Украина қарулы күштерінің Ресейдегі Wildberries маркетплейсі нысандарына әуеден дронмен жасаған шабуылдар салдарынан миллиардтаған шығынға батқандар арасында ресейліктермен қоса Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь, Армения, Қытай және басқа да бірқатар елдің кәсіпкерлері бар. Мұны Wildberries компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Татьяна Ким мәлімдеді.
"Сондықтан бізге жасалған шабуылдар – бір мезгілде он елдегі жүздеген миллион адамның мүддесіне жасалған соққы", – деді Ким видеоүндеуінде.
Wildberries басшысы компания күн сайын өз нысандарының қорғанысын күшейтіп, дрон шабуылдарының басым бөлігін тойтарып жатқанын айтты. Компания қоймалары қолда бар қорғаныс құралдарымен жабдықталған, ал қауіпсіздік жүйелері тұрақты түрде жаңғыртылып отырады деді Ким.
"Белгілі бір себептерге байланысты егжей-тегжейін айта алмаймын. Бірақ қорғаныс жүйелерін күн сайын жетілдіріп жатқанымызға сеніңіздер. Шабуылдардың басым бөлігін сәтті тойтарып жатқанымыз – соның нақты дәлелі", – деп мәлімдеді ол.
Татьяна Ким қоймаларға жасалған дрон шабуылдарын террористік әрекетке балап, заң тұрғысынан мұндай оқиғалар форс-мажорға жатады деді. Оның сөзінше, маркетплейст офертасында ондай шарт көрсетілген я көрсетілмегеніне қарамастан, заң бойынша мұндай жағдайда келген шығынды өтеу міндетті саналмайды.
Алайда, деп хабарлады Ким, Wildberries үкіметпен бірлесіп зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау тетігін әзірлеп жатыр. Оның мәліметінше, компания дрон шабуылдары салдарынан тауары бүлінген немесе жойылған сатушыларға екі траншпен өтемақы төлеген.
Ким келесі аптадан бастап компания ең көп зардап шеккен өңірлердегі кәсіпкерлермен жеке кездесулер өткізіп, олардың мәселелерін жеке тәртіп бойынша қарастыруды жоспарлап отырғанын айтты.
Бұған қоса Ким Украина тарапының "Wildberries әскери мақсаттағы тауарлар сатады" деген айыптауларын жоққа шығарды. Ол бұған дәлел ретінде маркетплейс саудаға шығарып жүрген заттарды Amazon мен Alibaba сияқты халықаралық сауда платформаларындағы тауарлармен салыстырып қарауды ұсынды.
18 шілдеден бері украиналық дрондар Ресейдегі Wildberries қоймаларына күн құрғатпай шабуылдап жатыр. Салдарынан қазірге дейін ондаған адам қаза тапты, олардың арасында Тәжікстанның бір азаматы да бар.
Ресми Киев бұл шабуылдарды Wildberries-тің Ресей логистикасының "өмірлік маңызды құрамдас бөлігі" екендігімен түсіндіріп отыр. Украина жағының мәліметінше, платформаны ресейлік еріктілер әскери мақсаттағы жабдықтарды, оның ішінде рацияларды, оқ өткізбейтін кеудешелерді және ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектерді сатып алу үшін пайдаланған.
Осы аптада ресейлік "Коммерсант" басылымы Wildberries компаниясы Қазақстан аумағынан қойма орындарын іздей бастағанын хабарлады. Алайда Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі ресейлік маркетплейстен ел аумағында қосымша қойма ашу жайлы ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.