Ресейде соғысқа әкетілген қазақстандықтардың алды елге орала бастады. Қазақстандықтардың елге келгенін адвокат Мейірман Шекеев 22 қазанда желіде хабарлап, видеосын жариялады.
Ақпараттары туыстары растады.
“12 адам болу керек. Нақты тізімін анам жасауы керек. Әлі есіміз шығып жүр. Шымкентке кеше (21 қазан) кешкі сағат 6-да келді. Сосын таңертең Астанаға келді” деді шымкенттік Айнабек Келдібектің әпкесі Азаттыққа.
Оның сөзінше, Ресейден әлі оралмағандар да бар. Әзірге Ресейден нақты қанша адам оралғаны белгісіз. Қазақстан сыртқы істер министрлігі соңғы мәлімет бойынша ақпарат бермеді.
Қазан айының басында Ресейге жұмыс істеуге барған бір топ қазақстандық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған. Олар өздерін әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп, Украинадағы соғысқа жібергенін мәлімдеген.
28 қыркүйекте Азаттық сауалына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрлігі соғысқа әкетілуі мүмкін деген азаматтарды елге қайтаруда жәрдем көрсетуді сұрап, Ресей сыртқы істер министрлігіне нота жолдағанын хабарлаған.
2 қазанда министрлік “соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін” арнайы желі ашылғанын мәлімдеді.
7 қазанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі соғысқа алынған қазақстандықтарды қайтару бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Мекеме өкілдерінің айтуынша, жедел желіге түскен өтініштер бойынша деректер тексерілген.
Ресей қарулы күштерінің қатарына қосылған қазақстандықтардың туыстары 7 қазанда Астанадағы сыртқы істер министрлігіне барып, жастарды елге қайтаруға көмектесуді сұрады. Олардың айтуынша, жақындары Ресейге жұмыс істеуге кеткен, кейін отбасына өзін әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлегенін айтқан.
Кейін туыстарымен бірге министрлікке барған заңгер Мейірман Шекеев ата-аналардың өтініштерін қарау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Украинада Ресей жағында соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының нақты саны ресми түрде анықталмаған. Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасының мәліметінше, кемінде 2 389 қазақстандық Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан. Жоба дерегіне сүйенсек, Мәскеу жағында Орталық Азия елдерінің шамамен 13 мың азаматы соғысуы мүмкін.