23 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаның аймақтарына әуеден шабуыл жасады. Жергілікті полицияның хабарлауынша, Сумы облысында ресейлік дрон шабуылы салдарынан 15 жастағы жасөспірім қаза тапқан, тұрғын үйлерге зақым келген.
Харьков облысы билігінің мәліметінше, аймақ орталығы мен өңірдің тағы 20 елді мекеніне жасалған шабуылдар салдарынан 17 адам зардап шеккен, олардың үшеуі – кәмелетке толмаған балалар.
Киев мэрі Виталий Кличко астанада дрон сынықтары екі оқу орнының ғимаратына құлағанын айтты. Зардап шеккендер жоқ.
Аймақ билігінің дерегінше, Днепропетровск облысының екі ауданы 10 рет шабуылға ұшыраған. Екі адам жараланып, ғимараттар қирап-бүлінген. Днепр қаласында көлік инфрақұрылымы зақымданған.
Облыстық әскери әкімшіліктің (ОӘӘ) хабарлауынша, Запорожьеде дрон шабуылынан бір әйел жараланған.
Украинаның әуе күштері дүйсенбіге қараған түні Ресей ұшырған 153 дронның 134-ін, соның ішінде 42 реактивті дронды атып түсіріп, залалсыздандырғанын мәлімдеді. 11 жерде дрондардың тікелей тигені, ал жеті жерде сынықтардың құлағаны тіркелген.