Ресей бірнеше күндік үзілістен соң Украинаның энергетикалық инфрақұрылым нысандарын атқылауды қайта жалғастырды. Мұны 2 ақпанда өткен брифингте Украина энергетика министрінің бірінші орынбасары Артём Некрасов мәлімдеді.
Ол дүйсенбіге қараған түні Ресей күштері жасаған шабуылдар салдарынан Украинаның энергетика инфрақұрылымы нысандары зақымданғанын айтты. Некрастовтың сөзінше, Харьков, Сумы, Днепропетровск және Черкассы облыстарында тұтынушылар жарықсыз қалған.
Черкассы облысының билігі өңірге жаппай дрон шабуылы жасалғанын хабарлады.
Ресей әскерінің әуе шабуылдары салдарына байланысты Украинаның бірқатар аймағында, соның ішінде Киев пен Киев облысында электр қуатын апат жағдайында ажырату кестесі енгізілген.
Некрасовтың айтуынша, мұның алдында, 1 ақпанда да, Ресей күштері Днепропетровск облысы Павлоград ауданындағы "Терновская" шахтасына дронмен шабуыл жасаған. Салдарынан шахтаның 12 қызметкері қаза тауып, тағы 16 кісі жараланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Днепропетровск облысында автобусқа дрон түсіп, 12 кенші қаза тапқанУкраинада күн әлі де суық. Киевте ауа температурасы минус 20 градусқа дейін төмендеген.
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин оның өтінішін орындап, қатты аязға байланысты кемінде 1 ақпанға дейін Киев пен басқа да қалаларды атқыламауға уәде бергені жайлы мәлімдеген. Кремль Трамптан ондай өтініш түскенін растады. Ресми түрде "энергетикалық бітім" жарияланған жоқ. Киевтегі билік өкілдері Ресей күштері бірнеше күн бойы қаладағы энергетика нысандарын атқыламағанын, ресейлік шабуылдар басқа нысандарға бағытталғанын айтты. Украина президенті Владимир Зеленский егер Ресей Украинаның энергетика нысандарын атқыламаса, Украина да Ресейдегі энергетика инфрақұрылымына шабуыл жасамауға дайын деп мәлімдеген.
"Энергетикалық бітім" АҚШ-тың қатысуымен Ресей мен Украина арасында бейбіт келіссөз жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыру құралы ретінде қарастырылған. Алайда 1 ақпанда Әбу-Дабиде өтеді деп жоспарланған келіссөз өтпей қалды. Тараптар үшжақты кездесудің жаңа кезеңі сол қалада 4-5 ақпанда өтетінін мәлімдеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, кездесу "үш тараптың кестелерін үйлестіру қажеттілігіне" байланысты кейінге қалған.