары жетпей жатыр. АҚШ Patriot зымырандарын бере ме?