Украинада Ресей шабуылдарынан жиырмадан аса адам қаза тапқан

Ресей күштерінің әуе шабуылынан кейінгі көрініс. Украина, Запорожье, 5 мамыр, 2026 жыл.

Сейсенбі, 5 мамыр күні Запорожьеде Ресейдің әуе шабуылы салдарынан 12 адам қаза тапқан. Мұны аймақтың әскери әкімшілік басшысы Иван Федоров хабарлады. Оның дерегінше, шамамен 40 адам жараланған. "Адамдар медициналық көмекке жүгінді. Барлығына көмек көрсетіліп жатыр", деді шенеунік.

Бұған дейін Иван Федоров қалада бірнеше өрт шыққаннын хабарлаған. "Дұшпан Запорожьедегі бірнеше кәсіпорынға әуе шабуылын жасады. Автокөліктер, дүкен мен кәсіпорын өртеніп жатыр", - деп жазды ол әлеуметтік желіде. Федоров сондай-ақ шабуыл кезінде тұрғын үйлер, жанармай құю станциясы және көлік жуу орны зақымдалғанын айтты.

Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі психологтар шамамен 40 адамға, оның ішінде алты балаға көмек көрсеткенін, шұғыл құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын жазды.

Бұдан бөлек, сейсенбі күні Ресей әскері Краматорск қаласы орталығына үш рет әуеден шабуыл жасаған. Донецк аймақтық әскери әкімшілік басшысы Вадим Филашкиннің сөзінше, салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, бес адам жараланған.

"Көптеген көпқабатты ғимараттар мен көліктер зақымдалды. Оқиға орнында барлық тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр. Құрбан болғандардың нақты саны мен залал көлемін анықтап жатырмыз. Құтқару операциясы жалғасып жатыр", деген Филашкиннің сөзін келтірген Азаттықтың Украин қызметі.

"Олар қаланың дәл орталығына, адамдарға шабуыл жасады", деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Краматорскідегі жағдай жайлы.

5 мамыр күні Днепр өзеніне Ресей күштерінің шабуылы салдарынан кемінде төрт адам қаза тапты, деп хабарлады Днепропетровск аймақтық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа өз Telegram-арнасында. Оның айтуынша, 16 адам жараланған. "Жараланғандардың 14-і ауруханаға жатқызылды. Төрт адамның жағдайы ауыр", деді Ганжа.

Осылайша, Украинада кейінгі 24 сағат ішінде Ресей күштері әуеден жасаған шабуылдардан жиырмадан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин 8-9 мамыр күндері атысты уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдағаны айтылған еді. Ал Зеленский Украина 6 мамырдан бастап "тыныштық режимін" жариялайтынын, бірақ Ресейдің әрекетіне сай жауап болатынын мәлімдеген.

Ресей билігі сейсенбідегі шабуылдар жайлы әлі түсініктеме берген жоқ. 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағалы бері Ресей Украинадағы азаматтық инфрақұрылымдар мен бейбіт тұрғындарды әдейі нысанаға алып отыр деген айыптауларды жоққа шығарып келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин 8-9 мамыр күндері атысты тоқтататынын, Зеленский "тыныштық режимі" 6 мамырда басталатынын айтты