Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Андрей Луговой Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды "русофобиялық" саясат ұстанады деп айыптады. Ол мұны аталған елдердің мектеп оқулықтарынан байқағанын айтты. Сарапшылар депутат сөзі Кремль көзқарасына үндес дейді.
"Халқының үштен бірінен жартысынан дейінгі бөлігінен айырылып, репрессиялар, ашаршылық, экологиялық апаттар салдарынан генофондтың нашарлауын бастан кешіріп, орыстандыру саясатының теріс салдарына душар болған қазақ халқы өзінің мәдени-генетикалық кодын және қазақ мәдениетінің негізінде жатқан дәстүрін жоғалта жаздады, яғни өзін жоғалта жаздады. Қазақ халқы модернизация үшін тым қымбат құн төледі".
Қазақстан тарихы бойынша мектеп оқулығынан алынған осы мәтін үзіндісі ресейлік депутат Андрей Луговойға ұнамай қалған. Ол осы кітаптан және постсоветтік өзге елдердің оқулықтарынан Ресейге "ақпарат соғысының" белгілерін көретінін айтты.
Луговой Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан мектеп оқулықтарында Ресейдің отарлау саясаты туралы жазылғанын айыптап отыр. Депутат патшалық кезең, күштеп ұжымдастыру салдарынан болған ашаршылық, Сталин кезіндегі саяси репрессиялар, халықтарды депортациялау тақырыптарының қозғалғанын "русофобия" деп бағалаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл жай ғана эмоция емес". Соловьевтің сөзіне Орталық Азия қалай жауап берді?Ол Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдері өткен күндері үшін Мәскеуге алғыс айтуы қажет деп санайды.
"Тарихты қайта жазып жүргендер кім? Ұлы жеңіс, советтік ғасыр құрылыстары және шалғай ауылдар мен қышлақтарға білім жеткізген орыс мұғалімдері туралы жадыны жойған кімге тиімді?" – дейді Луговой YouTube-те жарияланған видеода.
Ол Орталық Азия елдеріндегі тарих оқулықтарының авторларына "шұғыл шара қолдануға" үндеп отыр. Луговойдың айтуынша, олардың кейбірі қазір Ресейде тұрып жатыр. Депутат бұл сөзіне Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде сабақ беретін қазақстандық Заринэ Жандосованы мысал еткен. Луговой Жандосованы Батыс арнайы қызметтерінің ықпалында жүрген адам деп сипаттады.
"Бұл – империяшылдар комплексі, – дейді қазақстандық Сергей Дуванов. – Империяшыл адам басқаша ойлай алмайды. "Иә, империя әлсіз болды, ыдырап кетті, бірақ біз оны қазір қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Бәз біреулер оны қайта қарап, тарихты басқаша түсіндіруге талпынып отыр, оны жағымсыз сипатта көрсеткісі келеді. Ал біз оны жағымды деп санаймыз. Ал егер біз сөйтіп ойласақ, біз оны іске асырамыз. Кім келіспейді, соған соғыс ашамыз". Мысалы, Украина".
Кейінгі жылдары ресейлік депутаттар мен пропагандашылар Орталық Азия елдерін Кремль саясатына келіспегені үшін бірталай мәрте айыптаған. Тіпті 9 мамыр күні әскери парад өткізу-өткізбеу сияқты сол елдердің ішкі мәселесі болса да, сынап-мінеп жүрген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сіздерді кемсіткен жоқ па?" Ресей институты Қазақстандағы "отандастарына" сұрақ қойып жатырРесей пропагандасы "алғыс айтуды білмейтін" көршілер туралы жиі айтып, ол елдердің өз таңдауын қабылдағысы келмейді. Ал 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі Мәскеу жақтан украиналық сценарийді қайталай аламыз деген сес көрсету күшейді.
"Барлық республикалармен Ресей шекараларының мызғымастығы туралы және басқа да келісімдері бар. Бірақ бұл еш жерде айтылмайды. Қазір беріліп жатқан месседж: бұл елдер – сатқындар. Біз оларға сонша нәрсе салып бердік, жасадық, ал олар бізді тастап кетті. Енді оларға сабақ беру керек және оларды қайтадан өзіміздің, былайша айтқанда, аға бауырлық қанатымыздың астына тарту керек", – дейді бұрын Қазақстандағы "Алға, ҚДТ" оппозициялық партиясын басқарған, қазір Украинада тұратын қазақстандық Владимир Козлов.
Орталық Азия биліктері ресейлік депутаттардың соғысқұмар мәлімдемелерін ресми деңгейде елемеуге тырысады.
2020 жылы Дума депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров Қазақстан деген "мемлекет бұрын болмаған", елдің солтүстік бөлігін Ресей сыйға тартқан деп мәлімдегенде Қазақстан Мәскеуге наразылық нотасын жолдап, мұндай мәлімдемелер екі елдің одақтас қарым-қатынасына нұқсан келтіретінін айтқан. Бұған жария жауап болмады, бірақ пропагандашылардың килігуі тоқтамады. Ресейлік БАҚ эфирлерінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдеріне қарсы "арнайы әскери операция" өткізу қажеті де айтылып жүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлы Отан соғысы" ма, "екінші дүниежүзілік соғыс" па? Қазақстандық тарихшының көзқарасыҚазақстан парламентінің депутаттары мұндай мәлімдемелерге назар аударудың қажеті жоқ деп санайды.
Қазақстандық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаев Мәскеудің постсоветтік елдерге деген көзқарасы өзгермейтінін, бірақ қысым жасау әдістері түрленіп отыратынын айтады.
"Барлығы да Украинадағы соғыстың қалай аяқталатынына байланысты. Ауқымды басқыншылық соғысы төрт жыл бойы жүріп жатыр. Осы уақыт ішінде Ресей Украина аумағының шамамен 20 пайызын басып алды, бірақ үлкен шығынға ұшырады, ал соғыс позициялық қарсыластыққа ұласты. Майдандағы ілгерілеу мардымсыз болғандықтан, Мәскеу Украина қалалары мен азаматтық инфрақұрылымына әуе соққыларын жасап, миллиондаған тұрғынды жарықсыз, жылусыз және ауыз-сусыз қалдырып отыр".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей билігі жазған оқулық Кавказда ескі жараның аузын ашты