Ресей әскері 6 шілдеге қараған түні Киев пен Киев облысына зымыран және дронмен жаппай шабуыл жасады. Қазірге бар мәлімет бойынша, 11 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған. Бұл – кейінгі бірнеше күн ішінде Украина астанасына жасалған екінші ауқымды шабуыл.
Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуыл Украина әскерінің шабуылына қарымта ретінде жасалғанын мәлімдеді. Министрліктің хабарлауынша, нысанаға әскери өндіріс орындары, отын-энергетика нысандары, сондай-ақ Днепропетровск, Полтава, Черкассы, Чернигов және Киев облыстарындағы әскери инфрақұрылым алынған.
Киев қалалық әскери әкімшілігі басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, ел астанасында 10 адам қаза тауып, 46 адам жараланған, олардың бесеуі – балалар. Жиырмадан астам жерде құтқарушылар жұмысы жалғасып жатыр. Дарницк және Подольск аудандарында көпқабатты тұрғын үйлерге зымыран түскен. Барлығы 15 тұрғын үй бүлінген немесе қираған. Подольск ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің бесінші мен тоғызыншы қабаттары опырылып, үйінді астында адамдар қалған болуы мүмкін.
Киев облысында бір адам қаза тауып, 15 адам жараланған. Зардап шеккендер арасында тоғыз айлық сәби де бар. Облыстық әскери әкімшілік жараланғандар саны әлі де артуы мүмкін дейді. Буча ауданындағы Вишневое қаласында шабуылдан кейін кей бағыттарда пойыз қозғалысына уақытша өзгеріс енгізілген.
Одесса облысында да Ресей әскері гараж кешендеріне соққы жасап, өрт шықты. Сонымен қатар жеке тұрғын үй зақымданып, бір адам жараланған.
Украина әуе күштері түн ішінде Ресей ұшырған 68 зымыранның 38-і мен 351 дронның 326-сы атып түсірілгенін немесе радиоэлектрондық құралдар көмегімен залалсыздандырылғанын хабарлады. Бұл деректерді тәуелсіз дерек көздерінен растау мүмкін болмай отыр. Бұған дейін, 2 шілдеге қараған түні Ресейдің Киевке жасаған жаппай шабуылынан 31 адам қаза тауып, 100-ден астам адам зардап шеккен еді.