Ресей Орталық Азиядағы астық нарығына кірді. Қазақстанды ысыра ала ма?

Орталық Азиядағы астық нарығы өзгеріске ұшырап жатыр. Өзбекстан бидай өңдеу қуатын арттырып, Ауғанстанның ұн нарығынан Қазақстанды ығыстырып жатқан тұста аймақтағы астық нарығына Ресей келді. Өз бидайын теңіз арқылы экспорттап келген Ресей шектеулерге тап болып, астықтың бір бөлігін Орталық және Оңтүстік Азияға бұра бастады. Азаттық Азия редакциясы Орталық Азия астық нарығындағы өндірушілер әлеуетін талдап, Ресей бидайының қазақстандық астықты алмастыру ықтималдығын сараптады.

Аймақтағы астық нарығы қалай жұмыс істейді?

Әлемдік бидай нарығы санаулы экспорттаушы елге тәуелді. 2025 жылы әлемде 808,5 млн тонна бидай өндірілсе, соның тек 215 млн тоннасы ғана халықаралық саудаға шығарылған.

Орталық Азиядағы негізгі астық өндіруші – Қазақстан. Астық өндірісі әрі экспорты бойынша әлемде 11-орын алатын Қазақстан 2025 жылы 25,9 млн тонна астық жинаған. Оның 19,3 млн тоннасы бидай болған, ал елдің ішіндегі тұтыну көлемі – шамамен 9 млн тонна. Өнімнің елеулі бөлігі бұрыннан сыртқы нарыққа кетеді. 2025/2026 маркетинг жылы Қазақстан бидай экспортында рекорд орнады.

Қазақстан астықты алысқа тасымайды. Әдетте оны Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ауғанстан алады. Елде астықты ірі көлемде теңіз порттары арқылы алыс мемлекеттерге жеткізу қажеттілігі болмады.

Дей тұрғанмен, аймақтағы сауда нарығы біртіндеп өзгеріп жатыр.

Миллиондаған тонна бидай сатып алатын Өзбекстан өңдеу өнеркәсібіне басымдық берді. Ұнды негізінен көршілерден сатып алатын Ауғанстан өз диірмендерін қалпына келтіріп, жаңасын да соғып жатыр. Орталық Азияның өзге елдерінде де ұн тарту қуаты артып келеді.

Сондықтан "Қазақстан өндіреді, көршілер сатып алады" дейтін бұрынғы схема күрделене түсті. Қазақстан бидайы Өзбекстанға сатылып, ол жерде ұнға айналады да, Ауғанстанға жөнелтіледі. Мұндай жағдайда Қазақстан шикізаттан пайда тапқанымен, өндірістің кейінгі тізбектерінен табыс ала алмайды. Ол табыс бидайдан ұн тартатын көрші елде қалады.

Бұл – Қазақстан үшін елеулі өзгеріс. Астық экспортының өсуі елдің аймақтық азық-түлік нарығындағы орны нығайып жатыр дегенді білдірмейді. Егер шикізаттың едәуір бөлігі шетелде өңделсе, Қазақстан астық экспортын қаншалық арттырса да, қосымша құннан және түпкі нарықтан қағылып отырады.

Мұндай Ауғанстан мысалынан көруге болады.

2023 жылы Қазақстан Ауғанстанға 1,27 миллион тонна бидай ұнын жөнелтті. 2025 жылға қарай экспорт көлемі шамамен 1,05 миллион тоннаға дейін төмендеді. Ал Өзбекстан Ауғанстанға ұн экспортын күрт арттырды: 2025 жылы Өзбекстан барлығы шамамен 1,6 миллион тонна ұн экспорттаса, соның 1,59 миллион тоннасы Ауғанстанға кеткен.

Демек, Қазақстан Ауғанстан нарығынан толық айырылған жоқ, бірақ астықты өңдеудің бір бөлігінен қағылды. Қазақстанның сапалы бидайына сұраныс сақталғанымен, ұн өндірісінен түсетін қосылған құн Өзбекстанда қалып отыр.

Қазақстан астық одағы Ауғанстанмен саудада Өзбекстанның географиялық артықшылығы бар деп санайды. Оның үстіне Өзбекстанда өндіріс шығыны төмен және салық саясаты ұтымды, дейді одақ өкілдері. Ал Қазақстан ұн өндірушілері Өзбекстан аумағы арқылы тасымалға да шығынданады.

Өзбекстанның өзі өңдеуге басымдық бергенімен, әлі де сапалы бидай импортына тәуелді.

Аты-жөнін жарияламауды сұраған өзбекстандық кәсіпкер, әрі көлік және логистика саласының қызметкері Азаттық Азияға берген сұхбатында бидай сапасының маңызы жайлы айтты.

"Өзбекстанның өз бидайы бар, бірақ оның желімтегі (глютен) төмен. Сол себепті біз сапалы бидайды импорттап, оны жергілікті бидаймен араластырамыз да, нанға қажет ұнның сапасын арттырамыз" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстандық ұн өндірушілер Ресей бидайын алғанды жөн көреді. Неге?

Ресей өз бидайына нарық іздеуге көшті

2026 жылы аймақта қалыптасқан сауда жүйесі тағы күрделене түсті: нарыққа тағы бір ойыншы қосылды. Бұған дейін Ресей астығының басым бөлігін Қара теңіз бен оңтүстік порттар арқылы әлдеқайда ірі нарықтарға сататын. Бірақ 2026 жылы бұл бағыт айтарлықтай шектелді. Украиналық дрондар Қара және Азов теңіздеріндегі ресейлік кемелер мен порт инфрақұрылымына бірнеше рет шабуыл жасады. Осыдан кейін ресейлік компаниялар астықтың бір бөлігін Балтық теңізі мен солтүстіктегі порттарға бұра бастады.

Алайда Балтық бағытында да шектеулер туындады. Литва Клайпеда портында Ресей мен Беларусь астығын тексеруді күшейтті. Қыркүйекте Ресей астығының транзиті күрт өскен Латвия партиялардың шыққан жерін тексеріп, оларды тасымалдау мен өңдеу тарифтерін көтеру мәселесін талқылай бастады. Ал Эстония қазанның басынан бастап өз аумағы арқылы Ресей мен Беларусь астығын өткізуге тыйым салды.

Сөйтіп, Ресейге жаңа порттар ғана емес, астығын құрлық жолдары немесе Каспий теңізі арқылы жеткізуге болатын жаңа нарықтар да қажет болды. Осылайша таңдау Орталық Азияға түсті.

"Ресейде астық бар, өнім жақсы шықты, бірақ оны сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін логистика жоқ. Мінеки, Ресейде осындай жағдай қалыптасты. Сондықтан олар бидайына жаңа нарықтар мен балама логистикалық бағыттарды жан-жақты іздеп жатыр. Балама нарықтардың бірі – Қазақстан мен Орталық Азия" дейді Қазақстан астық одағының сараптама комитетіне жетекшілік ететін Евгений Карабанов.

Аймақтағы кейбір елдерде бұл өзгерістер қазірдің өзінде-ақ байқалып отыр.

2026 жылдың бірінші жартысында Ресей Қырғызстанға бидай жеткізетін негізгі елге айналды: Қырғызстан сол аралықта Қазақстаннан 64,3 тонна алса, Ресейден 220,2 тонна алған.

Қазақстан үшін маңызы жоғары Өзбекстан нарығында әзірге Ресейдің үлесі төмен, бірақ қарқындап артып жатыр. Биыл қаңтар-тамыз аралығында Ресей Өзбекстанға 71 мың тоннадан астам бидай экспорттаған. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 16 есе көп көрсеткіш. Соның ішінде 65 тонна тамыз айында ғана экспортталған.

Өзбекстандық кәсіпкердің айтуынша, бұл әзірге алаңдатарлық жағдай емес.

"Сегіз айға шаққандағы 71 мың тонна – Өзбекстан үшін аз көлем. Біз жыл сайын Қазақстаннан миллиондаған тонна бидай аламыз" дейді кәсіпкер.

Қазақстан астық одағының дерегінше, қыркүйектің алғашқы онкүндігінде Қазақстан аумағынан Орталық Азияның өзге елдеріне небәрі 30 мың тоннаға жуық Ресей астығы өткен. Салыстыру үшін айтар болсақ, былтыр Қазақстанның Орталық Азия елдеріне және Ауғанстанға ай сайынғы астық экспорты 1-1,1 млн тонна шамасында болған.

"Бұл – біздегі көлемнің 10 пайызы ғана немесе тіпті одан да аз. Сол себепті олардың ықпалы айтарлықтай болмайды деп ойлаймын. Алаңдаушылық болған, бірақ әзірге ол расталған жоқ" дейді Карабанов.

Алайда Ресейдің қазіргі экспорты әрдайым сол деңгейде қала бермеуі мүмкін. Астық жинау науқаны әлі толық аяқталған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Украинаның теңіз жолын жапқан Ресей одан тартып алған астықты сата бастады

Қыркүйекте Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы өкілдері мен Ресейдің "Степь" агрохолдингі 2026 жылы Каспий теңізі арқылы 500 мың тонна бидай жеткізу мүмкіндігін талқылады. Бұл үшін Астрахань және Махачкала порттарын пайдалану жоспарланған.

Оның үстіне Ресей 2026 жылдың аяғына дейін астық экспортына баж салығын салмайды. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне Ресейдің экспорттық бажы бұрын да қолданылмайтын. Бірақ бұл аталмыш одаққа кірмейтін Өзбекстанға астық экспорттауға әсер етуі ықтимал.

Дегенмен Ресейдің ішкі нарығындағы астық бағасының төмен болуы оның Орталық Азиядағы түпкі сатып алушы үшін де арзанырақ болатынын білдірмейді. Бағаға тасымал шығындары, келісімді қаржыландыру және таңдалған бағыт та әсер етеді.

Өзбек кәсіпкерінің сөзінше, осы факторлардың есебінен импорттаушы ел үшін Ресей бидайы Қазақстандікінен 25-35 пайызға қымбат болады.

"Бірақ ол бидайды кейінірек төлеу мүмкіндігі болғаны үшін алады. Ресей бір немесе үш айдан кейін төлеуді ұсынып отыр. Бұл импорттаушыға астықты бірден көп ақша жұмсамай алуға мүмкіндік береді. Негізгі көлемді бәрібір де Қазақстаннан аламыз" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Экспорт шектеудегі мүдделер қайшылығы. Қазақстан бидайы қай диірменге барады?

Ресей астығы Қазақстандікін неге алмастыра алмайды?

Ресей экспортының көлемі артқаны міндетті түрде Қазақстан бидайының орнын басады дегенді білдірмейді. Мұның бір себебі – астық сапасы.

Карабановтың сөзінше, Ресей қазір Қазақстанға және Орталық Азиядағы өзге елдерге төртінші және бесінші санаттағы бидайын ұсынып отыр. Бұл бидайдың нан жабуға жарамдылығы төмен. Ал биыл Қазақстан негізінен сапалы бидай өсірген. Оның құрамында ақуыз бен желімтектің деңгейі жоғары.

Ресей астығы жекелеген сегменттерде Қазақстан бидайын алмастыра алады. Мысалы, оны құс фабрикалары, өңдеу кәсіпорындары немесе сапалырақ шикізатпен араластыру үшін диірмендер пайдалануы мүмкін.

"Толық алмастыру, әрине, мүмкін емес. Біріншіден, сапалы астық қажет. Біздің импорттаушылар сапалы қазақстандық бидайға үйреніп қалған" дейді Карабанов.

Дегенмен, Ресейге астық өсіру арзанға шығады. Сарапшылардың айтуынша, Ресей жерлері астық өсіруге жайлырақ, ал Қазақстанда тәуекел басым.

"Ол жақта өнімділік жоғары, өсіру құны төмен. Сондықтан біз кей тұста бәсекеде ұтыламыз" дейді ол.

Алайда Орталық Азиядағы нарық үшін бәсекеде Қазақстанның Ресейге қарағанда географиялық артықшылығы бар. Қазақстан жақынырақ.

Ресей астығының Қазақстан арқылы тасымалдануын тез ұлғайтуға кедергі болатын тағы бір шектеу бар. Маусым қызған кезде шекаралық және тораптық станциялар онсыз да жоғары жүктемемен жұмыс істейді. Әсіресе елдің оңтүстігіндегі Сарыағаш бағыты қатты жүктелген. Бұл бағытпен Өзбекстанға, одан әрі Тәжікстан мен Ауғанстанға жүк тасымалданады.

"Оған тасымалданатын Ресей астығын қосса, станциялар мүлде кептеліп қалады. Бізде қазан мен қараша айларында онсыз да қиындық аз емес" дейді Карабанов.

Сату мен сатып алудағы рекордтар

Ресей мен Қазақстан астығының бәсекесі сыртқы нарықпен шектелмейді. Кейінгі жылы Қазақстанның өзі Ресей бидайын импорттауды арттырды.

Қазақстан астық одағының мәліметінше, 2025/2026 маркетинг жылының 11 айында Ресей бидайының импорты алты есе өсіп, жылдық көлем 1,9 млн тоннаға жетті. Сыртқы сауда статистикасына қарағанда, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстан миллион тоннадан астам бидай импорттаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен үш есе көп.

Қазақстанда Ресейдің төмен сападағы арзан бидайын көбіне өңдеу кәсіпорындары мен құс өсіретін шаруашылықтар алады. Ал Қазақстанның сапалы бидайы қымбатырақ және оған шетелде сұраныс бар.

Импорттың күрт өсуіне байланысты Қазақстан шілденің аяғынан бастап бидайды автомобиль, су және теміржол көлігімен әкелуге алты айлық шектеу енгізді. Тек құс өсіру және астық өңдеу кәсіпорындарына, лицензиясы бар элеваторларға және фермерлерді қолдау мен ішкі астық нарығын реттеу үшін құрылған ұлттық компания – "Азық-түлік корпорациясына" темір жол арқылы алдыруға ерекше рұқсат берілген.

Құс өсірушілер мен өңдеушілерге әкелінген бидайды кейін ішкі немесе сыртқы нарықта қайта сатуға болмайды. Ал транзитке тыйым салынған жоқ.

Осы шаралар да ішінара әсер етсе керек, Ресей астығы елдегі бағаны құлдыратып жібереді деген болжам расталған жоқ.

"Ішкі тұтынуымызға астық толық жетеді. Баға құлдыраған жоқ, бірақ өскен де жоқ, яғни тұрақты" дейді Карабанов.

Әзірге Ресейден астық импорттау Қазақстанға өз экспортын күшейтуге кедергі келтіріп отырған жоқ. 2025/2026 маркетинг жылында Қазақстан 8,8 млн тоннаға жуық бидай экспорттаған. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Дәстүрлі бағыттарда да сұраныс жоғары. Өзбекстанға, Ауғанстанға және аймақтың басқа елдеріне астық жеткізу жалғасып, көлемі артып келеді. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, Ресей Қазақстанды Орталық Азия нарығынан ығыстырып жатыр деуге әзірге негіз жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстанның аз өнімі – көршілеріне уайым

Карабанов бидай жеткізу бойынша Ресей бірінші орынға шыққан Қырғызстан нарығын да Қазақстан үшін біржола жоғалған нарық деп есептемейді.

"Қырғызстан біздің астықты тұтынатын негізгі ел емес. Сөйте тұра Қазақстан Қырғызстанға ұн экспортын екі есе арттырды. Яғни астықтан ұтылғанымызбен, ұннан ұтып отырмыз" дейді Карабанов.

Алайда үлкен көлемдегі экспортқа мұқтаждық Қазақстанды алыс елдерден нарық іздеуге итермелеп отыр. Бірақ ол жақта географиялық артықшылық болмайды, яғни тасымал шығыны жоғары болады.

Сол себепті мемлекет алыс бағыттарға тасымалдауды субсидиялай бастады. Рекордтық өнім жиналғаннан кейін бұл бағдарлама астықты Ресей порттары арқылы Еуропа мен Африкаға, Закавказье мен басқа нарықтарға жөнелтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бұл саясат оңтүстік бағыттағы дәстүрлі тасымал желілеріне түсетін жүктемені азайтты.

Мемлекеттік қолдаудың мәні тек экспорт географиясын кеңейтуде емес. Орталық Азия нарықтары қосымша астықтың барлығын қабылдай алмайтындықтан, Қазақстан ішінде өнімнің шамадан тыс жиналуы сатып алу бағасының құлдырау қаупін тудырады.

Болжам

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) базалық болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай әлемдік бидай экспорты шамамен 31 миллион тоннаға өсіп, 235 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Ресей әлемдегі ең ірі экспорттаушы орнын сақтап қалады, ал оның жыл сайынғы экспорты 60 миллион тоннаға жуықтауы ықтимал. Бұл әлемдік сауданың шамамен төрттен біріне тең. Ұйымдардың бағалауынша, Ресей бидайы әсіресе бағаға сезімтал нарықтарда бәсекеге қабілетті болып қала береді.

Қыркүйекте АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026/27 маркетинг жылына арналған болжамында Қара теңіз аймағындағы логистикалық шектеулерге байланысты Ресей экспорты азайғанымен, Ресей әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушысы болып қала беретінін мәлімдеді.

Сонымен бірге Қазақстанға жақын орналасқан нарықтарда астыққа сұраныс жоғары болып қала бермек. FAO болжамынша, 2026/27 жылы Өзбекстанға шамамен 4,2 миллион тонна бидай мен ұн импорттау қажет болады. Ұйымның дерегінше, кейінгі жылдары ел сапалы бидай сатып алуды көбейткен, және оның басым бөлігі Қазақстаннан алдырады. Сонымен қатар Өзбекстан өзіндегі ұн тарту қуатын арттырып келеді.

Ал Ауғанстан шамамен 4,6 миллион тонна дәнді дақыл импорттауы мүмкін. Оның басым бөлігі бидай ұны болады. FAO бұл ел астықты негізінен Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Түрікменстаннан алады деп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, аймақта астыққа сұраныс жоғары деңгейде қала береді, бірақ өндірушілер мен өңдеушілер саны артқандықтан, рөлдер ауысады. Ресей өндіріс ауқымы мен төмен бағаның арқасында қысымын арттырады, ал Өзбекстан өңдеу қуаты мен Ауғанстанға жақындығын пайдаланады. Қазақстан астық сапасына және қалыптасқан логистика мен нарықтарға сүйенеді.

Сондықтан экспорт көлеміндегі рекордтарға қарап, Қазақстанның аймақ нарығындағы орны өзгереді деп кесіп айтуға ерте. Алдағы жылдары бидай көлемі үшін ғана емес, өңдеуден түсетін қосалқы пайда үшін де күрес күшейеді.