Ресей Балтық елдеріне басып кіре ме? Сарапшылар мен саясаткерлер сөзі

"Батыс-2021" жаттығуына қатысқан Ресей әскері. 8 қыркүйек 2021 жыл. Reuters.

"Қара теңіз стратегиялық зерттеулер институты" дейтін украиналық жобаның сарапшылары қазіргі геосаяси ахуалда Ресей Балтық аймағына шабуылдауы мүмкін дейді. Ұйым басшысы Андрей Клименко Балтық елдерін сақтық танытуға, қарулы күштерін қақтығысқа дайын етуге үндеді. "Настоящее время" телеарнасының тілшісі аталмыш сарапшымен сөйлесіп, Ресейдің батыстағы көршілеріне төнген қауіп жайын талқылады.

Сіз Ресей мен Беларусь үшін Балтық елдеріне шабуылдауға өте жайлы уақыт туды деп жаздыңыз. Сондай-ақ, Балтық елдерін қарулы күштерді әскери дайындыққа келтіруге үндедіңіз. Бұл пікірді неге сүйеніп айттыңыз?

– Бірнеше фактор бар. Біріншісі – біздің тәжірибеміз. Өкінішке қарай, біздің Қырым аннексиясы жөніндегі болжамымыз орындалды. 2022 жылғы ақпанда жүргізген мониторингімізден қауіп-қатер "қызыл сызыққа" жеткенін көрдік, көп ұзамай [Ресей Украинаға] баса-көктеп кірді. Біз қауіп-қатерді бағалау үшін 20 өлшем бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырмыз. Қазір біз ұқсастықты байқап отырмыз. Ұқсастық сөйлеген сөзінен де көруге болады. Себебі Ресей бұқаралық ақпарат құралдарындағы, интернеттегі және басқа да ақпарат көздеріндегі Балтық елдері жайлы сөздер долылық пен қорлыққа толы болып барады. Бұл енді шектен шыққан әдепсіздік деңгейіне жетті.

– Мысал келтіре аласыз ба?

– Мұнымен айналысып жатқандарға миллион мысал бар. Екіншіден: қазір Калининград тақырыбын қоздырып жатыр. Калининградты бұғатқа түскен Ленинградпен салыстырып жатыр. "Балтық елдері бейнесіндегі зұлым натошылар" Калининградқа дөрекілік танытып отыр деген сарынға келеді.

Тағы бір мысал: "Соғыс атты қанқұмар қара қарғаның қанаттары Балтық үстінде жайылды. Бұл қарғаның бір қанаты – Литва, екіншісі – Польша. Ал Польшада америкалық және неміс әскерлері шоғырланған. Ресейдің Балтық теңізіндегі тірек пунктін толықтай қоршау мен басып алу – уақыттың еншісіндегі мәселе. Оралдың арғы жағында және Сібірде тұратын сіздер жан-жақтан жаулармен қоршалған, блокададағы Калининград тұрғындарының сезімі мен ойларын түсіне алмайсыздар. Бізге, Калининград облысынан қарағанда, НАТО-ның осы өңірдегі "орыс қаупін" жою жоспарларын қалай іске асырып жатқанын анық көруге болады".

Одан әрі: "Русофобияның ошағы әрі географиялық келеңсіздік болып отырған Литваны жоюға тура келеді, өзге жол жоқ".

Ресей мен Беларусь қарулы күштерінің "Батыс-2021" дейтін ортақ әскери жаттығуы. Нижегород облысындағы Мулино әскери базасы. 13 қыркүйек 2021 жыл.

Мәселе мынада: АҚШ президентінің танымал бастамаларынан кейін Путин қазіргі геосаясаттағы "басты альфа-еркек" мәртебесінен айырылды. Ол көзге көрінбей қалып, екінші, үшінші, төртінші қатарға сырғыды. Ал ондай адамдар үшін бұл – өте қауіпті жағдай. Осы себепті дәл қазір Путин өзінің "альфа" мәртебесін қай жерде және қалай қалпына келтіруге тырысады деген сұрақ тұр.

Ол мұны Украинада іске асыра алмайтыны анық – ол жерде тығырыққа тірелді. Мұны Қазақстанда да жасамайды. Теория тұрғысынан оның екі ғана жолы бар: Лукашенконы алдын ала ығыстырып, Беларусьті аннексиялау немесе Эстония мен Литваға қатысты белгілі бір әрекеттерге бару.

– Сарапшылар Украинадағы соғыс Ресей әскері мен экономикасын әлсіреткенін айтады. Мұндай жағдайда Ресейдің Балтық өңіріне шабуыл жасауға немесе кең ауқымды соғыс бастауға күші мен ресурсы жете ме? НАТО-ға мүше үш ел туралы айтып тұрмын.

– Еуропада да, АҚШ-та да Ресей жөнінде бір үлкен қателік үнемі қайталанады. Мұны саясаткерлер де, сарапшылар да, әскери мамандар да жасайды. Олар Ресейді авторитарлық не тоталитарлық ерекшеліктері бар кәдімгі мемлекет ретінде қарайды. Шын мәнінде, бұл – мемлекет емес, арнайы қызметтердің туындысы, барлау құрылымдарының өнімі. Олар барлаушы сияқты ойлайды.

Әскери адамдар Ресей мен Беларусь туларын ұшырған дрондарға қарап тұр. Беларусьте өткен "Батыс-2025" жаттығуы. 15 қыркүйек 2025 жыл.

Олар агрессиялық әрекеттерді хаос кезеңінде жасаған әлдеқайда тиімді екенін жақсы біледі. Қырымды Майдан кезінде, Украина [Ар-ұждан революциясы кезінде] қаза тапқандарды жерлеп жатқан кезде басып алды. Қазір Гренландия тақырыбы НАТО-ның әлсіздігін, бөлшектенгенін көрсетіп отыр. Еуроодақ елдерінің ойы мен іс-әрекеттеріндегі қазіргі бейберекет жағдай да тамаша мүмкіндік туғызады.

Мәселен, Балтық теңізіндегі Эстонияға тиесілі аралдардың біріне десант түсіріп, басып алса, оған ешкім тиісті түрде бірден жауап қатпайды. Алдымен кеңеседі, талқылайды, ал содан кейін жағдайды өзгерту өте қиын болады.

Немесе шартты түрде Нарва сияқты қалада орыс туын ұстаған 30 адамнан тұратын топты жинап, эстон полициясының формасын киген біреу телекамера алдында сол "наразылық білдірушіні" атып тастаса жеткілікті. Мұндай операция үшін арнайы жасақтың бір батальоны да жетеді, Украина майданынан ешқандай әскерді әкетудің қажеті жоқ.

Нарва ауданындағы Эстония-Ресей шекарасы.

– Сіз Путиннің мотивациясы мачизммен, өзін дәлелдеуге деген ұмтылыстан туындауы мүмкін дедіңіз. Егер осындай теріс сценарийді елестетсек, Балтық елдері мен Балтық өңірі Ресейге, Кремльге, Путинге не үшін қажет?

– Қазір Путинде тетік қалмады. Оған Трамппен және Симен келіссөздерде пайдаланатын тетіктер керек. Әйтпесе ол екеуі әлемді бөлісіп алады, ал Путин екінші немесе үшінші қатардағы ұсақ фигура болып қалады. Әрине, бұл оны қанағаттандырмайды. Ол өзін 19-ғасырдағыдай әлемді басқаратын жаһандық триумвираттың мүшесі ретінде көреді.

Ол үшін тарих өте маңызды. Сол себепті ол Киевті тоңдырып отыр. Ол Ленинградта туған, Ленинград қоршауын біледі, бұл оның санасының түкпірінде жатыр. Оның Совет одағына деген сағынышы да маңызды фактор: ол кезде Совет одағы АҚШ-пен бірге әлемді бөліскен. Сондықтан мұны елеусіз қалдыруға болмайды, – дейді Андрей Клименко.

Ресми деңгейде Кремль НАТО елдеріне шабуыл жасау жоспары жоғын айтады. Ресей Сыртқы істер министрлігі өткен жылдың желтоқсанында Еуроодақ пен НАТО-ға шабуыл жасамауға заңды кепілдік беруге дайын екенін мәлімдеген.

Соған қарамастан, НАТО бас хатшысы Марк Рютте әскери одақ Ресейдің келесі нысанасына айналуы мүмкін екенін айтты.

"Тым көп одақтасымыз қазіргі жағдайдың шұғыл екенін түсінбейді. Олар уақыт өз жағында деп ойлайды. Бірақ бұл қате" деді ол.

Ал Эстонияның Сыртқы барлау қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Андрес Восман Delfi порталына берген сұхбатында жақын арада Ресейдің Балтық елдеріне әскери шабуыл жасауға дайындалып жатқанын көрсететін белгілер жоқ деді. Кейінгі бес жылда ол Ресей туралы мәліметтерді талдауға жауапты болған, ал қазір қазір Эстонияның Израильдегі елшісі қызметін атқарады.

Восманның айтуынша, барлау деректері мен стратегиялық есептер Кремльдің Латвия, Литва және Эстонияға қарсы толыққанды соғыс бастау ниетін көрсетіп отырған жоқ. Басты тежеуші фактор ретінде ол Солтүстік Атлант шартының бесінші бабын атайды. Мәскеу қандай да бір күш қолданатын сценарийді қарастырған кезде бұл факторды ескеруге мәжбүр.

Елшінің сөзіне қарағанда, Ресей абайлап, есеппен әрекет етеді, қысым көрсету тәсілдерін таңдайды, бірақ НАТО-мен тікелей әскери қақтығыстан қашады, себебі бақылаудан шығатын эскалация қаупін жақсы түсінеді. Тіпті саботаж бен арандату сияқты жасырын операциялар да Кремль өзі үшін "рұқсат етілген шектен" аспайды. Сонымен қатар ол Украинадағы соғысқа байланысты әскери және экономикалық жүктемені де маңызды фактор деп атайды: Ресей ресурстарының едәуір бөлігі сол жақта жұмылдырылған, ал мұндай жағдайда НАТО-мен ашық қақтығыс Мәскеу үшін тиімсіз. Дегенмен сарапшы қауіп толық жойылды деп айтуға болмайтынын да айтады.