Accessibility links

"Бұл жай ғана эмоция емес". Соловьевтің сөзіне Орталық Азия қалай жауап берді? 

Владимир Соловьёв
Владимир Соловьёв

Ресейдің пропагандашыл журналисі Владимир Соловьев Армения мен Орталық Азияны Ресейдің ықпал аймағы санап, "қажет болса, неге өз ықпал аймағымызда арнайы әскери операция бастамасқа?"деп, осы елдерде үрей аралас қызу талқы туғызды. Әзірге бұл үндеу бағытталған елдер ішінде Армениядан өзгесі ресми мәлімдеме жасамады. Бірақ пікір білдірген саясаттанушылар мен қоғамдық тұлғалар баршылық. Олар не деді?

Ресей журналисі Владимир Соловьев өзінің "Соловьев Live" дейтін бағдарламасының 10 қаңтар күнгі эфирін Венесуэладағы жағдайға арнап, Ресей үшін Венесуэладан гөрі, Армения мен Орталық Азия елдерінен "айырылу" әлдеқайда ауыр болмақ деді.

"Халықаралық құқыққа да, халықаралық тәртіпке де түкіріп қой. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада арнаулы әскери операция бастау қажет болған болса, оны нақ сондай себеппен өз ықпал аймағымыздың өзге нүктелерінде де неге бастамасқа?" – деді ол.

2022 жылғы ақпанда Украинаға баса-көктеп кірген Ресей бұл агрессиясын соғыс деп атауға тыйым салып, оны "арнайы әскери операция"деп сипаттап келеді.

АРМЕНИЯНЫҢ НАРАЗЫЛЫҚ НОТАСЫ

12 қаңтарда Армения СІМ Ресей елшісі Сергей Копыркинді шақырып алып, ресейлік мемлекеттік телеарна эфирінде айтылған мәлімдемелерге байланысты наразылық нотасын табыс етті.

Армения СІМ ресейлік телеарна бағдарламасынан айтылған сөздер "Армения Республикасының егемендігіне қол сұғу" деп қабылданатынын және "Армения мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынастың іргелі қағидаттарын өрескел бұзатынын" атап көрсеткен.

ӨЗБЕКСТАН: "ТЕЖЕУСІЗ ПРОПАГАНДАНЫ" АЙЫПТАУ

Ресми Ташкент ешқандай мәлімдеме жасамағанымен, елдегі "Миллий тикланиш" партиясының лидері Әлішер Қадыров Соловьевтің сөзін салқынқандылықпен қарау керегін айтты.

"Ресей баспасөз құралдарындағы тоқтаусыз мәлімдемелер стратегиялық әріптестік және одақтық қатынастар рухына қайшы келіп қана қоймай, оларға жойқын әсер етіп отыр. Соловьевтің жөнсіз сөздері оның дәрменсіздігі мен әлсіздігін көрсетеді" – деді саясаткер Орталық Азия елдері кез келген агрессияға тойтарыс бере алатынын айтып.

Ресейдегі танымал тұлғаларының даулы сөздеріне тұрақты түрде жауап беретін Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзодхон Құдратқожа бұл жолы да үнсіз қалмады.

Telegram-арнасындағы жазбасында ол Соловьевтің сөзін "тежеусіз пропаганда" деп атады.

"Владимир Соловьев тікелей эфирде бұрын қағазға жазылып келген нәрсені ашық айтты: халықаралық құқықтан бас тартуға болады, егемендік – ресми атау ғана, ал басқа мемлекеттерді "ықпал ету аймағы" деп жариялауға болады. "Біздің Азия" формуласы – кездейсоқ сөз тіркесі емес, мемлекеттерді нысандарға, ал шекараларды кедергілерге айналдыратын таза отаршылдық тіл" – деді ол.

Құдратқожа Соловьевтің артында соғыс пен зорлық-зомбылықты қалыпты құбылысқа айналдыру пиғылы жатқанын айтады.

"Экранда "біздің заңға түкірдік" деп айтылғанда мәселе риторикада емес, мәселе ниетте. Тарих мұндай мәлімдемелерді эмоция ретінде емес, дәлел ретінде жазады... Бұл логиканың жалғасы айқын әрі өте қауіпті. Егер халықаралық құқық "міндетті емес"деп жарияланса және егемендік шартты ұғымға айналса, онда үгіт-насихатпен бейнеленген әлемде одақтастар, келісімдер, кепілдіктер болмайды. Тек күштілердің құқығы қалады және ол "қауіпсіздік" деп өзгертіледі" – деп тарқатты ойын өзбекстандық ректор.

ҚАЗАҚСТАН: "РЕСМИ НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЖЕТ ЕМЕС"

Қырғызстанда парламент депутаты Дастан Бекешев Соловьевті нон грата тұлға деп жариялауды ұсынды. Бұл туралы жергілікті 24.kg сайты хабарлады.

"Оның айтқанын оқыдым. Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қырғыз Республикасындағы елшісін шақырып, наразылық нотасын тапсыруы және мұндай адамның елге кіруіне тыйым салуы керек керек деп санаймын" деп келтірді сайт оның сөзін.

Әзірге Тәжікстан және Түркіменстан биліктері қандай да бір реакция танытқаны байқалмады. Мұндай реакцияны ресми Астана да жасамады. Оған ешқандай қажеттілік те жоқ дейді мәжіліс депутаты, төменгі палатадағы Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарым.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Астана, 19 қазан 2022 жыл
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым. Астана, 19 қазан 2022 жыл

"Менің ойымша, қазіргі қысылтаяң кезеңде Соловьев сынды "сәуегейлердің"пікіріне мемлекеттік дәрежеде реакция берудің асқан қажеті жоқ. Бұндай пікірлер зерттелуі, зерделенуі керек, оған ғылыми не саясаттанулық тұрғыдан жауап берілуі керек. Идеяға тек идеямен ғана, ойға тек қана оймен жауап берген абзал. Қазақ журналистері немесе саяси сарапшылары тұрғысынан жауап берілсе жеткілікті" – деді ол Азаттыққа.

Депутаттың сөзінше, "саяси демарштардан гөрі ақылды дипломатия, астыртын дипломатия көбірек нәтиже беріп, тиімді болмақ".

"Ресейдегі әрбір саясаттанушының, журналистің пікіріне ресми мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың наразылық танытып жатуы дұрыс емес. Ол қайсарлық пен мықтылықтың белгісі емес, керісінше, өзіне-өзі сенбеушілік пен қорқып-үркудің дәлелі болар еді. Қажет болса, ондайларды тыныш қана "қара тізімге"енгізіп, "персона нон-грата"қылып тастауға болады. Бүгіннің өзінде бұндай тізімде Ресейдің талай танымал тұлғалары бар" – дейді Айдос Сарым.

2023 жылы сыртқы істер министрлігі Қазақстанға қарсы агрессияшыл сөз айтқандардың Қазақстанға кіруіне тыйым салатын тізім барын растаған. Бірақ министрлік ол тізімді жарияламады. Десе де, мекеме әр кездері тізімге былтыр қайтыс болған ресейлік журналист Тигран Кеосаян, одан бөлек тағы бір ресейлік медиа тұлға Тина Канделаки кіргенін мәлімдеген. Сондай-ақ бұл тізімде ресейлік зерттеуші Андрей Грозин, саясаткерлер Константин Затулин, Евгений Федоров, Вячеслав Никонов пен Петр Толстой, Россотрудничество басшысы Евгений Примаков бары айтылған. Бірақ Затулин осы тізімде болғанына қарамастан Қазақстанға кіре алғаны белгілі.

Мемлекет мұндай мәлімдемеге наразылық танытпауы керек дегенге саясаттанушы Димаш Әлжанов та қосылады. Бірақ ол Қазақстан бұған жауап ретінде реформа жүргізіп, ұлттық қауіпсіздікке ден қою қажет екенін айтады.

"Алаңдатып отырғаны – Қазақстанның саясаты. Соловьев сөзінің төңірегіндегі шуды Ресей пропагандасы жасап отыр. Оның астарында салмақты ешнәрсе жоқ. Бірақ Қазақстанның әлсіздігі; өз егемендігін, ұлттық мүддесін қорғаудағы саясаты – міне осылар алаңдатады" – деді ол "Настоящее Время. Азия" редакциясына.

"МҰНЫҢ АСТАРЫНДА МӘСКЕУДІҢ ҮРЕЙІ ЖАТЫР"

Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл сөздің астында Мәскеудің үрейі жатқанын айтады. Оның сөзінше, әуелі Сириядағы, одан соң Венесуэладағы ықпалынан айырылған Кремль қазір Иранға алаңдап отыр.

"Сайқымазақтың сөзіндегі үрей патша мен оның айналасындағылардың ойында болуы ықтимал" – дейді ол Facebook-тегі парақшасында.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев
Саясаттанушы Досым Сәтпаев

Сәтпаев Орталық Азия елдері ешқандай жағдайда да босаңсымағаны жөн дейді. Оның айтуына қарағанда, қазір халықаралық құқық дағдарысы кезінде ядролық қаруы жоқ ешбір өзін қауіпсіз сезіне алмайды.

"Геосаясатта қасқырлар мен шибөрілердің заманы орнады. Күштінің құқығы сыртқы саясаттағы басты құралға айналды. Адамзат тарихында онсыз да ылғи солай болған. Мұнда таңғалатын еш нәрсе жоқ. Тарих қайталанады" деді саясаттанушы аймақ елдері қорғанысын күшейтуі керегін айтып.

Ресейлік тарихшылар, зерттеушілер, журналистер және депутаттар Қазақстанның тәуелсіздігіне және территориялық тұтастығына қол сұғатын мәлімдемелерді жиі жасайды. Олардың арасында Қазақстан мемлекеттілігіне күмән келтірген Ресей президенті Владимир Путиннің өзі де бар. Астана мұндай сөздерге сақтықпен қарап, ерекше жағдайларда ғана жауап береді.

2022 жылғы маусымда Санкт-Петербурге өткен халықаралық экономикалық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені айтып, наразылық білдірді.

"Осы мінберді пайдаланып, бірқатар ресейлік депутаттың Қазақстанға қатысты мүлдем қисынсыз айтқан, нақты емес пікірлеріне наразылығымды білдіргім келеді. Арасында журналистер, тіпті мәдениет қайраткерлері бар. Бүгін Кремльдің жоғарғы басшылығының түптеп келгенде өзге мемлекеттерге, әсіресе менің елім Қазақстанға қатысты ұстанымын жеткілікті түрде білдірген Владимир Путинге ризашылығымды білдіремін" деді ол сол кезде.

Қаңтардың басында АҚШ Венесуэлада арнайы әскери операция жүргізіп, ел басшысы Николас Мадуроны әйелімен бірге ұстап әкетіп, Нью-Йорктегі сотқа жеткізген. Оған есірткі терроризмі бойынша айып тағылған. Қазір ол сол қаланың абақтысында сотты күтіп отыр.

АҚШ пен Еуропа елдері Мадуроны легитимді басшы деп танымай келген, бірақ ол Ресей мен Қытайға арқа сүйеп, Вашингтоннан шыққан үндеулер мен мәлімдемелерді елеусіз қалдырып келген.

Көп ұзамай АҚШ жағалау күзеті Ресей көлеңкелі флотын тиесілі бірнеше танкерді Венесуэладан қатынағаны үшін күшпен басып алған.

Соловьев Орталық Азияға "неге арнайы әскери операция бастамасқа?" деді Соловьев Орталық Азияға "неге арнайы әскери операция бастамасқа?" деді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00
XS
SM
MD
LG